Шымкент қаласы №5 жалпы орта мектебі 1936 жылы Чимкент қорғасын зауытының жұмысшыларының балаларын оқыту үшін қазақ мектеп-интернаты ретінде салынды. 1938 жылы Бүкілодақтық старостасының сапарынан кейін зауытқа берілген М.И.Калининнің аты мектепке де берілді.
Ұлы Отан соғыс жылдарында (1941-1945жж.) Чимкент қаласында жүздеген азаматтар қоныс аударды. Қаланың көптеген мектептерінде әскери ауруханалар, әскери бөлімдер орналастырды, ал біздің мектеп барлық қала аудандардың оқушыларын оқытты.
Соғыс жылдарында мектеп оқушылары төрт ауысымда оқыды. Оқушылар ауруханаға, зауытқа және егіншілерге қолдан келген көмектерін көрсетті. Осы жылдары мектеп білім беру мекемесіне айналды.
1948-1954 жылдары мектепте тек қыздар ғана оқыды. Ал 1954 жылдан бастап осы мектепте әр түрлі ұлт өкілдерінің балалары білім нәрімен сусындады. Жүздеген мектеп шәкірттері әр жылдары қаланың экономикасын дамытуға және оның көріктенуіне үлесін қосты. Б.А.Рузанов, Б.Ф.Үркімбаев,М.Сейтжанов секілді мектеп туын жоғары көтерген түлектерінің есімдерін бұл күндері зор мақтанышпен айта аламыз.
Шымкент қаласы М.И. Калинин атындағы №5 орта мектеп Қазақстан Республикасы Үкіметінің 7 сәуір 2000 жылғы қаулысы бойынша Молда Мұса атындағы №5 жалпы орта мектебіне ауыстырылды.
Молда Мұса (шын аты Мұсабек Байзақов) қазіргі Түркістан облысының Шоқтас деген жерде 1849 жылы туған. Әкесі Байзақ сөзге шешен, елге беделді, ауқатты адам болған. Бірақ талапты жас әкім болып ел билеуді немесе кәсіп іздеп мал жинауды қызық етпей, өнерпаздық жолын қалайды. Сөйтіп замандастары Мәделі қожа, Майлы қожа, Құлыншақ сияқты ақындардың үлгісін өзіне өнеге тұтып, ақындық жолын қуған. Болашақ ақын әуелі әкесі ұстаған молдадан хат таниды, кейін өсе келе Қарнақ қыстағындағы молда Қозы деген кісі ашқан дін мектебіне түсіп оқиды. Бірақ, ол дін оқуын қанағат тұтпай, кетіп қалады да, өз бетінше білім алуға кіріседі. Шағатай, араб, парсы, түрік тілдес туысқан елдерінің әдебиетімен танысады, олардан үлгі алады.
Молда Мұсаның шығармалары ел аузына көп тарап, ақын атағы кеңінен жайылса да, соңғы жылдарға дейін оның шығармашылығына арналған мақалалар, зерттеулер болмай келеді.Мұса молда жөнінде ең алғаш қалам тартып, мақала жазған Өтебай Тұрманжанов. Кейінірек М.О.Әуезов өзінің алтыншы класқа арналған хрестоматиясында Молда Мұсаға жеке тарау беріп, ақынның еңбегін өте дұрыс бағалады: «Молда Мұса өз уақытына қарағанда оқымысты адам деп саналған. Ол араб, парсы, шағатай әдебиеттерін тарихтан жақсы білген. Қазақ қырғыз, басқа Орта Азия халқының ескілігінде де қанықты жетік болған. Өзі көптің арасынан шығып, сол көпке сүйеніп, тіршілік етіп жүрген соң Мұса өлеңнің тілін жұртқа ұғымды етіп айтады. Қартайған күйінде де біздің заманға жетіп,еңбекші бағытын бағып, мұрат етіп алды да, бұрынғысынан көп өзгереді. Нағыз совет бағытындағы өлеңдері айтарлық күш, серпін табады. Өзі бұқара ортасынан шығып, заман желімен ығып бай кілеміне түсіп кеткен ақын, енді бұқара мүддесін танып, оған ниетін қосады».
Молда Мұса өлеңдерінің ішінен махаббат, табиғат лирикаларын, әлеуметтік мәні зор толғауларды, көптеген мысалдар мен айтыс жырларын да кездестіруге болды. Ақынның атақты Манат қызы айтысы ел арасына мол тараған. Молда Мұса совет тұсында да едәуір өмір сүріп, халықтар достығы, Отан қорғау, социалистік өзгерістер жөнінде біраз шығармалар жазған. Ақын 1932 жылы 83 жасында қайтыс болған.
