Home » Балабақша » Мектеп жасына дейінгі балаларға тақпақ үйретіп, жаттатудың маңызы

Мектеп жасына дейінгі балаларға тақпақ үйретіп, жаттатудың маңызы

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,

Қазақтың келістірер қай баласы?

Абай Құнанбаев

 

Балабақшада бала тілін дамытудың негізгі мақсаты: ойлау, дұрыс сөйлеу қабілеттерін дамыту, сөздік қорын молайту, сөйлем құрап өз ойларын жеткізе білуге, ертегілерді әңгімелеуге, өлең, тақпақ, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштарды айта білуге үйрету болып табылады. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің өздерінің бойына шақ әдеби мұралармен сусындатып тәрбиелеу – педагогтардың алдындағы міндеті. Ертегі, әңгімені, өлең-тақпақтар мен жаңылтпаштарды, сондай-ақ мақал мәтелдер мен жұмбақтарды мәнерлеп оқып беру мен әсерлеп айту олардың сөздік құрамын байытып қана қоймайды, сонымен қатар, сәбидің ақыл-ойының жетілуіне әсерін тигізеді.

Бір жастан асқан бала суретті кітаптарды қараудан жалықпайды, ал тақпақ тыңдағанды жаны сүйеді. Балаға тақпақ үйреткен кезде оны мәжбүрлемей, оның көңіл хошы бар кезде жаттатқан жөн. Бастапқыда 2-4 қатардан тұратын өлеңдерді оқып берген дұрыс. Баланың есте сақтау қабілеті 4-5 жастан соң шапшаң дами бастайды. Осы жаста баланың есте сақтау қабілеті тоқтап қалмауы үшін үнемі жеңіл өлеңдер жаттатқан пайдалы. Ең алдымен балаға жеміс-жидектер туралы  тақпақ жаттату қажет. Себебі бала жеміс-жидекке, тәттіге үйір келеді. Оған «сәбіздің витамині көп, сәбіз же» дегеннен гөрі:

«Қара жер төсегі,

Бар оның есебі.

Сәбізді көп жесең,

Бойларың өседі» деп тақпақ үйреткен пайдалы. Жеміс-жидектің қасиетін білген бала оны ешкім айтпай-ақ, өздігінен жей бастайды. Сәбидің танымына сәйкес жазылған тақпақ оның білімге деген қызығушылығын оятады. Орыс ғалымы Е.Кудрявцева «Тақпақтың мазмұны баланы бірден баурап алуы тиіс. Сондықтан оған өзі білетін аң, құстар, өсімдіктер, бұлт пен жаңбыр жайлы қысқа шумақтарды үйреткен абзал» дейді.

Мысалы:

Хайуанаттар туралы тақпақтарға:
Қой

Бақ пен ырыс дарыған,

Барлық бала таныған.

Ежелден ақ бабалар

Қой бағумен жарыған.

 Жылқы

Шапса алға ұмтыла,

Жел жетпес жылқыға.

Сәйгүлік, тұлпардың,

Ғажап қой тұрқы да.

Табиғат туралы тақпақтарға:

Күн

Шуақ шашып аспаннан,

Шықса әлемге сән боп күн.

Тіршілігі басталған,

Жан-жануар жәндіктің.

Ай

Күн батса туып алтын ай,

Жайғасқан көктің төріне.

Сәулесін шашып жарқырай,

Сән берер жердің өңіне.

Тақпақтың әр жолындағы буындар саны 7-8-ден аспауы керек. Өйткені қара өлең үлгісіндегі өлеңдер қабылдауға, жаттауға қиын. Әрі баланы тез шаршатады. Біз тақпақтарды таңдағанда, осы қағиданы басшылыққа алсақ, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. Тақпақтарды жатқа айту баланың есте сақтау қабілетін күшейтеді. Ең қызығы, психологтар «Егер бала аяқ астынан еркелеп бүлінсе, оның құлағына өзі жаттаған сүйікті тақпақтарын сыбырлап айтып беріңіз» деп кеңес береді. Мұндайда ол тез жұбанып, тақпақтың келесі шумағын өзі айта бастайды екен.

Қорыта айтқанда, балалардың ана тіліндегі дыбыстарды анық айтып, дұрыс сөйлей білуіне балабақшада берілер тәрбиенің ықпалы зор. Қазіргі заман талабына сай оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру, яғни әр баланы жеке тұлға ретінде қабылдап, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді ойына, бойына шақ әдеби мұралармен сусындатып тәрбиелеу – тәрбиешінің алға қойған міндеті. Балаларды өз балаларымыздай жақсы көріп, білгенімізді олардың санасына құю, жеткізу – тәрбиешінің алға қойған мақсаты болуы тиіс. Сол мақсатқа жету үшін талмай, қажымай еңбек ету керек деп ойлаймын. Себебі «Еліміздің болашағы – жастардың қолында», ал оларды біздер тәрбиелейміз.

 

Нұрбике Алтынбекқызы Сарсенова,
БҚО, Орал қаласы.
№38 «Жазира» бөбекжайының тәрбиешісі

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.