1937-1938 жж іргетасы қаланған Абай мектебі сексеннің сеңгіріне шығып, ғасырға жуық аралықта, тарих толқынының арнасында, аудан орталығындағы тұңғыш қара шаңырақ болып қалыптасты. Алғашқы қазақ мектебін ұлы Абайдың атымен аталуын өте сәтті шешім деп жақсы рымға балаймыз. Сол кездегі мектеп үйі кішігірім 10 бөлмелі және Абай мектебінің іргетасы қазіргі Казпочта бөлімшесінің жанындағы қызыл кірпішті ғимарат болатын.
Ломоносов атындағы мектептен бөлініп, жеке шаңырақ көтеруіне себепші болған ұстаз, ең алғашқы мектеп директоры Тілеген Жолдыбаевтың еңбегін ерекше бағалаймыз.
1942 жылы мектеп басшысы қызметіне Әмірханов Сираж Ермекұлы тағайындалып, 1962 жылға дейін атқарған. Сираж ағаның келуімен бастауыш мектебі 1943 жылдан бастап 7 жылдық мектепке айналды. Сираж Ермекұлы Абай мектебін 20 жыл басқарған тұлға.
Бұл 20 жыл табысты жылдар болды.
Сұрапыл соғыс жылдары, 1944 жылы, Абай атындағы 7 сыныпты қазақ мектебінің жанынан Сираж Әмірхановтың ат салысуымен мектеп -интернат үйі жұмыс істей бастады. Мектеп -интернатқа көрші ауылдардың балалары тартылған. Мысалы, Түлкібас ауданына қарасты Жаңаталап, Шұқырбұлақ, Дауан, Сартөр, Елтай, Күмісбастау, Машат, Абай және тағы басқа елді — мекен балалары. Осы мектептің алғашқы түлектері :
Ш. Арғынбаев, С.Әмірбеков, Е.Күзембаев, Ә.Толымбетов, Т.Омаров, М.Қошқаров, Сармантаев, Қ.Есімбетов сынды тұлғалар атақты озық ойлы, терең білімді азаматтар. Арамызда жүрген жақсылар мен жайсаңдардың барлығы да бір кездері мектеп партасында отырып, оқушы болып осында білім алған жандар.
Атап айтар болсам: Филология ғылымының докторы, — Мекемтас Мырзахметұлы, экономика ғылымының докторы, академик- Оразалы Сәбден, танымал жазушы Мархабат Байғұт, Генерал-майор — Сұлтанов Жеңісбек т.б. біздің мектептің ғана емес бүкіл қазақ елінің мақтанышы.
Бүгінгі еселі еңбегімен еліне танылып, қызмет етіп жатқандарды » біздің мектептің түлектері» деп мектеп те, ұстаз да мақтаныш етеді. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан,»түлектер Алтын ұя мектебімізден әлі күнге дейін үзбей байланыс жасап, керек кезінде қажетімізге жарауда. Мектептегі 10, 20,30,40,50 жылдық кездесулер — осының айғағы. Есімдері жалпақ елге жария 1938-2018 жылы аралығында мектепте үлгілі тәртібімен, сапалы білімімен ерекше көзге түскен шәкірттеріміз, бүгінгі күндері Отан үшін, елі үшін еңбек етіп жатқан ғалым, акедемик, генерал, профессор, жазушы, ақын, ірі қоғам қайраткерлері, ұстаз, дәрігер, бәрі – бәрі біздің мектептің түлектерідей аламыз!
Өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру жолында өзінің еңбектерін заман талабына сай ғылыммен ұштастыра білетін, оқытудың, тәрбие берудің әдістемелерін жетілдіру, дамыту мақсатында жан-жақты ғылыми ізденісте жүрген ұлағатты ұстаздарымыз баршылық.
Аудан орталығындағы көшелерге білікті басшылар мен ұлағатты ұстаздарды ұлықтап, Сираж Әмірханов, Мүсілім Абиров, Сәлімбай Ахметов, Хамытбек Ахметов, Көктебай Қалиев көше атауларының берілуі дәлел. .
Қазіргі таңда білім беру дегеніміз -оқушылардың интеллектуалдық қабілетін дамытуға, олардың шығармашылық потенциялын қалыптастыруға, ғылыми көзқарасы мен жалпы мәдениеттілігін кеңейтуге бағышталған, күрделенген жаңа оқу бағдарламаларын негізге алған, ауқымды жоба. Жас ұрпақтың ойлау зияткерлілігін ашу жолдарын қарастыру арқылы бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру арқылы мектеп-лицейінің шығармашылық тақырыбы аясында мектеп-лицей ұжымы орасан зор еңбек етуде. Қазіргі таңда мұғалімдер мен оқушылар аудан, облыстық, республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен шығармашылық байқауларда топ жарып жүлдегер атанғанын айтуға болады.
Аудандық олимпиададан 12 оқушымыз жүлдегер атанса, ал облыстық олимпиададан 7-8 сыныптар арасында химия, физика, инфарматика пәндерінен, 9-11 сыныптар арасында қазақ тілі мен әдебиеті және физика пәндерінен жүлделі орындар иеленді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық туристік өлкетану конференциясында, облыстық КҒА сырттай байқауында оқушыларымыз I,II орынды иеленді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» бағдарламасында «Алқызыл гүлдер», «ORNIS-2018», «Мен Абайды оқимын», «Туған жерге тағзым», «Үздік оқырман», «Гүлдене бер, Астана» фестивалінің гран-при иегерлері атанды. «Үштілділік» ұлттық жобасы аясында жартылыстану -математикалық бағытындағы пәндерді үштілде оқыту былтырғы оқу жылында қолға алынып, үштілділік бойынша жетекші базалық мектеп болып, пилот сыныптары ашылды. Былтырғы ҰБТ-де оқушыларымыз жоғары жетістікке жетті. ҰБТ-ге қатысқан 52 оқушының 36 -сы грант иегері атанды, 10 түлегіміз «Алтын белгілерін» ақтап шығып, жалпы балл — 86 ,50 пайыз болды. Бұл да болса пән мұғалімдерінің, сынып жетекшілерінің ерен еңбектерінің арқасы. М. Жұмабаев: «Баланы мұғалімнің өзіндей қылып шығармай , келешек заманына лайықтап дайындау керек» деген екен. Сондықтан қазіргі оқушылар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс. Отбасының да, мектептің де, қоғамның да мақсат- мүддесі біреу, ол — заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу. Болашақта бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, білімнің биік шыңдарын бағындыра беру біздің басты мақсатымыз.
Спабекова Қ.Т
Түркістан облысы, Түлкібас ауданы Абай атындағы мектеп – лицей директоры