Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында құндылықты негізге алса, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрген ұстаздан қасиетті өнерімізді жалғастырушы шәкірт озды деген осы болар. Бұлай дегеніміздің себебі, бүгінде 2017 жылдың 17 қарашасында Астана қаласы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп оқушысы Бердібек Шыңғысханның жасы небәрі 14-те болса да, өнер жолында бойындағы талантымен өміріндегі ең алғашқы маңызды есеп беру шығармашылық кешін өткізді.
Күмбірлеген домбыра үнімен үндескен жас жүрек» деп аталған мерекелік кеш мектеп басшылығы мен жетекші әрі өнердегі ұстазы Сапар Ахметжанұлының қолдауымен Шыңғысханды замандастарының алдында үлгі етіп, ата-анасы мен туыстарының қатысуымен ұйымдастырылды. Әрине, мұндай авторлық кешті өткізудің өзі кейіпкердің дәрежесінің биіктігін білдіреді. Бұған дәлел – киелі сахна алдында қаптап тұрған диплом мен алғыс хат, сертификаттардың жарқырауы. Сайып келгенде, қазақ жастарын ұлттық өнерге баулып, ұрпағымыздың бойына сіңіріп, жетелеп жүрген ұстаздың ерен еңбегі өлшеусіз.
Күй десе, ең алдымен Құрманғазы, Тәттімбет, Кетбұға тағы да басқа күйшілерімізді, олардың орындаған күйлерін атай жөнелеміз. Себебі, дәл осы күйшілер өз заманында күй өнерінің жілігін шағып, майын ішкен десек қателеспейміз. Сол ғасырдан бүгінге дейін күй өнерінің ұмытылмай келе жатқаны елім, жерім деген ұлт жанашыры Сапар Ахметжанұлындай үлкендеріміздің арқасы. Бірақ та, ұмытылмастың қамы үшін дегеннен өзімізге тән өнеріміздің әлі де болса жанданып жаңғыруына баспай жатқандай. Бұған себеп, киелі домбыра, күмбірлеген күйдің насихатталуының әлсіздігі ме, әлде өскелең ұрпақтың ұлттық өнерге қызығушылығының жоқтығы ма? Осы сынды көкейкесті сұрақтардың арқауы ретінде қазір Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы оқушыларынан құралған ұлт-аспаптар оркестрінің құрылуы көңілге қуаныш сыйлайды. Жетекшісі – Қостанай облысы, Амангелді ауданының тумасы – Сапар Ахметжанұлы. Бұл кісінің елеулі еңбегі, атақ-даңқы 50 жылдағы еңбегінің арқасы. Осы жылдың ішінде Республикамызға еңбегі сіңген бірқатар әртістеріміздің талантын шыңдауға зор үлес қосқан. Соның бірі – бүгінгі басты кейіпкеріміз, өнерсүйгіш Сапар Ахметжанұлының ізбасары – Бердібек Шыңғысхан. Бұл – қос ұлт өнері жанашырларының мәдениет саласына келген кезі осы сегізінші сыныптан бастау алғандығында бір мән бар-ау!
Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының директоры Сыздықова Базаркүл Сағындыққызы: «Бұл өзі киелі қара шаңырақ. Биыл 110 жылдығымызды тойладық. Сондықтан мектебімізбен мақтанамыз, қуанамыз. Мектебімізде керемет, жаңа өздеріңіз көріп отырғандай, өнерлі балалар бар. Сол балалардың әрқайсысының өнерін осылай паш етуге еңбек етеміз. Неге? Өйткені ол – өсіп келе жатқан біздің келешегіміз. Болашағымыз. Өнерімен, білімімен жарқыраған осындай шәкірттеріміз үшін қызмет етіп жатырмыз қазіргі таңда. Мысалы, жақында ақын Жанболат баламыздың кешін ұйымдастырдық. Одан кейін, Алмас баламыз – дәстүрлі әнші, эстрадада ән айтады. Оны ұйымдастырдық. Одан кейін бүгінгі мына Шыңғысхан баламыздың күмбірлеген домбырасымен күй орындау кешін көріп отырсыздар. Шыңғысхан деген бала өзі салмақты да өнерге берілген бала. Түр-әлпетінен көрініп тұр. Сабағы да өте жақсы. Сондықтан болашақта үлкен үміт күтеміз».
Сапар Ахметжанұлы Шыңғысханды 6 жылдан бері өнерге баулып, өнерін шыңдап келеді. Бүгінде Астана қаласы әкімдігінің №3 Балалар музыка мектебінде соңғы бесінші жыл оқуын тәмамдамақ. Шыңғысханның мақсаты – музыка мектебін қызыл аттестатпен бітіріп академияға түсу.
Бердібек Шыңғысханның әкесі: «Кішкентай кезінен бастап домбыра алып, анау домбыраның шегіне саусағы жетпейтін, содан бастап осы дәрежеге жеткізген – Сапар ағайдың еңбегі. Бұл алғашқы кеш. Құдай қаласа келешекте тағы да болады деген ойдамыз. Балам осы өнер саласын өзі таңдап отыр. Енді, әйтеуір, Алла өзі жарылқасын» — деп тілек арнады.
Мұстафина Жансая Алибекқызы
Білім айнасы
Астана қаласы