Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы біздерге, ғылым адамдарына нағыз прагматикалық, нақты әрі түйінді, еліміздің болашағы үшін тағдыршешті мәселелерді көтерген атаулы құжат болды.
Жолдауда Елбасы: «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты», деп нақты бағдар берді.
Осыған орай, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының операциялық жұмыс жоспарына сәйкес кітапхана қызметі де белсенді жұмыс атқаруда. Институт кітапханасы біліктілікті арттыру институтының маңызды құрылымдық бөлімінің бірі. Кітапханада біліктілікті арттыру бағытындағы ақпараттық ресурстар, оқу-әдістемелік әдебиеттер, мерзімді басылымдар қоры жинақталып, сақталған. Кітапхананың қорында ең өзекті және жедел ақпарат көздері (мерзімді басылымдар), институттың оқытушылар құрамының еңбектері жинақталған. Энциклопедиялар, анықтамалар, сирек және педагогикалық бағыттағы құнды басылымдар пайдалануға рұқсат етілген. Педагогикалық бағыттағы республикалық, шетелдік басылымдар мерзімді басылымдар бөлімінде жинақталып, біліктілікті арттыру курстарының тыңдаушыларының сұраныстарына сай ұсынылады.
Кітапханаға келуші оқырманның оқылым дағдыларын жақсарту механизмдерін жетілдіру кітапхананың басты міндеттерінің бірі болып табылады. Ал осыдан, «Оқылым дегеніміз не? Оның қандай түрлері бар? Оқылымды қандай әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асыруға болады? Қандай әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануға болады?» бірқатар сауалдар туындайды. Бұл сауалдарға жауап іздестіріп көрелік.
Теориялық анықтамада оқылым графикалық таңбалар арқылы қағаз бетіне түскен сөздер мен тіркестердің мағынасы мен мазмұнын ой мен сананың нәтижесінде қабылдай отырып, сауатты, дұрыс, мәнерлеп, ұғынықты оқу және одан қажетті деректі түсініп, сұрыптап алу дегенді білдіреді [1]. Оқылым арқылы білім алушылар мәтінді және оқу стратегиясының типтерін түсінуге, негізгі ойды анықтауға, негізгі ойды және мәтіннің құрылымдық бөліктерін, мәтіннің стилі мен типін анықтауды, оқылған мәтін негізінде сұрақ құрастыруды, әртүрлі деректерден қосымша ақпаратты айқындауды және мәтіндердің салыстырмалы сараптамасын қолдануды үйренеді. Оқылым – білім алушының оқу сауаттылығын қалыптастырудың құрамдас бөлігі. Оқылым дағдыларын жақсартпайынша жазылым кезеңі жүзеге аспайды. Оны оқу үдемелігін қалыптастыру кезеңдеріне қарап та танып білуге болады.
Отандық ғалымдар тілді үйрену барысындағы оқылымның бірнеше түрін анықтайды: аналитикалық оқу, синтетикалық оқу, дайындықты оқу, дайындықсыз оқу, аударма арқылы оқу, аудармасыз оқу, негізгі оқу, қосымша оқу, т.б. Ал Ф.Оразбаева өз еңбектерінде оқылымның танымдық, зерделік, ізденімдік, көрсетімдік оқылым сияқты түрлерін жіктеп көрсетеді. Өз зерттеулерінде Ф.Оразбаева «оқылымның берілген материалды түсініп, ұғу ғана емес, ондағы әрбір тілдік-қатысымдық тұлғалардың мағынасын білу, қалпын тану және оны тілдік қарым-қатынаста кеңінен пайдалану керектігінің» маңызды екендігіне баса назар аударады. Оқылым кезінде тіл үйренуші қажетті ақпаратпен танысады, оны өзінің тәжірибесінде пайдалануды негізге алады. Оқылым арқылы тіл үйренушінің танымы кеңейеді, ойлау жүйесі дамитын болады. Оқылым механизмдерін қолдана отырып, мәтіндегі өзіне қажетті ақпаратты алатын болады [1].
