Home » Сол мектептен шыққанбыз » Мектеп – кеме, білім – теңіз

Мектеп – кеме, білім – теңіз

Білім жолы қашанда қиын да киелі жол. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табыстарға жете алады. Осы орайда біздің мектебімізде дәл осындай қабілет пен қасиеттерді бойына сіңіре білген ұстаздар жетерлік. 2016-2017 оқу жылы мектеп ұжымы үшін үлкен жетістіктер мен жеңістерге толы жыл болды. Себебі, мектебіміздің білікті ұстаздары — көптеген байқаулар мен сайыстарға, олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, ұжым абыройын асқақтатты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп дана хал­қымыз айтқандай, осы орайда ұжымдағы ұстаздарымыздың көрсеткен нәтижелеріне тоқталсақ.

Сондай жандардың бірі – сүйікті кәсібіне беріліп, жүрек жылылығын, мерейлі шуағын, адамгершілік ұлылығын шәкірттерінің бойына дарыта білген мектебіміздің бастауыш сынып мұғалімі, жауапкершілікті жете сезінетін ерекше еңбекқор жан — Мухина Лариса Александровна. Лариса Александровна 2016-2017 оқу жылында бастауыш сынып мұғалімдері арасында өткен қалалық пән олимпиадасында, бастауыш сынып мұғалімдері арасында өткен КИО қашықтық олимпиадасында ІІІ орынды қанжығасына байласа, 2016-2017 оқу жылында жоғары кәсіптілігі мен шығармашылығы және қалалық әдістемелік қызметімен бірлесе атқарған жұмысы үшін Павлодар қаласы Білім беру бөлімінің басшысы Г.Ш. Қадырбаеваның «Алғыс хатын» иеленді.

Мектеп – келешек ел басқарар, жер басқарар, елі мен халқын гүлдендірер, мейірін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды тәрбиелейтін киелі де, қасиетті ұя. Ал сол мектептің негізгі тірегі – білімді де білікті ұстаз.

Ұстаз – ұрпақ тәрбиелеп өсіруші, қоғам сенген адам. Ұстаз болу әрі бақыт, әрі абырой. Осы қастерлі мамандықтың қадірін біліп, шәкірттерінің жүрегіне бар асыл қаиеттерін ұялатып, өн бойына ұстазға тән салмақтылық пен мәдениеттілікті сыйғыза білген жандарды халқымыз әрқашан да ерекше құрмет тұтқан. Осы орайда атақты педагог, ғалым В.А. Сухомлинский “Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым–шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады”- деп, ұстаздық өнерге ерекше баға берген.

Мектебімізде өз нәтижелерін қала, облыс, республика көлемінде көрсетіп жүрген ұстаздарымыз аз емес. Солардың бірі – мектебіміздің психологтары Гүлсағира Мұратқызы Өміржанова мен Татьяна Викторовна Панащенко. Қалалық ең үздік әдістемелік-дидактикалық құралдар сайысында ІІІ орынды, Гүлсағира Мұратқызы 2016 жылы облыстық психологтар арасында өткен сайыста «Жылдың үздік психологі» номинациясы және «Менің кәсіби ұстанымым» тақырыбында үздік эссе номинациясын иеленді. Татьяна Викторовна 2017 жылы өткен облыстық сайыста «Жылдың үздік психологі» атанды.

Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық — ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген екен. Өткен оқу жылында өз жемісінің нәтижесін алған ұстаздарымыз да баршылық. Атап айтсақ, А.С. Халелова -мұғалімдер арасында өткен қалалық пән олимпиадасында ІІ орын, А.Ж. Абенова — республикалық «Ұлағатты ұстаз» конкурсында ІІ орынды қанжығаларына байлады.

Бар саналы  ғұмырын, жастық жолы мен күш қайратын, терең де телегей білімдерін шәкірттеріне арнаған ұстаздар қауымына берілген бұдан артық баға болмас.

«Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіз» дейді ғой ғалым Қаныш Сәтбаев. Өйткені ең алдымен өз кәсібіңе, өз пәніңе деген зор сүйіспеншілік болғаны абзал. Осынау сүйіспеншілік оқушы бойындағы білімге, пәнге деген алғашқы құштарлығын түртіп оятады. Ал осы шәкірт бойында оянған білім құштарлығы енді тұтанған шырақ секілді. Ең қиыны – осынау шырақты сөндіріп алмау. Ол үшін талмай еңбектену мен іздену қажет. Сонда ғана осы білім шырағы лаулаған жалынға айналары сөзсіз. Осы орайда мектебіміздің әрбір ұстазы – оқушыларының бойындағы білімге деген құштарлықтан туған шырақты жалынға айналдыра білген нағыз еңбекқор жандар.

«Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы», — дейді дана халқымыз. Қай мемлекеттің болсын ертеңi – бiлiмдi жастардың қолында. Алдыңғы толқын аға буынның орнын басар, ізін жалғастыратын – кейінгі толқын жастар.

Елбасымыз  Н.Ә. Назарбаев осындай жан-жақты дамыған білімді, елжанды, еңбекқор, өзінің атқарған ісіне жауапкершілікпен қарауды азаматтық парызы санайтын ұрпақ тәрбиелеуді білім беру саласы қызметкерлеріне жүктеді. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай да жасалуда.

ХХІ ғасырда қоғам мен мемлекет дамуының басты тетігі білім беру болып отыр. Рухани, мәдени саламыздың нығаюына, адами қасиеттердің жоғарылауына, жеке адамның сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететіні күннен-күнге айқындалып келеді. Әрбір елдің өркендеуі, тұғырының берік болуы да білімге келіп тіреледі. Заңғар жазушы  М.Әуезовтің сөзімен айтар болсақ, «Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім болмақ» десе, ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімдік деңгейімен айқындалады» деп тұжырымдайды. Егемендік алған тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы – білім жүйесі. Орта мектеп – білім жүйесінің ең басты буыны. Орта мектепте қаланған білім негізі оқушының болашағына жол ашады. Біз өмір сүріп отырған ғасыр – білектілердің емес, білімділердің ғасыры. Білімге қол созғандардың қашан да бүгіні жарық, болашағы жарқын.

Мектебіміздің мәртебесін көтерген мақтанышпен айтатын түлектеріміз де баршылық. «Үздік шәкірттер» деп толығымен біз 2012-2013 оқу жылының алтын түлектерін айта аламыз. Олар «Алтын белгі» иелері: Дүйсен Әсем, бүгінде Алматы медициналық институтының 5 курс студенту, грант иегері,Теміржанов Нұрғиса, ПМУ-дың биотехнология факультетінің түлегі, «Үздік аттестат» иесі Қабдолла Мадианна, биология факультетінің түлегі.

Жарқын болашақтың бастауын бүгіннен қалайтын білім ордамыз шәкірттерін шыңдаудан еш жалыққан емес. Оқушыларымыз да қала, облыс көлемінде өз білімдерін көрсетіп келеді.

Әр оқу жылы сайын дәстүрлі түрде өтетін жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп оқушылары арасындағы қалалық олимпиада үстіміздегі оқу жылында да оң жалғасын тауып, оқушыларымыз жүлделі орындарды қанжығаларына байлады. Атап айтсақ, Кендиров Аслан (құқық пәні) – І орын; Петрищина Марина (қазақ тілі) – І орын; Закарья Дастан (құқық) – ІІ орын; Балпекова Даяна (биология) – ІІ орын; Баруздин Олег (физика) – ІІ орын; Барышникова Виктория (тарих) – ІІІ орын; Куренбаева Айдана (биология) – ІІІ орын; Суховерков Дима (география) – ІІІ орын; Қужігіт Эльнура (қазақ тілі) – ІІІ орын; Жұмабай Байтұрсын (құқық) – ІІІ орын.

Оқыту мен тәрбиелеу барысында шәкіртіңнің кішкентай болса да әрбір жетістігіне қуана білу және оны әрдайым мақтап, мадақтап отыру баланы өсірудің тамаша бір жолы. Облыстық білім додасында да өз нәтижелерін көрсеткен шәкірттерді де мақтанышпен айта аламыз. Олар: Кендиров Аслан (құқық) – І орын; Ельтинов Қайырхан (география) – ІІІ орын. Сонымен қатар, Қайырхан география пәні бойынша ПМПИ ректорының грантын ұтып алып, бүгін де сол жоғары оқу орнында білімін жалғастыруда.

Болашақта елімізге білімді ұрпақ керек екенін ескерсек, ал сол білім кілті – барлық нақты ғылымдардың негізін меңгеруде жатыр. Мектебіміздің әрбір шәкірті ұстаздарының сенімін ақтап келеді. Ұстаздар да өз бейнетінің зейнетін көруде. Оқушыларымыз ғылыми жобалар сайысында да білімдерін шыңдап, мектебіміздің абыройын асқақтатуда. 2016-2017 оқу жылындағы 13 қалалық ғылыми жобалар сайысында 2 сынып оқушысы Уразбекова Даяна – І орын; 1-7 сыныптар арасында өткен «Зерде» ғылыми жобалар додасында 2-сынып оқушысы Аукеева Амина – ІІ орын; 7 сынып оқушысы Құнашева Ділнұр – ІІІ орынға ие болды. Биылғы оқу жылында да жүлделі орындар алып та үлгердік. Атап айтсақ, қалалық «Зерде» ғылыми жобалар сайысында «Этномәдениеттану» секциясы бойынша 7-сынып оқушысы Сайлаубай Айана – ІІІ орын, «Валеология және денсаулық» секциясы бойынша 3-сынып оқушысы Уразбекова Даяна ІІ орынды қанжығаларына байлады. География пәнінен «Юниор» олимпиадасының қалалық кезең байқауында 8-сынып оқушысы Шаймарданов Нурмухаммед жеңімпаз атанып, облыстық жолдамаға ие болды.