2005 жылы желтоқан айында мектеп шәкірті, Ауған соғысына қатысқан жауынгер Бородай Михайлға интернационалдық борышын өтегені үшін мектепте ескерткіш тақтасы орнатылды.
2012 жылы үш қабатты, 600 орынды, кең әрі жарық, заман талабына сай жаңа ғимарат ескірген, «аварийный» деп табылған мектептің орнында салынды.Сол жылы ,яғни 2012 жылдың 1 қыркүйек айында жаңа білім ордасына шәкірттеріміз қадам басты. Ашылу салтанатында облыс әкімі А.Мырзахметов сөз сөйлеп,қалалық білім бөлімінің басшылары мен мектеп директоры К.С.Мамадьярова оқушыларға құтты қадам тіледі.Сол жылы мектепте 1-ші қазақ сыныбы ашылды.
2016 жылы мектептің 80-жылдығы аталып өтілді.Мектептің мерекесі қарсаңында көптеген іс – шаралар аталып өтті.Сонымен қатар мектебімізде ашылған би үйірмесі өз өнерлерін ортаға салды.
Молда Мұса атындағы № 5 жалпы орта мектепте 2017 жылдың 18 ақпан күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, ТМД-ның 25 жылдығы және мектебіміздің 80 жылдығына орай «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы аясында кешенді тарихи –өлкетану мұражайының салтанатты ашылу рәсімі өткізілді.
Мектеп мұражайының қоғамдық бастауы, Қазақстандағы мәдени және тарихи ескерткіштердің жиынтығы болып табылады. Мұражайдың басты мақсаты-тарихи зерттеулер, экспонаттарды жинау және сақтау арқылы оқушыларды өз Отанын, туған өлкені сүюге, халқымыздың дәстүрі мен мәдениетін сақтай білуге тәрбиелеу.
Мұражайдың ашылуына еліміздің құрметті азаматы, Нұр Отан ХДП мүшесі, облыстық мәслихат депутаты, «Тур-Ахмет и Компания» ЖШС директоры, мектебіміздің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ахметов Дәурен Шәкірбайұлы өз үлесін қосты. Ол мектеп ұжымы мен оқушыларды мұражайдың ашылу рәсімімен шын жүректен құттықтай отырып, ашылу салтанатының лентасын кесті. Мұражайдың тіркеу кітабына естелік қолтаңбасын қалдырды.
2018 жылы мектепте «кадет»-«Жас сарбаз» сыныбы ашылды. Шымкент Республикалық әскери мектебімен меморандумға екі жақтан қол қойылды. Оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру,патриоттық сезімін ояту — әр ұстаздың ел болашағын тәрбиелеудегі мақсаты.
Молда Мұса атындағы №5 жалпы орта мектеп «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында жаңа оқу жылының жылдағы дәстүрі бойынша Қазақстан халықтарының Тілдер күнін,5 қыркүйектен бастап мерекелік іс – шаралармен атап өтті.Жыл сайын Тілдер мерекесі қыркүйек айының үшінші аптасында тойланса,биылғы 2018 – 2019 жаңа оқу жылында аталмыш мереке 5 қыркүйектен бастап тойланды.Іс – шара барысында оқушыларға ұлттың ұлы ұстазы,тілші – ғалым, аудармашы,ақын,ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 146 жыл мерей тойына арналғаны тілге тиек етілді. Өткен жылы «ҚР Премьр министрінің қаулысымен 5 қыркүйек ,яғни Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – Қазақстан халықтарының Тілдер күні болып бекітілді.Ахаңның біраз құжаттарын ақтардық,бұрын Ахаң 1873 жылы дүниеге келді деп келген. Архивтерді ақтарғанда Ахаңнаң өз қолымен жазған үш құжат табылды, үшеуінде де Ахаң 1872 жылы 5 қыркүйек өмір есігін аштым» — деп жазған.Осыған байланысты мектептегі оқулықтардың барлығы түзетіліп жатыр.Келесі жылдан бастап 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдерінің күні болып аталып өтетін болады».Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл — қазына» ұлттық ғылыми – практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тлешов, 2017 жылы Астанада өткен баспасөз мәслихатында берген мәлімдемесі.