Психологиялық тұрғыда оқылым процесін негізгі 4 компонент арқылы жүзеге асыруға болады: көру, ойлау мүшелері, тілдердің таңбалық жүйесі, коммуникативтік қарым-қатынас. Сондықтан оқылымды жақсарту ол жадағай оқудан тұрмайды. Оны жақсартудың жүйеленген әдіс-тәсілдері бар деп есептеледі. Осы тұрғыда жаңартылған білім мазмұнындағы білім беру бағдарламалары аясында оқылым әдіс-тәсілдерінің 3 кезеңді қамтитынын аңғардық:
- «Оқылым алдындағы кезеңде оқушылар суреттерді қалай қолдану керектігін, мәтіннің мазмұнын табуды және зерттеуді үйреніп, өздерінің анағұрлым тиімді оқуына көмектеседі.
- Мәтінді оқыған кезде олар маңызды ақпаратты қажет емес бөліктерінен қалай ажырату керектігін үйреніп, оқу жылдамдығы қаншалықты артатынын және таныс емес сөздерге қалай түсінік берілетінін үйренеді.
- Оқылымнан кейінгі кезеңде оқушылардан қайтадан оқып шығып, нақты ақпаратты табуды және оқығандарын қайтадан оқып шығып, нақты ақпаратты табуды және оқығандарын түйіндеуді сұрауға болады» [2].
Оқылым дағдысын жетілдіру мақсатында институтта «BookCrossing» жобасы ұйымдастырылды. Жоба атауы «кітапты басқалары оқып, осылайша әрі қарай тарату үшін қоғамдық орындарда қалдыру тәжірибесі» деп анықталады. Бұл термин «кітапхананы бүкіл әлемдеге кітапханаға айналдыруға» ұмтылған тәжірибені көтермелеу үшін bookcrossing.com тегін онлайн-кітап клубымен құрылған. Тарихи деректер бойынша «BookCrossing» деп аталатын идеяны 2001 жылдың наурызында Рон Хорнбакер ойлап тапқан. Өскелең ұрпақтың арасында кітап оқу мәдениетін тәрбиелеу, оқуға қызығушылықты арттыру мақсатымен ұйымдастырылып жүрген бұл акция, Назарбаев Зияткерлік мектептер арасында іске асырылатын «Қоғамға қызмет ету» жобасының маңызды бөлігі болып табылады. Осы «BOOKCROSSING» жобасы аясында кітап алмасу акциясын өткізіліп, институт қызметкерлері мен курсқа келген тыңдаушылар арасында кітап алмасу ұйымдастырылып, әріптестер оқыған кітаптарымен бөлісті.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Адам баласыны бүкіл ғұмырындағы ең
сенімді және ең сабырлы серігі – кітап», – деп атаған еді. Осыған орай, Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесі негізінде ұйымдастырылған «100 кітап» жобасы институт қызметкерлері мен тыңдаушыларының оқылым дағдысын дамытып, кітап оқуға сүйіспеншілігін арттыруға ықпалы тигізгені сөзсіз. Жобаның мақсаты – оқушыларға қазақ әдебиетінің, әлем классикасының алтын қорындағы аса құнды шығармаларды оқыту, сол туындылардың рухани маңыздылығын жеткізу. Аталған жобаны қолдау мақсатында тыңдаушыларға 100 кітаптың тізімін ұсынған болатын. Тізімде қазақтың танымал классикалық шығармалары және әлемдік әдеби кітап бар. «Кітап оқу уақытында» әріптестердің қолынан ұлттық үздік шығарма – М. Әуезовтің «Абай жолын», сондай-ақ, әлемге танымал жазушылар В.Гюго, Р.Р.Толкиендердің кітаптарын көруге болады. Институт қызметкерлері мен курс тыңдаушыларға ұнатқан кітабын оқуына бар жағдай жасалды.
