Есептеуді санамақтап айтуды,
Үйрететін жаңа пәнің бар мұнда
Шабыт берер ойың менен санаңа
Талант көзін ашар барлық балаға.
Есептеуге жүйрік болсаң жасыңнан,
Математикаға орын берсең басыңнан
Барлық ғылым соған үйір болады
Досың солар — табылатын қасыңнан.
Балалардың зейінін тұрақтандыру, қабылдауын және танымдық қабілетін жоғарылату. Оқу іс-әрекетіне, ойын әрекетіне белсенді қатысу шығармашылық ізденіске талпындыру жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану. Сабақты қызықты өткізу үшін қосымша материалдар пайдаланамын, сол себептен мен өзімнің тәрбиелеп жүрген балаларыма оқу тәрбие үрдісінде болып жатқан жаңалықтарды пайдаланғым келеді. Мектеп жасына дейінгі балалар кішігірім математикалық терминдер, геометриялық пішіндердің атауларын (дөңгелек, үшбұрыш, төртбұрыш, сопақша) және олардың элементтері (қыры, бұрышы) болатынын, қосу, алу тең ұғымдарын үйренеді. Сонымен қатар балалардың математикалық білімге деген қызығушылығы артады, берілген есепті шешуге өз күш (ерік), жігерін жұмсайды. Бала бір заттың құрылысына, қасиетіне (пішініне, түсі, т.б.) қарай талдау, сараптау, салыстыруға, кеңістікті бағдарлап, салыстырмалы түрде ойлай алады. Әр шаңырақтың үміті болып өсіп келе жатырған алдымдағы әрбір шәкіртімнің бабын таба білу, жүрегіне ел, ұлт деген ұғымды ұялатып, жан шырағын жаға білу. 4-5 жас аралығындағы балалар болғандықтан оң-сол, жоғары-төмен, алыс-жақын деген негізгі ұғымдарды меңгергенімен алыс-жақын, биік-аласа, көп-аз, үлкен-кіші ұғымдарын шатыстырып, 0-ден 5-ке дейінгі сандарды тура санағанымен кері санау және сандарды таңбасына қарай ажырату қиын болды. Өзіме ыңғайлы болу үшін, 1-ші қатарға 3-деңгейді бірдей уақытта орындайтын балаларды отырғызамын, 2-ші қатарға 2-деңгейлі бірдей уақытта орындайтын балаларды, 3-ші қатарға 1-деңгейді ғана орындайтын балаларды отырғызамын. Бұл балалардың тапсырмаларды қызыға, ынталана орындап, кез-келген қиыншылыққа төзуге, жеңуге болады деп ойлаймын.
Балабақшаның басты міндеттерінің бірі бүлдіршіндердің ой-өрісін, іс-қимылын жан-жақты дамыту. Бұл кезең баланың іс әрекетінің қалыптасуы мен дамуы қуаттылықпен жүретін ерекше құнды, қайталанбайтын мезгіл. Бұл мезгілде балаларға берілетін білім ең алдымен тәрбие мазмұны әлеуметтік сұранысқа сай жүзеге асырылуы тиіс. Таным ең алдымен сезім арқылы қабылдауы, бала өз тәжірибесінен бақылап, көріп тануынан тұрады. Сезіну үдерісі кезінде бала бір нәрсені немесе заттың қасиетін, құрылымын таниды, Баланың логикалық ойлау түсігіні ең алдымен оның сезінуімен байланысты. Баланың математикалық түсініктерді дұрыс меңгеруі, баланың дамуы жас ерекшеліктеріне байланысты, бала заттың санын, затты салыстыру (көлемін) теңістіру, орналасуын, саны мен сыңарын белгілеріне қарай табу тәсілдерін меңгереді.
Дамыта оқыту технологиясы. Білім беру жүйесін қайта құру балабақшадан басталатыны белгілі. Ал, білім беруді жақсарту педагогқа байланысты екендігі сөзсіз. Соған орай білім берудің жаңа технологияларын мақсатқа сай қолдана білу қажет. Мысалы: ертегінің мазмұнын ашу барысында «Дамыта оқыту технологиясын» қолдансақ, онда жоғарғы дәрежеде жан-жақты дамуы үшін негізін жасау. Дамыта оқытудың басты мақсаты — баланы оқыта отырып жан-жақты дамыту. Дамыта оқыту әдістемесіндегі ең басты нәрсе балаларды оқытуда шығармашылық әрекетін енгізу. Күнделікті сабаққа әзірленгенде осы дамыта оқытудың әдіс-тәсілдерін пайдалану. Балалардың сабаққа деген ынтасын, белсенділігін арттыруда сабақты түрлендіру, әр түрлі әдіс- тәсілдерді қолдана өткізудің де маңызы зор.
