Бүгінгі таңда мектептің басты мақсаты — білімді, мәдениетті, шығармашылық, белсенді және азаматтық құндылықтары толысқан тұлға қалыптастыру. Ол үшін педагогиканың, психологияның және психофизиологияның жалпы заңдарын біріктіре, үйлестіре қолдануға тура келеді, себебі, оқытудың психологиялық негіздерін білу әрбір оқушының таным деңгейін дұрыс саралауға да көмектеседі. Оқушыны жеке тұлға ретінде жан-жақты зерттей білу оның даму бағытын айқындаудың басты шарты – қазіргі психологиялық қызмет жүйесіндегі оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар деп саналатын санаттарды қамти отырып, оқу-тәрбие үрдісін жақсартуға үлес қосу.
Мектептегі психологиялық қызметтің негізгі мақсаты жеке тұлғаның ой-өрісімен, біліктілігі, логикалық ойлау қабілетінің дұрыс дамуымен қалыптасуына, жеке тұлғаның дарындылық — шығармашылық мүмкіндіктерінің толықтай ашылуына көмектесу, олардың психикалық дамуындағы ауытқушылықты болдырмаудың жолдарын іздестіру, жеке тұлға ерекшеліктерін ескеріп, жан-жақты терең зерттеу болып табылады.
Егер адамның тумасынан бір салаға қабілеті бар болып, ол уақытында ашылмаса, оның бұл қабілеті дамымай қалады. Жеке тұлғаның қалыптасып дамуы үздіксіз сипатта болатыны мәлім. Оның жүзеге асуы тек сабақ жүйесі ғана емес, сабақтан тыс жүргізілетін әр түрлі әрекеттерімен ұштасады. Мектеп жасына дейінгілердің көбірек шұғылданатыны –ойын әрекеті. Ойын арқылы балалармен қарым-қатынас жасайды, алғашқы білім дағдыларына бой береді. Ал, мектепке барысымен ол ұқыптылық пен зейінділікті талап ететін жүйелі оқу, еңбектену іс-әрекетін меңгеретін болады. Осындай елеулі өзгерістерде қиналмай іс-әрекет жасай білуі үшін 5-6 жасар баланың кәдімгідей дайындығы болуы тиіс.
Балаларды жүйелі оқытуға дайындауда әлеуметтік жетілгендіктің, яғни баланың ұжымда жұмыс істей алуы, құрбыларымен қарым-қатынасы, басқа балалардың пікірімен санасуы т.б аз емес. Қазіргі уақытта көптеген мектептерде мектепке қабылдау алдында балаларға психологиялық тексеру жүргізіледі. Бір жағдайда бұл белгілі бір мамандықтарға үйрету немесе арнайы (математикалық, тілдік, эстетикалық) бағытта салу критерийлері бойынша сай келетін дайындығы жоғары балаларды іріктеп алу үшін жасалса, басқа жағдайда балаларды оқытуға әр түрлі деңгейлі сыныптарға бөлу үшін жасалады. Яғни әр түрлі жағдайда балалардың мектепке даярлық деңгейін анықтауда әр түрлі психологиялық тестілеу қолданылады. Тестілеу балаларды оқыту немесе диагностикалау үшін ғана емес, тәрбиешілер мен ата-аналарға балаларды мектепке даярлау үшін де қолданылады. Бала айналадағы құбылыстардың ең маңыздысын бөліп ала білуі керек, оларды салыстыра, дұрыс ойлай білуі, қорытынды жасай алуы қажет. Міне осындай жағдайды анықтау барысында мектепалды даярлық тобына келген балалармен «Векслер тесті» жүргізілді.
Төменгі сынып оқушыларының қызығушылық бағытын зерттеу кезінде олардың осы жастағы қызығушылығы тұрақсыз болатындығына байланысты әр түрлі дамыту жұмыстары жүргізіледі.
Мектептегі оқу үрдісін нормаға сай қалыптастыруда, бастауыш сынып оқушыларының оқу мотивациясын дамытуға, баланың білімді, шығармашылық мүмкіндіктерінің дамуын қалыптастыруда «Зейін тапсырма», «Пікірталас», «Басқа планетадан келген адам», «Қабылдау және көз мөлшері», «Іздеу», «Жағдаяттар шешу», «Өзгерісті тап» жаттығуларын орындауға болады.