Оқырманның оқылым дағдысын қалыптастыруда институт кітапханасының жұмысы жетілдірілу үстінде. Кітапхана қорындағы филиалдың ғылыми-әдістемелік басылымдарының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін QR-кодтау технологиялары енгізілуде. Анықтамасына келер болсақ, QR-код (Quick Response) – ағылшын тілінен аударғанда «жылдам жауап» дегенді білдіреді. Яғни, QR-кодтар шағын мәтіндік ақпаратты сақтайтын деректер тасымалдаушылары. Ақ және қара квадраттардың көмегімен бұл деректер кодталады. Арнайы сканерлеу құрылғылары арқылы мағынасын ашу жүзеге асырылады. Компьютерлік техникадағыдай сол қағида қолданылады. Оларды келесі ереже біріктіреді: квадраттардың белгілі бір тіркесіне нақты мән сәйкес келеді. QR-кодты 1994 жылы Toyota компаниясының бірі болып табылатын, жапондық фирма әзірледі. Оның пайда болуы 80 жылдары жапон өнеркәсібімен ұсынылған, машина оқи алатын жоғары талаптар көзделген QR-кодтарының міндеті үлкен көлемді деректерді орналастырудың шағын алаңымен сақтау болды [3].
Кітапханада орналастырылған QR кодтар кітаптардың электрондық нұсқаларын оңай табуға, қосымша материалдарға сілтемелерді алуға мүмкіндік береді. Кітапханадағы QR-кодты қолдану тәсілдері: жарнамалық материалдар, тұсаукесер, қосылу кітабы, онлайн-оқу, ақпараттық тақта. QR-кодтың қолданысы кез келген смартфон бұл ақпаратты анықтап тануы және мағынасын ашуы мүмкін. Оны орнатқаннан және іске қосқаннан кейін смартфонның (немесе телефонның) камерасын кодқа әкелу керек. Санаулы секундтар ішінде QR-код бағдарламасы оның мағынасын ашады.
QR-кодтың мазмұны QR-кодта белгі, әріп және сан түріндегі мәтіндік ақпарат бар. Ең көп таралған форматтар санына жатқызуға болады:
- Мысалы, визиткаға қолданылуы тиіс байланыс мәліметтері
- Жарнамалық хабарландыруларда және газеттерде болуы мүмкін Интернет мекенжай.
- Электрондық поштаның мекенжайы.
- Телефон нөмірлері.
- Мәтін. Мұндай формат түрлі мақсаттарға сай келеді. Мысалы, жолда жүру (немесе кіру) билеттеріне түсіруге, сондай-ақ өлеңдер мен мәтіндерді сақтауға қондырылады.
QR-код құру қиын емес. QR-кодпен жұмыс істегісі келген әр адам оларды тегін пайдаланып қана қоймай, сонымен қатар оларды тегін де жасай алады. Сізден өзімен арнайы бағдарламаны көрсете алатын тек QR-код генератор ғана керек болады. QR-кодтарды қолдану үшін QR – ақпараттық тақта (ПҚБАИ тыңдаушылары үшін электрондық және форматында ҒӘ басылымдар және ҒӘ мақалалар туралы ақпараттық ресурстар), QR Booking – филиалдың ҒӘБ ақпараттық катологы, QR-квест – (филиалдың ҒӘБ технологиялары мен зерттеуін қолдануға тыңдаушыларды уәждеудің белсенді әдісі) ресурстары қолданылады.
Бухарбаева Алуа Нурбаевна
«Өрлеу» БАҰО АҚФ Қарағанды облысы бойынша
педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының кітапхана басшысы
Пайдаланған әдебиеттер:
- Тілдік қатынас: оқулық / Ф. Оразбаева. – Алматы: Сөздік-словарь, 2005. – 272 с.
- Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде орыс тілді мектептердегі «Қазақ тілі» пәні бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы. Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016.
- QR-код. Ақпаратты кодтау. – URL: https://ru.wikipedia.org/wiki/QR-%D0%BA%D0%BE%D0%B4