Мектеп жасындағы балалардың дұрыс тәрбиемен білім алуы – балабақшадан басталады. Бала – біздің болашағымыз. Олай болса, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту баланың ғана емес, еліміздің де жарқын болашағының кепілі болып табылады. Балабақша – балаларға тәрбие мен білім берудің алғашқы деңгейі. Қазіргі таңда мекепке дейінгі мекемедегі балаларды тәрбиелеу мен оқытудың негізгі мақсаты – баланың жеке басының дұрыс тәрбиеленіп, дұрыс дамуы ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, бала тәрбиесі оның жанұясынан бастау алады. Тәрбие жұмысын үйде – ата-ана жүргізсе, балабақшада оған – тәрбиешінің жауапты екені белгілі. Баланы жақсы қасиетке баулитын құрал – еңбек. Осыған байланысты, балабақшада күн тәртібіне сәйкес, еңбек тәлімі меңгертіледі.
Жанұясында, яғни отбасында баланың көңіл-күйіне қаяу түсіретіндей жағдайлар болып жатса, бала балабақшаға келгенде, оқуға да, ойынға да, тіпті, қасындағы достарының сұрақтарына жауап қайтаруға да ынтасы болмайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, отбасы тәрбиесінің кішкентай балдырғандар үшін маңызы зор. Сәби – үйдегі туған-туыстарының барлық іс-әрекетін, сөйлеу мәнерін, жүріс-тұрысын көшіріп, қайталауға бейімді болады. Және баланың психологиясының іргетасы үйдегі үлкендердің мәдениеті мен әрекетіне қарай қалыптасады. Өйткені, өзге тәрбиенің қандай болатынын білмегендіктен, бала үйде ата-анасының күнделікті іс-қимылынан тәрбие алады. Балабақшаға келген балалардың шығармашылық қабілетін, сөйлеу мәнерін дамыту арқылы тәрбиешілер оның өмірге деген құлшынысы мен қызығушылығын оятып, талғамын, жеке ой-пікірін тудырады.
Ал, адамгершілік құндылықтарды талап етпес бұрын, оның не екенін күнделікті тәрбие барысында таныстырып, балдырғанның бойына сіңіріп отырған абзал. Бұл жағдайда тәрбиеші апайлардың білімі мен белсенділігі, мейірімділігінің маңызы зор. «Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры», «Отан – отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Қай заманда болмасын, кішкентай ғана отбасы мәселесі – тұтас Елдің мәселесіне айналып кетуі де әбден, мүмкін. Сондықтан, бала тәрбиесі – аса үлкен мән беріп, назардан тыс қалдырмауды қажет етеді.
ОМАРОВА Гулзира Полатовна,
Көктөбе ауылы
«Ақбота» бөбектер бақшасының
тәрбиешісі,
Май ауданы
Павлодар облысы