«Білім — адам баласының ортақ қазынасы».
Жүсіп Баласағұн
Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 13 наурыздағы № 99 бұйрығының 2-қосымшасы «Жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша республикалық олимпиадаларды ұйымдастыру және өткiзу» қағидасы негізінде Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының қолдауымен «Эрудит» интеллектуалды білім порталының ұйымдастыруымен Жүсіп Баласағұнның туғанына 1000 жыл толуына орай оқушылар арасында «Қазақ тілі» пәні бойынша қашықтықтан өткен Республикалық олимпиадаға біздің №133 негізгі орта мектептің үздік оқушылары да өз білімдерін сынап көруге белсене қатысқан болатын. «Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы», — дейді дана халқымыз. Қай мемлекеттің болсын ертеңi – бiлiмдi жастардың қолында. Алдыңғы толқын аға буынның орнын басар, ізін жалғастыратын кейінгі толқын жастар.
Заңғар жазушы М.Әуезовтің сөзімен айтар болсақ, «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім болмақ» десе, көреген ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімдік деңгейімен айқындалады» деп тұжырымдайды. Егемендік алған тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден — бір дара жолы — білім жүйесі. Орта мектеп — білім жүйесінің ең басты буыны. Орта мектепте қаланған білім негізі оқушының болашағына жол ашады.
Жаңа 2017 – 2018 оқу жылының ІІ жартыжылдығында мектебіміздің білімді шәкірттері білім додасындағы сайыстардың жеңіс тұғырынан көрініп, мектептің марапат қоржынына сүбелі үлестерін қосуда. Атап айтар болсақ, Байтемиров Мейрамбек, Советов Жанбота, Қайролла Ерасыл, Сабирджанова Аружан, Мұқатай Айзат, Хамит Жарылқасын, Шахмардан Тоғжан, Абықанова Ақтілек, Жақыпова Арайлым, Саятқызы Назым және «Жарқын болашақ» олимпиадасы «Сөз шебері» номинациясына қатысып, белсенділік пен жігерлік көрсеткен Қамкен Жеңісті айтуға болады.
Олимпиада жүлдегерлері мен талантты да қабілетті оқушыларды дер кезінде байқап, олардың қабілеттерін шыңдап, дайындаған тәжірибелі де шығармашыл ұстаз, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Арыстанбекова Кулайша Ертайқызына алғысымызды білдіреміз.
Ж. Баласағұн ғұлама айтқандай: «Бала өсіргің келсе дана жүректі, қатты ұста үйрет білім ізетті» деген осы шығар.
Біз өмір сүріп отырған ғасыр — білектілердің емес, білімділердің ғасыры. Білімге қол созғандардың қашан да бүгіні жарық, болашағы жарқын. Жарқын болашақтың бастауын бүгіннен қалайтын білім ордалары шәкірттерін шыңдаудан еш жалыққан емес.
Кулмагамбетова К.Е.,
№133 НОМ оқу ісі жөніндегі орынбасары