Мектеп жасына дейінгі балалар үшін ойынның маңызы ерекше. Ойын арқылы бала өзін қоршаған ортамен, табиғаттағы қоғамдық құбылыстармен танысады. Ойын- мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті, сондықтан да оның мән–мағынасы ерекше.
С. Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекерге айтпаған. Өйткені ойын үстінде баланың түрлі қасиеттері, қабілеті мен белсенділігі де көрінетіні белгілі.
Мектеп жасына дейінгі балалардың зейіні тұрақсыз болады. Сондықтан олардың зейінін үнемі қажетті бағытқа аудару үшін ойын түрінде жүргізу қажет. Ұйымдастырылған оқу қызметінде алған білімді ойынмен тиянақтау білімнің беріктігіне негіз қалайды. Ойын әрекеті балалардың бағалы өмірінің алғашқы күнінен бастап – ақ маңызды орын алады. Алайда жақсы, дұрыс ұйымдастырылған ойын ғана тиісті, қалағаныңдай нәтиже бере алады. Балаларды ойын арқылы оқыту маңызды. Аса көрнекті педагог А. С Макаренко былай дейді: «Ойында бала қандай болса, өмірдегі кәсіби қызмет саласында, көбінесе сондай болады» деген. Сондықтан ойын арқылы баланың бір затқа бейімділігін, қызығушылығын анық байқауға болады.
Ойын — бала әрекетінің негізгі түрі. Баланы тәрбиелеп, оқытуды ойын арқылы жүзеге асыруға болады. Олар жалғыз болғанның өзінде де сөйлесіп жүреді. Сондықтан, ойын барысында тілдесім үлгісі қалыптасады. Ойындар мазмұнына қарай, өзіне тән ерекшеліктеріне қарай сюжетті-рөлді, дидактикалық ойындар, қимылды ойындар, ұлттық ойындар болып бөлінеді. Ойынның түрлері өте көп. Мысалы: рөлдік ойындар, дене шынықтыру ойындары, сюжеттік ойындар, дидактикалық ойын элементерін пайдаланудың маңызы өте зор.Сабақ барысында да ойын балалардың қызығушылық қасиеттерін арттыра түседі.
Дидактикалық ойынның пайдасы баланың ой– өрісінің қалыптасуын, дамуын мақсат етеді. Сондай – ақ балалардың адамгершілік сезімін оятуға, адамдармен дұрыс қарым–қатынас жасау, туған жеріне сүйіспеншілік сезімі сияқты асыл қасиеттерді тәрбиелеуге де көңіл бөлінеді. Дидактикалық ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндеттерді шешеді. Дидактикалық ойындар- балалардың ойлау, қабылдау, еліктеу қабілеті және заттардың түрін, түсін, көлемін ажырата білуін дамыта түсу үшін өте қажет. Балалар ойын арқылы белгілі бір білім, білік, дағдыларын меңгереді. Әр дидактикалық ойынның танымдылық және тәрбиелік мазмұны болады. Әр ойынды өткізген кезде шығармашылық талап қажет. Яғни, балаларды ойынға өз қызығушылығымен, ынтасымен қатысуын қамтамасыз ету. Ойын арқылы баланың бойына адамгершілік асыл қасиеттермен қатар, білімге, өнерге деген құштарлығы қалыптасады. Дидактикалық ойын –баланың ақыл — ойын дамытып, таным түсініктерді ажыратудағы әдістердің бірі. Ойын арқылы оқыту – мектеп жасына дейінгі кезеңнің, негізгі ерекшелігі. Білімді меңгеру және оны бекіту үшін, дағды мен әдет қалыптастыруда балаға қайталау және жаттығу қажет. Егер баланың ойлауы образды, эмоциялық әсерде болса, ол соғұрлым жақсы нәтиже береді, сондай — ақ білім қызғылықты әрекетпен байланысты болса ондай білімді бала дұрыс меңгереді.
Мен өз тәжірибемде мектепалды даярлық сыныбында дидактикалық ойындармен ұйымдастырылған сабақтарым балаларға қызықты әрі сапалы көрінеді. Сондықтан дидактикалық ойынды іріктеп алуға нақтылы сабақтың мақсатын, ескеріп ерекше назар аударып отырамын. Дидактикалық ойындарды көркем әдебиет, сөйлеуді дамыту, сауат ашу, қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру, оқу қызметтерінде жиі қолданып отырамын. Ойынды ұтымды пайдалансақ оқу процесі жанданып, оқу қызметінің сапасы артады. Баланың сөздік қоры молайып, сөзді еркін, өз мағынасында қолдануға жетіле түседі. Мектеп жасына дейінгі балалардың зейіні тұрақсыз болғанымен, қабылдау есте сақтау қасиеттері жақсы дамыған. Мысалы «Сауат ашу» сабағында тапсырмаларды ойын арқылы өткіземін. «Буындар достығы», «Тізбекті үзбе», «Сөз ойла, тез ойла» осындай ойын тапсырмалар балалардың ойлау қабілеттерін шыңдайды. Ал «Қарапайым математикалық ұғымды қалыптастыру» оқу қызметінде баланың логикалық ой-өрісін дамытатын ойындар «Жасырын цифрларды тап», «Есте сақта және қайтала» т.б. «Гүл тереміз» ойын жаттығуы балалардың ақыл-ой, еңбек дағдысын қалыптастырады.
Әрбір дидактикалық ойын ойлай білуге баулып, сөздік қорын өсіреді, ақыл — ой қызметін қалыптастырады. Дидактикалық ойын адамгершілікке тәрбиелеудің құралы болып табылады. Кейбір оқушылардың Р, Л, С,Ш, Ң дыбыстарына тілі келіңкіремейді. Бұл мақсатта жаңылтпашты ұтымды пайдалануға болады. Жаңылтпаштар тілді дамытуға, сөзді таза сөйлеуге үйретеді. Дыбысты дұрыс меңгере білген бала сөз, сөйлем ұғымдарын тез меңгере алады. Сөз, сөйлем ұғымы арқылы бала сөздің мағынасы мен қолданылу тәртібінің сан қилы екенін үйренеді. Сабақ күрделене түскен сайын оқушының ой өрісі де арта түседі. Осыған сәйкес ойын түрін де өзгертіп отырған жөн.
Сөйлеуді дамыту, сауат ашу сабақтарында да рөлдік ойындарды қолдануға болады. Рөлдік ойындар мектепке дейінгі балалармен өмірінде елеулі орын алады. Өзінің сипаты жағынан бұлар көбінесе еліктеу, шындықты көрсету болып табылады. Мысалы «Дүкен» ойынын ойнағанда балалар сатушы мен сатып алушы әрекеттеріне еліктейді, ал «Мектеп» болып ойнағанда мұғаліммен оқушының әрекетіне еліктейді. «Отбасы» ойындары арқылы айналадағы өмірді бақылауды үйрене бастайды. Қорыта айтқанда, ойын араласқан сабақ көңілді әрі сапалы өтеді, балалардың білуге деген құштарлығын арттырады, түсініктерін тереңдетеді, бағдарламалық материалдарды меңгеруіне жақсы ықпал етеді.
Шарапова Анаргул Айтжанқызы,
Атырау қаласы
Ж. Нәжімеденов атындағы № 2 орта мектебі
мектепалды даярлық тобы тәрбиешісі