Home » Балабақша » Мектеп жасына дейінгі балалармен қоршаған ортаны тануда тәжірибелік- эксперименталдық  әрекетті ұйымдастыру

Мектеп жасына дейінгі балалармен қоршаған ортаны тануда тәжірибелік- эксперименталдық  әрекетті ұйымдастыру

Эксперименттердің бала бойындағы сезімталдық қасиеттердің, көркемдікке құмарлық және музыкалық қабілеттердің дамуына, еңбек дағдыларының қалыптасуына және қимыл-қозғалыстың жалпы деңгейінің көтерілуіне орай денсаулығының жақсаруына әсер ететінін атап өтпеуге болмайды. Эксперимент жүргізу кезінде баланың ақыл-есі қуаттанады, барлық ойлау процесінің белсенділігі артады. Көргені туралы есеп беру қажеттілігі, қорытындылар мен заңдылықтар жасауға ұмтылу тіл байлығын дамытуға ықпал етеді. Балалар эксперимент жүргізуге құмар. Бұл түсінікті де, ақыл-ойды дамытатын көрнекі-әрекеттік және көрнекі-образдық әсерінің арқасында эксперименттер бала үшін өмірінің алғашқы үш жылында әлемді танып-білудің бірден бір, үш жастан кейін де ең басты әдісі болып қала береді. Эксперимент жасаудың түп-тамыры бөбектер тобында заттарды қозғалысқа түсіріп, әдіс-амалдар жасаудан басталады. Эксперимент жүргізу балалардың өзінше дербес тәжірибе жинауына және түрлі байқаулар мен қателіктер арқылы өзінің жас ерекшелігіне сай шынайы  білім алуына  мүмкіндік береді.

Балалар  жүргізетін эксперимент-оқыту әдісі болып табылады. эксперимент дегеніміз — таным объектісін зерттеуге, болжамдарды тексеруге және т.б. арналған тәжірибе. Таяу уақыттан бері эксперимент жүргізу оқыту әдістерінің бірі ретінде қарастырыла бастады, оның тиімділігі өте жоғары, өйткені, бұл әдіс балалар мен таным объектісінің тікелей қарым- қатынас жасауы жолымен білім алуына мүмкіндік береді, олардың арасына аралық- дәнекерлік буын, мәселен, кітап мәтіні, иллюстрация, т.б. қатыспайды.

Балалар жүргізетін эксперимент іс-әрекеттің басқа түрлерімен, оның ішінде ең алдымен, бақылау және еңбек сияқтылармен тығыз байланысты.

Бақылау кез — келген эксперименттің құрамдас бөлігі болып табылады, өйткені, тәжірибенің барысы және оның нәтижелері соның көмегімен анықталады. Егер бақыланатын процесс өздігімен, адамның қатысуынсыз дамыса, бақылау экспериментсіз–ақ жүруі мүмкін. (Мәселен, табиғаттың көктемде бусануы). Бірақ бақылаусыз эксперимент болмайды.

Эксперимент пен еңбектің арасында да осындай  қатынас бар. Еңбек (мысалы, қызмет көрсету) экспериментке қатысты атқарылмауы да мүмкін, бірақ еңбек іс-әрекетін жүргізбей, эксперимент өтпейді.

Эксперимент жүргізу мен тілді дамыту өзара тығыз байланысты. Бұл эксперименттің барлық кезеңдерінде – мақсатты айқындағанда, қорытындылар шығарып, атқарылған жұмыстың сөздік есебін жасағанда жақсы байқалады. Бұл байланыстардың екі жақты сипатын атап өту керек. Ойды нақты жеткізе білу тәжірибе жүргізуді жеңілдетеді, сондай-ақ білімнің молығуы тілдің дамуына ықпалын  тигізеді.

Тастармен тәжірибе жасау

Тақырыбы : «Жеңіл– ауыр»
Мақсаты: Тастар  ауыр және  жеңіл болатындығы туралы түсінік беру

Жүру барысы: тәрбиеші балаларға тастарды қарауды ұсынады. Олар қандай? (Үлкен және кішкентай). Содан кейін тәрбиеші кішкентай тасты алуды сұрайды. Бала оны жеңіл алады. Тәрбиеші тастың жеңіл екеніне назар аудартады. Содан кейін үлкендеу тасты алу сұралады. Бала тасты көтереді, ауырлау болғасын көтеру оңай болмады. Ең үлкен тасты көтеруді ұсынады. Бала тапсырманы орындай алмайды. неге? (өйткені тас өте ауыр).

Қорытынды: тастар жеңіл және ауыр болады.  Олар оның көлеміне байланысты.

Қағазбен тәжірибе
Тақырып:
 «Қағаз жапырақтар»
Мақсаты: Қағаздың жеңіл екендігі туралы түсінік беру
Құрал-жабдықтар: қағаз, су құйылған ыдыс.

Жүру барысы:  Тәрбиеші балаларға қағазды бере отырып, ол жеңіл ме әлде ауыр екендігін анықтауды ұсынады.  Содан кейін оны тексеруді ұсынады.  Тәрбиеші алақанына қағазды қойып,  балаға оған үруді сұрайды. Не өзгерді? (қағаз алақаннан ұшып кетті) неге? (өйткені ол жеңіл). Содан кейін  тәрбиеші қағазды су құйылған ыдысқа салады. Не өзгерді? (қағаз жүзіп жүр). Қағаз неге батып кетпеді? (ол жеңіл)

Қорытынды: қағаз жеңіл болғасын ол суға батпайды, оны үрлеген кезде ұшады.

Құммен тәжірибе

Тақырыбы:  “Іздер”

Мақсаты: балаларға сулы құмда іздер қалып қоятындығын түсіндіру.

Құрал-жабдықтар: құм салынған ыдыс, су құйылған ыдыс

Жүру барысы: тәрбиеші құрғақ құмға өз алақандарының ізін қалдыруды сұрайды.Іздер анық көрініп тұр ма?(жоқ).  Тәрбиші құмды сулап араластырып, тегістеп қояды. тәрбиеші құрғақ құмға өз алақандарының ізін қалдыруды сұрайды. Іздер анық көрініп тұр ма?(иә).  Құмда қолдың ізі неге қалды? (өйткені құмды суладық)

Қорытынды:құрғақ құмда іздер қалмайды, ал ылғалды құмда іздер қалады.

Ауамен тәжірибе
Тақырыбы:
 «Ойыншықты батырамыз»
Мақсаты: ауа судан жеңіл екендігін түсіндіру.
Құрал -жабдықтар: су құйылған ыдыс. Резеңке ойыншықтар.

Жүру барысы: тәрбиеші балаларға резеңке ойыншықтарды көрсетеді. Содан кейін ойыншық жарығынан шыққан ауаны балаларға сезетіндей етіп бағыттайды. Неге олай болды?  (өйткені ойыншықта ауа бар)

Тәрбиеші балаларға ыдыстағы судың түбіне ойыншықты батыруды сұрайды.  Не өзгерді? (ойыншық су бетіне көтеріледі). Бұл ойыншықта ауа бар екенін білдіреді. Өйткені ауа судан жеңіл.

Қорытынды: ауаға толы ойыншықтар суға батпайды.

Салыхова Арайлым Негметуллиновна
МКҚК №18 «Балдырған» бөбекжайы
«Бәйтерек» ІІ кіші және ортаңғы аралас тобының тәрбиешісі
БҚО, Орал қаласы

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.