Мектеп оқушыларына орта буыннан бастап сырттай жалпы бақылау жүрізіледі. Бұл оқушыға бағдар таңдауға келгенде көмегін тигізеді. Сыныптарға оқушы қабылдағанда оқушының білім деңгейін анықтайтын пәндік тестілермен қатар психологиялық сараптау өткізеді. Жеке тұлғаның қабілеттілігін анықтау мақсатында қолданылатын «Интелектуалдық портрет» әдістемесі балалардың ойлау қабілеті туралы толық мағұлмат бере алады.
Баланың белгілі бір іс-әрекетке белсенділігі, қызығушылығы, бейімділігі жас кезінен байқалады. Ал күнделікті өмірде қабілетті баланы қалай анықтауға болады? Жаңа адамды, болашақ қоғам адамын рухани зияткерлік жағынан дамыта тәрбиелеу-бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бір тест жүргізіп оқушы бағыты анықталды деу мүмкін емес, сондықтан біз оқушыларға 3-4 бағытта тест жүргізіп, салыстырып, анықтаймыз. Мысалы «Қызығушылық картасы» (А.Е.Голомшток) әдістемесі, «Кәсіби бейімділікті анықтау» (А.И.Савенков) әдістемелері жеке тұлғаның саласын анықтауда көп көмегін тигізеді.
Ал қазіргі таңда 9-сынып бітірген жасөспірімнің алдында өзінің болашақ жолын таңдау, яғни, бағдарын таңдау мәселесі тұрады. Осы кезде жасөспірім мен мектеп алдында үлкен мәселе: әр жеке тұлғаның даму аймағын анықтау және дәлелдеу тұрады.
Жеке тұлғаның кәсіби бағдарын таңдауда көптеген қиындықтар кездесіп отырады, оларды анықтау және қиындықтарын шешу мектеп психологтарының міндеті деп ойлаймын. Жеке тұлғаны психологиялық дамыту арқылы біз тұлғаның ашылуына жол сілтейміз. Мектепте оқушыға кәсіби бағдар берудің бірнеше сатылы жүйесі құрылған:
1.Оқушыларға сауалнама жүргізу;
2.Оқушылармен тест жинақтарын өткізу. Оны мониторингтеу;
3.Оқушылардың кәсіби бағытталуы туралы мәлімет баланкін жинақтау;
4.Оқушыларға кәсіби түсініктеме жинақтау;
А) Мамандармен кездесу;
Ә) Мамандықтар картасын жасау;
В) «Әзір бол» әдістемесі
Г) Ата-аналармен кеңес беру;
Д) Жұмыс орындарына экскурсия;
Е) Психологиялық тренингтер;
5.Оқушы портфолиосымен жұмыс;
6.Оқушының өзіндік таңдауына психологиялық-педагогикалық демеу жасау. Дамытушы орта жасау.
Оқушы қай бағытқа икемді екендігін анықтап, сол сала бойынша әзірлік қажет екендігі айтылады және жұмыс 10-11 сыныптарда ары қарай жалғастырылады.
Бала жанын түсініп, баланың табиғатын толық анықтау-үлкен өнер.
Оқушылармен жұмыс барысында мұғалім деп оқушылардың қыр-сырын меңгерген ұстазды айтады. Бұл қасиет оның жеке басының ерекшеліктері мен білім дәрежесі, мақсаттылығы, сөйлеу шеберлігі, ой қорыту жоғарылығы, оқу бағдарламасын қажетіне қарай өзгерте білуі, ғылыми тілмен сөйлеу мәдениеттілігі, ата-анамен байланыс жасап, кеңес беруінен көрінеді. Біздің мектебімізде де осындай көрсеткіш көрсетіп жүрген мұғалімдер аз емес. Сөзімді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Болашаққа еңбек етіп өмір сүретін –бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады, яғни тәрбиенің түпкі мақсаты-қоғамның нарықтық қарым-қатынасқа көшу кезінде саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарында жаңіп шыға алатын, ізгілігімен ХХІ ғасырды құрушы, іскер, өмірге икемделген жан-жақты мәдениетті жеке тұлға тәрбиелеп қалыптастыру» деген тұжырымдаманы ұсынғым келеді.
