Мектеп жасына дейінгі балаға экологиялық тәрбие беру маңызды. Табиғат сұлулығы рухани қайырымдылыққа тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады, яғни балаларды мейірімділікке, адамгершілікке, жақын адамдарға қамқор бола білуге көмектеседі. Балалар үшін табиғат – бұл әр түрлі табиғи құбылыстарды танудың және сөздік қорын байытудың көзі. Мектепке дейінгі жастағы балаларға адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасты анықтайтын экологиялық тәрбие беруге байланысты мектепке дейінгі тәрбие мекемелердің алдында негізінен мына төмендегі міндеттер тұр.
Атап айтқанда:
- Педагогтардың экологиялық тәрбие беру жөнінде білім деңгейін көтеру;
- Балаларды айналамен таныстырудың бағдарламасын олардың ата-аналарына насихаттау;
- Әр түрлі жастағы балалар топтарындағы оқу-тәрбиелік жұмыстар;
Баланың дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы 7 жыл – оны тәрбиелеу мен оқытудағы ең басты кезең болғандықтан, оны ескерусіз өткізіп алуға болмайды. Сұлулыққа тәрбиелемей тұрып, жақсы ниеттегі, адамгершілігі бар, шығармашылықпен жұмыс істейтін адамды қалыптастыру мүмкін емес. Балалар тәрбие арқылы, ересектердің өнегесі арқылы дүниені таниды, көруді, сезінуді, тыңдауды үйренеді. Балабақшамыздағы тәрбие ісінің негізгі міндеттерінің бірі – «Балаларды айналамен таныстыра отырып, оларға экологиялық тәрбие беру» болып табылады. Балалармен жұмыс істеу барысында сабақ өтілетін бөлме ғана емес, сонымен қатар мекеме орналасқан ғимарат та әсем болуы керек. Егер балалар сұлулықты өмірден өз көздерімен көре отырып, оның өмірімен байланысып сезіне білсе, онда олар сұлулықтың бар екеніне сенеді. Мектепке дейінгі жастағы балаға экологиялық мәдениеттің алғашқы түсініктерін қалыптастыру үшін:
- Мектепке дейінгі мекемелерде балаларға экологиялық тәрбие берудің алғы шарттарын құру;
- Балалардың экологиялық сауығуының дамуы үшін атқарылатын жұмыстарға көгалдандырылған зоналар құру және ұйымдастыру;
- Тірі объектілерді күтіп-баптауға қолайлы ортаны іс жүзінде құру үшін іс-шаралар ұйымдастыру;
- Сабақта көркем құралдарды, әдістемелік және материалдық құралдарды, ойыншықтарды, түрлі ертегі кейіпкерлерін жүйелі түрде қолдану;
- Педагог мамандардың білім деңгейі мен олардың біліктілігін арттыру.
К. Д.Ушинский «Баланы табиғатпен жастай таныстыра дамыту, оның өзіндік логикалық ойын, сөз қорының, санасының жетілуіне әсері мол екенін атап көрсеткен. Логикалық ойдың, пікірдің дамуы баланың келешекте рухының жоғары болуына, батыл пікір, нақты шешім айтуына және оны дәлелдеп беруге жетелейді. 5-6 жастағы балалар табиғат және ондағы көптеген заттар, құбылыстар жайлы мағлұматтардан хабардар болады. Жыл мезгілдеріне сәйкес /күз, қыс, көктем, жаз/ күзде жапырақтар сарғаятыны, құстардың жылы жаққа ұшатыны, тұманды, жаңбырлы күндердің көп болатыны т.б. бала түйсігінде із қалдырмай қоймайды. «Күз» дегенде «жапырақтар сарғайып түседі» деген ойдың пайда болуы оларды күнделікті өмірмен тығыз байланыстырады. Себебі, күзде баланың таза ауада жапырақтармен ойнайтын кезі аз емес. Бес жастағы бала жылдың төрт мезгілі бір-бірінен ерекшеленетінін толық айтып бере алмайды. Бірақ күзден кейін қыс, көктемнен кейін жаз келетінін біледі. Сонымен қатар бала күнделікті көріп жүрген қой-ешкі, сиыр мен жылқы сияқты үй жануарларын, хайуанаттар әлемінен көрген ит, қасқыр, түлкі сияқты аңдар мен құстарды таниды. Олар жайлы өзіндік ой — түйсіктері болады. Мысалы: кірпі қыста ұйықтайды, жазда орманда жүреді, оның үстіндегі тікеніне қандай зат түсетін болса /жапырақтар, жидектер т.б./ сонымен қоректенеді деген сияқты. Бес жастағы бала табиғаттағы шындық пен ертегідегі жағдайларды бір-бірімен шатастырады да, оларда мынадай ойлар тууы мүмкін. Мысалы, «аю бармағын жалайды», «аю жылыну үшін ағаштың діңіне тығылады». Шындығында, аюдың, кірпі, борсық т.б. жануарлардың қыста ұйықтауының өзіндік биологиялық мәні бар. Балаларда табиғаттағы заттарды бір-бірімен салыстыру, олардың бір-бірінен қандай айырмашалығы бар, осы жайлы өзіндік ойлар туа бастайды. Бес-алты жасар балаларда табиғаттағы заттардың, жануарлардың, өсімдіктердің бір-бірінен қандай айырмашылықтары арқылы ерекшеленетінін ғалымдарымыздың мынадай тұжырымдары анықтай түседі. Мысалы, жануарлардың пішіні, түр-түсі, сыртқы жамылғысы т.б, арқылы салыстырады. Бұл жастағы бала мысық пен кірпіні былай салыстырады: кірпінің терісі инелер, мысықта тері, ал тері кірпінің бауырында ғана болады, мысықта мүлде инелер болмайды және т.б. Бала осы сөздермен мысық пен кірпінің ерекшелігін толық сипаттадым деп ойлайды, ал шын мәніндегі ой-түсінік кейін келе қалыптасып, жетіле береді. Осыған сәйкес, «Өсімдіктер әлемі» тақырыбын өткенде, балаларды балабақша ауласындағы ағаштармен, гүлдермен, шөптермен таныстырып, олардың жылдың әр мезгіліне сай өзгеріп отыратындығын түсіндіріп өткен жөн. Мысалы, 5-6 жастағы балаға қыста ағаштардың жапырақтары түсіп, қураған сияқты болып көрінеді, бірақ ол ағашта қыста да тіршілік үзілмейтінін айтып түсіндіру керек. Ерте көктемде ағаштың 2-3 бұтағын кесіп, топта суға салып қою арқылы одан бүршік өсіп шығатынын, демек қыста да өсу процесі тоқталмайтынына балалардың көздерін жеткізуге болады.
Қорытындылай келе:
1.Балалардың дамуында экологиялық тәрбиенің маңызы зор. Балалардың барлық іс-әрекеті, ақыл-ойы осы айнала қоршаған ортамен тығыз байланыста және экологиялық тәрбие балабақшамен шектелмейді, мектепте осы білімдерін одан әрі өрбітіп, байытады.
- Экологиялық саяхаттар, серуендер, ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттердің барлығы ойындар арқылы дамиды, түйсікте сақталады. Бала алған білімді көру, ұстап қарау арқылы тез қабылдайды. Балалармен өткізген ойындар көп жетістіктерге жеткізеді.
Доскалиева Айгуль Қойшыбайқызы,
БҚО, Орал қаласы
№46 «Ақжайық» бөбекжайының тәрбиешісі