Баланың ойлауына, бала белсенділігіне, сөздік қорын дамытуға, баланың өзіндік пікірінің қалыптасуына мүмкіндік жасайтындығын айтып жетістікке жетуі. Баланың өз ойын сын тұрғысынан ойлап, дәлелдеуге тырысады, ой-өрісін кеңейтеді, еркін ойлай отырып, бірте-бірте мұғалімнің түсіндіргеніне қарағанда өз ізденісімен қызығуын танытып, баланың шығармашылық қабілеті ұшталады. Оның ішінде ерекше бір жағдай: топта көп сөйлемейтін, ойлау дәрежелері төмен балалардың да қызығушылығы туып, олардың өз мүмкіндіктеріне қарай топтар бойынша сабаққа қатысуға тырысуы байқалды, сөйтіп жаңа әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы баланың кішкентай кезінен дүниеге өзіндік көзқарасының қалыптасуына жол ашылады. Мектеп жасына дейінгі балаларды оқытуда ойын технологиясын пайдалану қажет. Өйткені мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі әрекеті ойын болғандықтан, әрбір педагог ойын технологиясын жетік меңгеруі тиіс деп санаймын. Ойын барысында балалар тілдесу ережелерімен танысады. Біз балаларға әр түрлі тапсырмаларды береміз, тапсырмаларды орындау барысында мыналарды үйренеді:
— заттардың белгілерін сипаттау ;
— берілген белгілері бойынша заттарды тану;
— заттардың бірдей және әр түрлі қасиеттерін анықтау;
— заттарды пішініне, түсіне, көлеміне қарай жіктеу дағдыларын қалыптастыру;
— іс -әрекеттердің бірізділігін анықтау;
— өз қызметінде уақытша жақтауларды көру;
— кеңістікте, қағаз бетінде бағдарлау;
— жалпылау, зейінді болу;
— есте сақтау қабілетін, қолдың кіші моторикасын дамыту;
— әр түрлі түсініктерге анықтама беру;
— тапқырлықты және ұғымталдықты дамыту.
Мен өзімнің тобымдағы балалардың жас шамасы ерекшеліктерін ескере отырып, іс-тәжірибеге байланысты әр-түрлі оқу іс-әрекеттер өткізу өте тиімді әдіс деп ойлаймын. Олай дейтініміз, оның ерекшелігі сабақтардың бір-бірімен байланыстылығында. Жаңа технологияны жүзеге асыруда тәрбиешінің белсенділігі, шығармашылық ізденісі, өз мамндығына деген сүйіспеншілігі, алдындағы шәкірттерін бағалауы ерекше орын алады. Шығармашылық қабілет әр баланың табиғатында болуы мүмкін. Біздің міндетіміз — балаға оның бойында жасырынып жатқан мүмкіндіктерін ашып көрсету. Кез-келген бала тәрбиешінің басшылығымен орындаған шығармашылық жұмысының нәтижесінде өзінің ішкі мүмкіндіктерін дамытады. Егер бала бойындағы қабілетті тәрбиеші байқамаса, ол бала басқа балалармен бірдей болып қалады, сондықтан қабілеттің дамуына түрткі бола білуі керек. Сабақты қызықты өткізу үшін, тәрбиешінің өзі даярлануы керек. Деңгейлік тапсырмалар, ауызша логикалық есептер дайындауы қажет. Математика сабағында баланың ой еңбегі мен қабілетін арттыру және дамытудың тиімді әдістерін қалыптастыра білу керек:
— берілетін тапсырманың орындалуын білу және оны ұғыну керек;
— есеп шығарудың әртүрлі жолдарын, тәсілдерін игеру керек;
— балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында ойын түрлерін пайдалану керек.
Осы айтылған әдіс-тәсілдердің бәрін жүзеге асыру оңай шаруа емес. Оған шығармашылық тұрғыдан ізденіс, шыдамдылық, жұмыс жасай білу қажет.
- Әр бала өздігінен жұмыс істеуге дағдыланады;
- Баланың жеке қабілеті айқындалады :
- Іштей бір-бірінен қалмауға тырысады;
- Тапсырманың күрделену деңгейіне сәйкес, баланың ойлау қабілеті артады;
- Әр бала өз деңгейіне, қабілетіне қарай бағаланады;
Осындай жұмыстарды ойдағыдай атқару үшін тәрбиешінің балаға берер әсері болу керек. Мысалы: балаға сенім қалыптастыру үшін «сен білесің», «сенің қолыңнан келеді», «үйренесің» деген сөздер қажет. Баланың өз ойынан шыққан жетістігін жоғары бағалап, мадақтап, көтермелеп отыру керек.