Соңғы кезде көптеген ата-аналарды, ұстаздарды балаларының оқу әрекетіндегі үлгермейшілігі ғана емес, олардың бойындағы эмоциональды тұрғыдағы түрлі тәртіп ерекшеліктерінің көрініс беруі алаңдатады. Осындай жағдайлар кейде когнитивті бұзылуларды тудырып, баладағы неврологиялық ауытқушылықтар арқылы көрініс беріп, ата-ана баланы мектептен мектепкеауыстырып, тіпті үй жағдайында оқытуға дейін барады.
Баланың дені сау, бірақ ол қоршаған ортадағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай алмайды, құрбыларының арасында өзінің мінез-құлқын бақылау қабілеті төмен немесе бала өшпенді. Бұл немен байланысты? Оны түзетуе болады ма?
Бұл сұрақтар ата-аналар мен мұғалімдерге маза бермей, олар психологтардан көмек сұрауға мәжбүр болады. Мектеп психологтары оқушыларда көрініс беретін мұндай қиыншылықтарды шұғыл түрде коррекциялық жұмыстар арқылы түзетуге қабілетті болуы керек. «Коррекция» -латын тілінен аударғанда «түзету» деген мағынаны білдіреді. Ол тұлғаның қалыптасуына белсенді түрде психологиялық әдіс-тәсілдер арқылы ықпал етіп, білім беру мен тәрбиенің тиімді, дәстүрлі емес әдістерін қолданып, оқушылардың психикасындағы кемшіліктерді түзету. Коррекциялық жұмыстарда көбінесе әсері мол жаттығулар –олар топтық психокоррекциялық жаттығулар. Топтық психокоррекциялық жаттығулар ойын, арттерапия әдістерімен, денеге бағдарланған психокоррекция, рольдік ойындар арқылы жүргізіледі.
Топтық коррекция-адамдарға әлеуметтік ортада қарым-қатынас жасаудың тиімді формасы, топтық қарым-қатынас жасау арқылы адамдардың түрлі қиыншылықтарын табиғи жағдайда шешуге көмектесуге болады. Топтық психокоррекция адамдардың бір-біріне көмегі мен түсінігін дамытып, топ мүшелерінің коммуникативтік қасиеттерін, олардың түрлі қиыншылықтарды өз бетімен шеше алуына, өздерінің және өзгелердің мүмкіндіктерін дұрыс бағалай білуіне, адамның эмоциональды-еріктік сапаларын қалыптастырып, өзінің алдына мақсат қоя отыра, оны орындауға деген талпыныстарын дамытады.
Мәселен, баланың ұялуы, жасқануы, оның сабақта, сабақтан тыс қарым-қатынастарға түсудегі ішкі қиналыстары, эмоциональды қиыншылықтары адамның денесін еркін ұстай алмай, өз ойын дұрыс жеткізе алмауына әкеліп соғады. Баланың сабақ айту алдындағы ішкі қиыншылықтары , тақтаға шығар алдындағы қобалжулары т.б балада тіпті соматикалық аурулардың пайда болуына әкеліп соқтыруы мүмкін: жүрек соғысының жиілеуі, басының ауруы, құлағының шыңылдауы, қолының, дауысының дірілдеуі т.б. Сондықтан да психолог оқушының бұлшық еттерін босатып, өз денесін еркін басқара алуы үшін түрлі мазмұндағы коррекциялық жаттығулар жүргізуіне болады. Мысалы «Арқадағы сурет» бұл коррекциялық жаттығу «Бұзылған телефон» ойынына өте ұқсас, тек онда әрбір адамның ойлаған сөзі айтылмайды, қағаз бетіне түсіріледі, екі адамнан шығып, бірі-бірінің арқасына қағазды қойып сөз жазады, ал екінші адам сол сөзді табуы керек және өзінің ішкі жан дүниесінің сезіну ерекшелігін түсінуі керек.
