Home » Білім және өнер » Мектеп тренері болып қалыптасу жолында

Мектеп тренері болып қалыптасу жолында

14269873_1753988341540878_1217258535_n

«Ұстаз болу жүректің ақындығы….» деп ақындар жырлағандай ұстаз болу биік те мәртебелі мамандық. Әлем жылдам өзгеруде. Әлемнің жылдам өзгерісіне ілесе отырып заман көшінен қалмай қазақa баласына жаңа мазмұнды білім беру басты міндетіміз екені белгілі. Ендеше, жаңа өмірге жаңаша әрекет етуге, басқаруға, шешім қабылдауға білікті мұғалім, жоғары кәсіби тұлға ретінде моральдық беделімізге сүйене отырып оқыту мен оқуды тәжірибемізге енгізуге тиіспіз.

Сол себепті бірінші деңгей бағдарламасын оқып үйренгеннен кейін оқыту және оқуды басқару тәсілдерімді де өзгерте бастадым. Бірінші деңгей өзінің мазмұнды сұрақтарды төменгі ретпен қою арқылы құрылымдай отыратын тәсілге негізделген. Неліктен? Қалай? Не істеуіміз керек? деген сұрақтарды алға тартады. Неліктен біз оқу мақсаттарымызды өзгертуіміз керек? Оны қалай істейміз? Ол үшін не істеу керек? Осы сұрақтарды қою арқылы өз мектебімде біршама өзгерістерді енгіздім деп ойлаймын. Әріптестерімнің жаңа идеялардың тиімділігін игергенде оқушыларымның да  жаңа ғасыр дағдыларын меңгерген сипаттамасын көргім келеді. Сол себепті екі жыл бойы мектептің  әлеуетін арттыратын көшбасшы ретінде мектеп  басқарудың жаңа жолдарын,  жаңа идеяларын меңгеру барысында жұмысты жаңаша  ізгілендіру жолында міндетіме сай тиісті жұмыстарды атқарудамын.

Мектеп тренерлігінің курсына шақыру алғанда осы сұрақтар төңірегіндегі түйінді мәселелерді шешуге бағытталған мектепке әлі де нақты қажетті өзгерістерді енгізетін, кәсібилікті дамытатын оқу деп ойладым. Мектептегі өзгерту үдерісін басқарғанда бірінші деңгей бағдарламасы бойынша теориялық білімді кеңінен алғандығымды түсіндім. Себебі, мектепке алғаш барғанда әріптестеріме кәсіби дағдыны қалыптастыру өте қиынға соқты. Ұзақ дайындық, ғаламтор көздерінен іздену, жеті модуль әдіс-тәсілдерін саралау, мектептің даму жоспарын практикамен ұштастырып құру көптеген қиыншылықтар тудырды. Ал осы тренерлік курста бірінші бетпе-бетте алған теориялық білімімізді нақты практикамен жалғастырып жатырмыз деп пайымдадым. Алғашқы күннен бастап «мектеп тренері кім?» деген сұраққа жауап бере бастадық. Постер құрастырдық. Тобым өте белсенді, білімді, шығармашыл топ болып кездесті. Құрастырған постеріміз бірінші болып «эталон» деңгейіне жеткенде балаша мәз болдық. Яғни, мектептің тренері деген ұғымның өзімізше пайымдауымыз сәл де болса мақсат-міндетіне жуықтағанына қуандық. Кейбір әріптестер тарапынан: «мынау деңгейлік бағдарламаға қайталау сияқты» деген пікірлер айтылып жатты. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Себебі, курста өткізілетін сабақтардың дайын жоспары жасалып оны қалай, қандай әдіспен өткізу тиімді екендігін үйрендік. Әрбір топтың өткізген бір сабағынан бірнеше дағды қалыптастырып, нақты білімді өз іс-әрекеттеріміз арқылы жасадық. Топқа бөлудің өзі бір-біріне ұқсамайтын түрліше әдіс-тәсілдермен өтті. Сергіту сәттерінің әр сәті ерекше қимыл-қозғалысты үйретті. Сабақтың әр кезеңінде қолданылатын әдіс-тәсілдер болашақ мектеп тренерлерінің ойлау, шығармашылық, іскерлік білімі мен біліктіліктерін көрсете білді. Әр тренерден әртүрлі дағды мен әдіс-тәсілдерін үйрене отырып педагогикалық тәжірибемді толықтырдым. Курстан кейін мектепке барғанда әріптестерімнің кәсіби деңгейлерін көтеруге және әр баланың ой-өрісін жетілдіретін технологияның түрлі әдіс-тәсілдерін топпен жұмыс, жұппен жұмыс, сын тұрғысында ойлау, диалогтық оқыту және тағы басқа  технологиялардың  ерекшеліктерін тренингтер арқылы үйретемін деп ойлаймын. 7 модульді әр сабаққа ықпалдастыра отырып құруды SMART арқылы нақты, қолжетімді, шынайы  жоспарлау негізінде өзгертулер енгізу керек екендігін аңғардым. Сабақ жоспарының балаға бағытталып БЛУМ жүйесімен жүйелі түрде қайта құрылып, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарларға қайта түзетулер енгізу керек екендігін түсіндім.

Сонымен қатар, оқушыны зерттей отырып, сабақтағы әдіс-тәсілдерді жетілдіретін Lesson stadu әдісін өз практикама қаншалықты енгіздім десем де кездесетін мектепішілік қиындықтарды жеңуге болатын тиісті қадамдар жасау әрекеттерін меңгердім деп есептеймін.

«Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деп ұлы Абай атамыз айтқандай  болашақта осы курстан алған білімімді мектебімде жүзеге асыра аламын деп ойлаймын. XXI ғасырда талап етілетін дағдылардың мәнін түсіне біліп, шешімдер мен іс-әрекеттерді ұйымдастыра білетін мектеп тренері болатындығыма сенемін.

Алдағы уақытта осы курстан алған біліммен қатар түрлі нұсқаулықтар мен әртүрлі кеңестер,  ресурстар көмекке келеді деп болжаймын. Осы орайда курстың тренері Сағадиева Кенжегүл Биахметқызына алғысым шексіз. Өзінің терең білімімен қатар іскерлігімен, жан-жақты ізденісімен бізге өз бетімізше білім алуымызға толық жағдай жасап, ынтымақтастық орта құра білгенін көрдім.  Әр әріптесіме сәттілік тілеймін!

Мирамкул ТАСҚАЛИЕВА

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.