«Өнерлі өрге жүзер» деген сөз де біздің оқушыларымызға қатысты айтылғандай. Қала көлемінде өз өнерлерін көрсетіп, мектебіміздің сандығын толтырып келе жатқан да болашақ ақындар, әншілеріміз де бар. Олар: қалалық «Балауса» фестивалінде 10 сынып оқушысы Құрымбаева Жұлдыз лауреат атанды, 2016-2017 оқу жылында өткен VIII қалалық Абай оқуларында «Өлең – сөздің патшасы» номинациясы бойынша 3 сынып оқушысы Юдина Алина – ІІІ орын; 4 сынып оқушысы Жұмабай Аркен – ІІІ орын иеленсе, «Құлақтан кіріп, бойды алар» номинациясы бойынша 3 сынып оқушысы Молдыбай Мансур мақтау қағазымен марапатталды. «Мың бала» облыстық байқауында 7 сынып оқушысы Ханларова Каратель ІІ орынды иеленді.

ҰБТ – мектепте 11 жыл алған білім көрсеткіші десек, осы межеден де білім ордамыз жақсы деңгей көрсетіп келеді. 2014-2015 оқу жылында орташа ұпай – 86,9; 2015-2016 оқу жылында – 83 ұпай; 2016-2017 оқу жылында – 86,5 ұпай. Сонымен қатар, өткен оқу жылында мектебіміздің түлектері 9 мемлекеттік грант және ПМПИ ректорының грантына ие болды.

Мемлекет болашағының кепілі – жастарға білім мен тәрбие беру мәселесінен өткір мәселе жоқ екені белгілі. Қазақтың кемел талантты ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек», -деген.

Болашақта өркениетті, дамыған елдер қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында еліміз дамуының барлық Стратегиялық бағыттарын жүзеге асыратын міндеттер қойылды. Республика болашағына бағдар беретін бұл Жолдауда «XXI ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар» — деген. Дамудың негізі білім мен ғылымға келіп тіреледі. Сондықтан да, әлемдегі дамыған елдер сияқты Тәуелсіз елімізде білім жүйесі сапасын жетілдіру ең негізгі өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны белгілі. Осыған орай, білім беру жүйесінде жастарға сапалы білім беріп, олардың үйлесімді дамуы мен тұлға ретінде қалыптасуында ұстаздың кәсіби шеберлік көрсеткіштерінің бірі — жалпы педагогикалық, ғылыми- теориялық, әдістемелік жаңалықтар мен озық тәжірибені жетік меңгерудің маңызы зор.

Қазіргі ұстаздар алдындағы міндет: ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес оқушының білімі терең, іскер және ойлауға қабілетті, әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істей алатын құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Мұндай талапқа сай қызмет істеу үшін ұстаз үздіксіз ізденісте кәсіби білікті болуы тиіс.

Инновациялық оқыту нәтижелері оқушының өз бетінше әрекет етуі арқылы білімді меңгеруіне ықпал етуі тиіс. Оқушының ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымдық көзқарастары мен танымдық белсенлілігін арттыруда, зерттеушілігі арқылы шығармашылық икемділігін дамытуда, біліктілікке ұмтылуда, яғни тұлғаны жан-жақты дамытуды жүзеге асыруда оқу үдерісіне инновациялық технолгияларды енгізу шешуші рөл атқарады, оң нәтиже береді.

Жаңартылған білім беру бағдарламасының ең негізгі мақсаты – білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру болып табылады. Орта білім мазмұнын жаңартудың көптеген компоненттері, соның ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы осы мақсатқа бағытталған. Жаңартылған білім беру бағдарламасы — озық технологиялардың барлық қыр-сырларын білуге жетелейді.