Адамның дене қимылдарының еркіндігін дамытуда би әдістерін қолданудың маңызы зор. Топтық би, гимнастикалық жаттығулар, ритмиканың түрлері топ мүшелерінің бірі-біріне деген эмоциональды қарым-қатынастарының қалыптасуына, адамдарда көрініс беретін ішкі реніш, мазасыздану сезімдерін жоюға үлкен көмегін тигізеді. Мысалы: «Мен билеймін» деп аталатын коорекциялық жаттығуда белгілі бір жеңіл әуеннің ырғағымен бір оқушыны ортаға шығарып, оның өз биін ойлап шығаруы сұралады, ал өзге қатысушылар оның биін қайталауы керек.
Бұл жаттығу адамдардың әуеннін ырғағы арқылы бірі-біріне деген эмоциональды қарым-қатынасының қалыптасуына, денесін сергітіп бұлшыұ еттерін босаңсуына, жан-дүниесін кернеген жағымсыз сезімдерін сыртқа шығаруына көмектеседі. Соңында топ мүшелерінің осы жаттығудан алған әсерлері сұралады.
Осы әдістермен қатар, психодрамманы, рольдік ойындарды қолданудың маңызы зор, яғни вербальды емес қарым-қатынас формаларын қолдану, мысалы «Айна» психокоррециялық ойынын қолдануға болады, топтың екі мүшесі бірі-біріне қарсы тұрып, түрлі қимылдар жасайды, ал келесі бір адам оның көлеңкесі сияқты оған еріп отырады және оны қайталайды.
Топтық коррекцияда адамдар бірін-бірін танып, өздерінің жетістіктері мен кемшіліктерін, мүмкіндіктерін көре біледі.
Бұл жаттығуларды тек оқушылармен ғана емес, мектептің мұғалімдерімен ғана емес, ата-аналармен де жүргізуге болады.
Коррекциялық жаттығулар қандай жағдайларда қолданылады:
1.Адамның эмоциональды дамуында өзгерістер байқалғанда;
2.Интелектілік дамуындағы ауытқушылықтар көрініс берген жағдайларда;
3.Балалар мен жасөспірімдердің мінез-құлқында келеңсіз жағдайлар орын алғанда;
4.Баланың когнитивті дамуының жеткіліксіздігіне байланысты;
- Баланың эмоциональды еріктік ерекшеліктерін жетілдіруге;
Коррекциялық жұмыстарды жүргізу үшін мектептегі психологиялық қызметте алдағы айтылған себептерге байланысты коррекциялық бағадарламалар дайындалуы керек, олар психолог-маманнан: білім, тәжірбие, шығармашылық ізденіс пен белсенділікті қажет етеді. Коррекциялық бағдарламалар жасау үшін психолог мынадай принциптерді басшылыққа алу керек.
- Психопрофилактикалық, психодиагностикалық және психокоррекциялық міндеттерді байланыстыра жүргізу принципі.
- Коррекциялық каузальдығын (себебін) бастапқы орынға қою принципі.
- Коррекцияның іс-әрекеттілік принципін сақтау.
- Клиенттің жас дамуы, психологиялық және даралық ерекшелігін есепке алу принципі.
- Психологиялық әсер ету әдістерінің кешенін дұрыс үйлестіру принципі.
- Коррекциялық бағдарламаға ортаны тарта білу принципі.
- Берілген тапсырмалардың көлемі мен жан-жақтылығын есепке алу принципі.
- Берілген материалдардың эмоцияға әсер ету деңгейін есепке алу принципі.
Мамырова Наргиз Бакытовна,
«Бірлесу-Еңбек» орта мектебінің психологы
Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Абрамова Г.С. Введение в практическую психологию Брест 1993
- Осипова А.А. Общфя психокоорекция 2007
3.Бонддаренко А.Ф. Психологическая помощь: теория и практика Киев 1997
- Исурина Г.Л. Методы и техники групповой психотерапии М. 1990
5.Кушембаев Р.К Психотехникалық жаттығулар және коррекциялық бағдарламалар. 1999ж