Мерекелік іс – шараны мектеп директоры Мамадьярова Куляш Сейтбекқызы: «Рухани жаңғыру»,«Мәңгілік Ел»,«Туған жер»бағдарламасын жүзеге асыру,Ахмет Байтұрсынұлының ерен еңбегі туралы насихат айтып,Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев:«Өмір бойы білім алу–әр Қазақстандықтың өмірлік кредосына айналуы қажет!» — деп керемет салиқалы ой тастады.Әрине, білімді қай жерде жүрсек те алған дұрыс, себебі, «білім–инемен құдық қазғандай» деген қағидаға ерекше мән беру керек.Білімді адам кез келген ортада өз ойын ашық түрде ортаға сала алады,яғни елін де жерін де көркейтуге өз үлесін қоса алады деп ортаға тартымды ой салды.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Дауға салса – алмастай қиған,сезімге салса – қырандай қалқыған,ойға салса – қорғасындай балқыған,өмірдің кез келген орайында әрі қару,әрі қалқан,әрі байырғы,әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен ?! »,не деген ұшқыр ой десеңізші ?! Білім ошағында оқу – тәрбие жұмысын жандандыруда ұстаздарымыз аянбай еңбектенуде.Пән бірлестік жетекшілері түзілген жоспар бойынша қазақ – орыс сыныптарына ашық сабақтар, Ахмет Байтұрсынұлының өмірдерегін,сыныптан тыс іс – шараларды үш тілде өткізді.
«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын жүзеге асыру барысында мектеп мұғалімдерінің жүргізген жұмыстары — көшбасшылық қасиеттері дамыған, білімді, мәдениетаралық ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл жасауға қабілетті, өз халқының тағдыры үшін жауапкершілікті сезінетін тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» қоғамды рухани жаңғыртудың ауқымды идеялары- Қазақстан Республикасының жаңартылған білім беру мазмұнына көшудің негізі.
Білім ордасында жаңартылған білім беру мазмұны аясында критериалды бағалау жүйесіне көшу қарастырылған. Бағалаудың жаңа жүйесі білім алушылардың өз әрекетін бақылау және бағалай білу, туындайтын қиындықтардың себептерін анықтау және жоя білу қабілетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мектепте білім алушылардың оқу жетістігін бағалауда қалыптастырушы және жиынтық бағалау жүйесі дұрыс жолға қойылған.
Кезең –кезеңмен үш тілді оқыту бағдарламасы аясында химия, биология, физика, информатика пән мұғалімдері CLIL әдісі бойынша ағылшын тілін 100 %меңгеріп, В2 сертификатына ие болды. Жаратылыстану пәндерінен мұғалімдер сабақты ағылшын тілінде жүргізеді. Сонымен қоса оқушылардың қызығушылығына қарай мектепте француз және неміс тілдері үйретілуде.
Мектепте орыс сыныптарында Қазақстан тарихы қазақ тілінде, қазақ сыныптарында дүниежүзі тарихы пәндерін орыс тілінде жүргізу эксперимент жасалуда.
Мектептің бес күндік оқыту аптасына көшірілуі, үй тапсырмасын дайындау уақытын ескере отырып, тапсырманың көлемі қысқартылуы оқушылардың түрлі спорттық үйірмелеріне белсене қатысып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және бос уақыттарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Биылғы оқу жылында мектебімізде кадет сыныбы ашылды. Кадет сыныбының ашылуы оқушыларға азаматтық, патриоттық тәрбие беріп, олардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға жол ашады.
Мектеп мұражайында оқушылардың рухани дамуына, азаматтық патриоттық ұстанымдарын қалыптастыруға бағытталған көптеген шығармашылық іс-шаралар өткізіледі.
Мектеп бітірушілеріне қорытынды аттестаттау, ҰБТ, ОЖСБ ,PISA, TIMSS деректерін беру жоғары ойлау деңгейіндегі дағдыларын меңгерту үшін дайындық жұмыстары жүргізіледі.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтып өткендей « Бүгінгідей жаһандану жағдайында мемлекет пен адам озық бәсекеге сай болуы үшін, ең бірінші білім мен ғылым өркендеуі қажет». Сондықтан дамып жатқан мемлекетіміздің білім саласының өркендеуіне өз үлесімізді қосуға түгелдей атсалысуымыз қажет.
Мектебімізде Ел болашағын тәрбиелеуде ұстаздар өз ойын еркін жеткізе алатын шәкірттерін білім нәрімен сусындатуда.
Утегенова Эльмира Еркинбековна,
Молда Мұса атындағы №5 жалпы білім
беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің жоғары санатты мұғалімі
Шымкент қаласы