Оқу іс-әрекетті түрлендіріп өткізуді дұрыс деп санаймын:
- Оқу іс-әрекетті түрлендіріп өткізу;
- Басқа сабақтармен ұштастыру;
- Жарыс оқу іс -әрекеттері;
- Көрнекіліктер арқылы.
Оқу іс-әрекетті түрлендіріп өткізу деген тарауда мысалы: іс-әрекетінің кіріспе бөліміне сол бүгінгі өткізілетін математикалық ұғымдарды немесе санға байланысты тақпақтар, санамақтар, айтамын. Жұмбақ, ауызша есептер шығарту арқылы балалардың ойлау қабілеттерін арттырамын. Сабақ ортасында балалар шаршамау үшін сергіту сәтін жүргіземін.
Басқа сабақтармен ұштастыру математика пәнін жапсыру, сурет, дене тәрбиесі, тілді дамыту пәндерімен байланыстыра өткізсе, тәрбиешінің балаларға және білім беру еңбегі нәтижелі болар еді.
Апай, менде квадрат, төрт үшбұрыш, сопақша бар еді. Мен квадраттан үйдің қабырғасын, бір үшбұрыштан үйдің шатырын жасадым. Менде үш ұшбұрыш қалды.
- Ансар: менің басым сопақша, көздерім дөңгелек. Аузымды ашсам дөңгелек, жапсам сызықша.
- Сардар: менің басым дөңгелек, бетім төртбұрыш.
Математика сабақтарында «Кім тапқыр», «Сыңарын тап», «Қайсысы көп-аз», «Үлкен-кіші», «Ұзын-қысқа» атты тағы басқа жарыс оқу қызметін өткіземін. Мұндағы көздеген мақсатым: балада психикалық қасиеттердің қалыптасуы мен дамуын және жыл бойы алған білімдерінің деңгейін тексеру. Мұндай сабақтар баланың қызығушылығын арттырып, дүние заттары мен құбылыстарын танысам, көре білсем деген талабын арттыра түседі.
Ал көрнекілік арқылы балаларға көрсететін көрнекілігім үлкен, әдемі, бояуы қанық, әрі балаға көрінетіндей етіп қабылдаймын. Іс-әрекетінің екінші бөлімінде балаға берілетін карточкалар эстетикалық талғамға сай болуы керек. Көрнекілік қолдану кезеңінде мынадай қағидалар басты назарда болады:
- Көрнекілікті көрсетер алдында мақсатын нақты айқындау;
- Көрнекілік оқытудың өзге де құралдарымен қоса пайдалану;
- Көрнекіліктің барлық балаға түгел, жақсы көріну. Осы ережелерді сақтай отырып, сабақтарымда көрнекілік пайдаланамын. Мысалы: суретпен жұмыс, сөзжұмбақтар, т.б. қолданып отырамын.
Іс-әрекетімде логикалық ойындарды ойнағанда, балалардың ойлау қабілетін арттыру. Логикалық жаттығуларды орындау баланың ақыл-ойын, қиялын, ой ұшқырлығын дамытады.
Қорытындылай келе, әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны белгілі бір бағытқа жетелеу – ұстаз парызы. Шығармашылық жаттығулар балалардан тек қана математикадан білім емес күнделікті өмірде кездесетін әртүрлі жағдайға байланысты білімді талап ететін тапсырмалар. Балалардың байқағыштығын дамытуға негізделген логикалық ойлауды дамыта оқытуды негіздеу
- Алдын-ала дұрыс мәлімет беру.
- Логикалық ойлау қабілеттерін қалыптастыру.
- Баланы психологиялық тұрғыда дайындау.
- Тәрбиешінің пәнге деген дұрыс көзқарасы.
Күн әлемді жарықпен жылумен нұрландырса, өз еліміздің мәртебесінің биіктеуіне біздің жас ұрпағымыз өз үлестерін қосады деген сенімдемін.
Оқытудың қай түрін қолдансақ та ең бастысы – балаға деген сенім, баланың өз ісіне жауап беруі мүмкіндігіне сүйене отырып, балаға деген сенімді арттыру.
Оның басқада талай тиімді тұстарын күнделікті ұстаздық тәжірибемізден анықтай береміз деп ойлаймын.
Адилова Нуржанат Сагатбековна
Қарағанды қаласы, КМҚК «Қарлығаш»
балабақшасының тәрбиешісі