Мектебімізде жаңартылған білім мазмұны бойынша қайта даярлау курсынан өтіп, оқушыларын жаңа бағдарламамен оқытып келе жатқан ұстаздарымыз бар. Олар: М.О. Олжаева, М.М.Картова, Е.А.Скворчевская, А.Н.Булатова, Л.А.Мухина, А.С.Алишева, Н.С.Сыздыкпекова, Г.А.Бекет, Б.Ж.Нуралиева, Л.А.Воробьева, Г.Р.Қыстаубаева, Ә.Ғ.Әлжанова, Д.Қ.Жексенова, А.Т.Абылкаева, И.Е.Базылбаева, Қ.А.Олжаева, А.М.Аспанова, Л.Р.Медетова, А.С.Ангоноева, А.М.Темирова, А.А.Сулейменова, Б.М.Карипова, Қ.Р.Тнеева.

Ұстаз деген ұлы сөз ұлағатты,

Ол болмаса, кім береді парасатты.

Асылын беріп шәкірт бойларына,

Ағартқан сол үшін де қара шашты.

Ұстазға әркім басын ию керек,

Кемеңгер, ақылшым деп білу керек.

Сен бүгін керемет боп кетсең дағы,

Жеткізген сол ұстаз деп білу керек.

Жақсылар ұмытпайды ұстаздарын,

Ойлайды, олар сонымен ұшталғанын.

Мәңгілікке мақтанып өтеді ұстаз,

Шәкіртінің биікке шыққандарын – деп ақын жырлап кеткендей, 7 қазан күні «Павлодар қаласының № 33 жалпы орта білім беру мектебі» ММ Ленин кенті әкімі Даулет Амангелдіұлы Тайгулин, Павлодар қаласының құрметті азаматы Махмет Демесінұлы Демесіновтың қолдауымен өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтті.

Мереке күні мектеп педагогикалық 39 еңбек ардагеріне, әр кез түлектеріне, демеушілік көрсеткен азамматарға және құрметті қонақтарға есігін айқара ашты.

Республика көлемінде бел алған «Мектепке — тағзым» акциясы 50 жылдық мерейтой қарсаңына сәйкес келді. Акция барысында мектепке келесі азаматтар демеушілік көмек көрсетті: С.Х.Нұрымов, А.Т.Рахметов, Б.Ш.Мұқантаев, Г.М.Демесинова, Е.Қ.Мусинов, Қ.Т.Жумашев, А.В.Аксенов, Б.Т.Қасенов, Қ.Қ.Төлегенов, Н.Ш.Букаев, Е.М.Еңсебаев, М.Б.Алпыспаев, А.М.Искаков, С.И.Омаров, Ж.Қ.Смагулов, С.Қ.Темиров, Р.Н.Асылханова, С.Т.Муканова, Р.Т.Муканова. Осы жанашыр ағаларымыз бен апаларымыз арқасында мектеп кабинеттерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді, мұражай қоры жаңартылды.

Тарихын сонау тереңнен жайған мектебімізде қаншама естелік парақтар, сарғайған суреттер сыр шертті. Барлық қонақтармен мектеп мұражайына, робототехника және шахмат кабинеттеріне экскурсия жүргізілді. Пән кабинеттерінде әр кезең түлектері, пән мұғалімдері туралы слайдтар көрсетіліп, еске түсірілді. Әр түлек өз оқыған сыныбына кіріп, партасына отырып, мектепте өткен қызықты жылдарын еске алды. Барлық қонақтар мәжіліс залында мектеп ұжымы ұйымдастырған концерттік бағдарламаны тамашалады. Кеш барысында ардагер ұстаздарға құрмет көрсетіліп, өмірден озған әріптестер еске алынды, мектептің бүгінгі өмірі баяндалды. Іс-шара өте көңілді және достық жағдайда өтті.

Мереке Ленин кентінің «Жаяу Мұса атындағы» Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Кеште мектебіміздің түлегі, қазіргі таңда атақты продюссер Алтынбек Таубасарұлы Рахметовтың демеушілігімен келген Қазақстан эстрада жұлдыздары: Ұлжан Айнакулова, Айжан Нұрмағамбетова, Алмаз Кішкенбаев, Серік Ибрагимов, Ренат Мальцагов, Ардақ Алекешев және Райымбек Сатыбалды өнерлерін ортаға салып, өз құттықтауларын білдіріп, мұғалімдік еңбекке құрметтерін көрсетті.

Қазақстан-Павлодар телеарнасында көрсетілетін «Ауыл тынысы» бағдарламасына мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлсім Рашитқызы Қыстаубаева қазіргі мектеп өмірі және білім ордамыздың 50 жылдығы туралы сұхбат берді.

Мыңдаған шәкірт тәрбиелеген алтын ұямыз қанатын әлі де кең жайып келеді. Мектебіміздің алар асулары алда деп сеніммен айта аламыз.

Арай Асқарқызы Куямбаева

«Баспасөз» орталығының жетекшісі,

қазақ тілі мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.