Бүгінгі заманауи технология дамыған, ғылым мен білім қарыштаған кезеңде, жаңа инновация мен цифрланған технологиялармен жасақталған заманауи көшінен қалмау қажеттілігі еріксіз туындайды. Елді сауаттандыратын ұстаз жауапкершілігі қомақты екені сөзсіз. Әңгімемізге арқау еткелі отырған білім шаңырағы Қарағанды облысы, Балқаш қаласының жалпы білім беретін №8 орта мектебі. Бұл білім ошағы 1993-1997 жыл — №8 бастауыш мектеп, 1997 жылы -жалпы білім беретін №8 орта мектебі болып ашылған болатын. Бүгінде бұл білім ордасында 731оқушы білім алып жатса, ұлт болашағын тәрбиелеуде 80-ге жуық ұстаз қажырлы еңбек етуде. Мектеп биыл толық жөндеуден өтіп жаңартылған. Сонымен қатар биылғы оқу жылында мектебімізде IT кабинеті ашылды. Бұл оқушылардың дарынын ұштап, сандық технологиялар бағытындағы білімін арттыруға жол ашпақ. Жоба «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынды. Бұл кабинет мектеп оқушыларын ғылыми-зерттеу және инженерлік – технологиялық ортаға оқушыларды тартуға мүмкіндік бере отырып, тың идеялар мен жаңа ізденістерге жол ашады. Класс-заманауи 21 компьютер, 3D принтер, жоғары жылдамдықтағы интернет және қажетті веб-бағдарламалармен жабдықталған. Мұнда оқу америкалық STEM әдісі бойынша жүргізіледі. Инновациялық технологияны игеруге икемі бар жас таланттар білімін арттырып, шеберлігін шыңдап, түрлі байқауларға дайындалуға мүмкіндік алады. Қазірдің өзінде мұндағы балалар түрлі сала бойынша жұмыстарын бастап та кетті. Мәселен, 5-7 сынып оқушылары болашақта дизайнер және жобалаушы болуды армандай отырып, scratch, sketchUp, Creo parametric программаларымен жұмыстарын бастап кетті. Ал 8 – 11 сыныптардағы оқушылар photoshop, Sony Vegas Pro, Corel Draw, AutoPlay программаларымен өз шығармашылықтарын шыңдауда.
Еліміздің жарқын болашағы болар жас ұрпаққа терең, мазмұнды білім беру мен ұлтын сүйер патриот азамат етіп тәрбиелеу – бүгінгі алға қойылған басты міндет.
2013 жылдан бері мектебімізде кадет сыныбы ашылып, балалар кішкентайынан әскери тәртіпке үйретілуде. Кадет сыныбына арнайы сынақ тапсыру арқылы білімі мен әскери дайындыққа құлшынысын таныта білген балалар іріктеліп алынған. Ұландар сыныбында оқитындардың көбі таңғы сабақтан кейінгі бос уақытында сап дайындығы, мергендер дайындығы, тактикалық дайындықтардан өтеді. Қосымша оқытылатын пәндер оқушылардың болашақ мамандық таңдауларына зор ықпал етері сөзсіз. Жалпы білім беретін №8 орта мектебінің ұлан сыныптарының тәрбиеленушілері бүгінгі күні қарағанды және Астана қаласының Республикалық «Жас ұлан» мектебінің тыңдаушылары болып отыр. 2018-2019 оқу жылында 10- сыныбына қабылданған Ахмет Есенгелді, Нұрдәулет Мұрат және Аңсар Жандарбек осы аталаған мектеп тыңдаушысы болып, алғашқы демалыстарына шыққан кезінде бірден өздері 5- сыныптан бері тәрбиеленген мектебіміздегі ұлан сынып оқушыларымен кездесуге асыққандарын жасырмады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлан» әскери -патриоттық қозғалысы» Алматы қаласындағы 177-ші мұсылман батальонының мұражайына экскурсия ұйымдастырылып өткізілді. Шара барысында Ауғаныстан соғысының ардагері аты аңызға айналған қазақтың қара майоры Ауған соғысының ардагері, бас штабтың барлау басқармасының арнаулы әскерінің 177 бригадасының командирі Керімбаев Борис Төкенұлымен кездесу өткізілді. 1981-83 жылдары Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында айрықша тапсырма үшін жасақталып, үлкен дайындықтан өткен отряд командирі болған Қара майор Ауғанстандағы соғыс жылдарын, соғыста жанкештілігімен, ептілігімен, ержүректігімен, әскери шеберлігімен, тапқырлығымен, ұтқырлығымен отряд солдаттарын қалай басқарғаны туралы еске алды. Осы ерлік туралы өз аузынан есту үшін жалпы білім беретін №8 орта мектебінің 16 ұланы арнайы Алматы қаласына барып, ұландар музейдегі сақталған мұрағаттармен танысып, ауған жауынгерлерінің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.
Мектеп ұжымында әр ұстаздың жұмыс бағыты, іздену барысы, нәтижесі ерекше назарға алынады. Бірлесе істеген жұмыстың нәтижесі қалалық, облыстық, республикалық семинарлар мен байқаулардан көрінеді. Мектеп басшысы А.Т.Токейбекованың басшылығымен озық тәжірибелер мен семинарлар қала,облыс деңгейінде өткізіліп, ұстаздардың іс-тәжірибесі таратылуда.
Биылғы оқу жылы біздің мектеп үшін үлкен жетістіктер мен жеңістерге толы жыл болды. Себебі, мектебіміздің білікті ұстаздары мен білімді оқушылары -көптеген байқаулар мен сайыстарға, олимпиадалар мен конференцияларға қатысып, ұжым абыройын асқақтатты. Оқушылардың ғылыми білімдерін тереңдету, бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 8-11 сынып оқушылары арасында 53-қалалық жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының 1-орын жеңімпаздары 11-сынып оқушысы Сейтбекова Ақерке мен 9Б сынып оқушысы Полукарова Ольга Республикалық пәндер олимпиадасының облыстық кезеңіне қатысып жеңіспен оралды. Жас ұрпаққа білім беруде үздік көрсеткіштерге жетіп жүрген білім ордасы жақында жалпы білім беретін мектептердің арасында жүлделі ІІ орынға ие болып, арнайы дипломмен аталмыш мектеп директоры Токейбекова Айгул Токеновна марапатталды.
Сынып жетекшілері оқушылар мен ата-аналармен, мектептегі қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, түрлі тәрбиелік іс шаралар өткізеді. Мектеп оқушылары мәдени спорттық іс- шараларға да белсене араласып, оң нәтижелер көрсетуде.
Жас ұрпақты біліммен қаруландырып, бәсекеге қабілетті етіп өсіруде еңбек етіп жатқан ұстаздарымыз әлі де талай қыранды баптап ұшырып, ел сенімінен шығары сөзсіз.
Жумабаева Мираш,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі