Қазіргі кезеңде білім-ғылым саласында инновациялық педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде де педагогикалық технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымдардың біріне айналды.
Жаңа заман баласы – ертеңгі ел болашағы. Жаңа заман баласын қалыптастырып, дамыту үшін, тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай туғызу қажет.
Әрине, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуы педагогтардың педагогикалық технологияларды қолдана білу сауаттылығына байланысты. Яғни, педагогикалық технологияны қолдану негізінде келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді, шығармашыл болуына жағдай жасау – қазіргі таңда әрбір педагогтың міндеті.
Қоғамдағы қазіргі даму кезеңінде мектепке дейінгі мекемелердегі білім беру жүйесінде оқыту, тәрбие беру үрдісін технологияландыру – басты мәселенің бірі.Осыған орай мектепке дейінгі мекемелердің тәжірибесіне оқыту мен тәрбиелеудің әр түрлі технологиялары енгізілуде.
Бүгінгі күні білім беру жүйесі жаңа педагогикалық технологияның негізделуін және ақпараттық құралдардың кеңінен қолданылуын кажет етеді. Балабақшада оқу-тәрбие үрдісінде жаңа технологияны пайдалану заман талабынан туындап отыр. Бәсекеге қабілетті білім кеңістігін құруда қазақстандық білім беру реформасын ең басты мақсаттарының бірі –иновациялық технологияларға сүйене отырып, бүлдіршін бойына танымдық қасиет қалыптастыру, шығармашылық ойлауын дамытуға мүмкіндік жасау. Осындай күрделі мәселелерді шешуде мектепке дейінгі мекемелердің алар орны ерекше.
Заманымызға сай қазіргі қоғамдағы ақпараттандыруда тәрбиеші-ұстаздардың біліктілігін, ақпараттық коммуникациялық технологияны қолдану саласын көтеру – негізгі міндеттердің біріне айналды. Қазіргі заман талабына сай тәрбие мен таным саласына енгізілген жаңа бағыттағы тың үрдістерді әрбір тәрбиеші меңгеріп қана қоймай оны тәжірибеде орынды қолдана отырып, өз білімін, іскерлігін үздіксіз жетілдіруі тиіс. Жаңа өмірдің стандарты – «Жалпыға бірдей білім, өмір бойы білім алу».
Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен дамытуды ұйымдастыру бойынша отандық және шетелдік ғалымдардың инновациялық тәжірибелерін пайдалану қажеттілігі факторлары жаңа стандарт жүйесінде іске асырылады.
Біздің №41 «Ақ тілек» бөбекжайында оқу-тәрбие үрдісі жаңа стандарт бойынша құрылған.
Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытудың ақпараттық бағыттары:
-Жаңашыл ұстаздар тәжірибесін тарату.
-Шығармашылықпен жан-жақты жұмыстану.
Жалпы балабақшада баланың шығармашылық қабілетін дамыту.
Жаңа стандарт негізінде білім беру үрдісі 5 салада ұйымдастырылады:
Денсаулық
Коммуникация
Таным
Шығармашылық
Әлеумет
Оның ішінде балалардың шығармашылық қабілеті мен ойлау үрдісіне негіз болатын «Таным» – білім беру саласының негізгі бағыты.
«Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» деп Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай, балабақшада баланың таным процесін ізгілендіру мақсатында көптеген оқу-тәрбие үрдістері жан-жақты ұйымдастырылып өткізіледі.
Биылғы 28 қараша күні бөбекжайымызда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлерге облыс көлемінде семинар ұйымдастырды.
Тақырыбы: «М.Монтессори, В.Воскобовичтің педагогикалық технологиялары арқылы жаңашылдықта жұмыстану.
Балабақша мен мектептің сабақтастығын жаңартылған мазмұнмен сапасын арттыру». Семинарда жаңашылдыққа байланысты «Математика патшалығына саяхат» тақырыбында I санатты тәрбиеші Г.Қуанышкалиева 2-ші кіші топқа ашық оқу қызметін өткізді. Мақсаты: жаңа технологиямен оқу қызметін өткізу, балаларды жаңа технологиялық ақпаратпен таныстыра отырып ойнату, қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар, I санатты педагог-психолог Ж.Тұяқованың семинарда ұйымдастырған «Сенім – менің серігім» тақырыбындағы тренингі әсерлі өтті. Балабақшада өткізілген әр мерекелік іс-шара, апталық, айлық, түрлі ашық оқу іс-әрекеттері аудио-бейне құралдармен түсіріліп, таспаға уақытында жазылады. Тәрбиеленушілер өздері түскен іс-әрекетін үнемі телеэкранмен тамашалайды.
Инновациялық білім беру құралдарына аудио, бейне құралдар, компьютер, интерактивті тақта, интернет, электронды киіз үй, оқу-әдістемелік көмек, сөйлейтін қалам жатады.
Ортаңғы топтың II санатты тәрбиешісі А.Абдушева мектепалды даярлық пен ортаңғы топ арасындағы «Қызықты ойындар» атты кіріктірілген зияткерлік сайысты жаңашылдық танытып, бейнеэкранмен өткізді. Нәтижесінде балаларды жаңашылдыққа тәрбиеледі. I кіші және ортаңғы топ тәрбиешілері А.Мендыкерей, Д.Жұқатай «Құмдағы ғажап ойындар» тақырыбында құмдағы ойындарды жаңа технологиялармен өткізді.
II санатты саз жетекшісі Р.Кушалиева жаңа бейнеэкранды пайдаланып, бүлдіршіндерге түрлі оқу қызметтерін өткізіп келеді.
«ҚР-ның Тұңғыш Президенті – Елбасы» атты балабақшаішілік апталықта ән-саз, көркем сөз, қолөнер байқаулары ұйымдастырылды. Жаңа әндер орындалды. Ортаңғы топтың I санатты тәрбиешісі А.Унайгалиева және II санатты тәрбиеші А.Бектурганова жас мамандар арасында тәлімгерлік ретінде «Тәуелсіздік және Елбасы» тақырыбында көркемсөз мәнерлеп оқу сайысын өткізіп, көзге түсті.
Бөбекжайымыздағы тәрбиеші Н.Урашева тәрбиеленушілерге қазақ ертегілерін бейнеэкранмен тамашалатты. Әр топ арасында дидактикалық, логикалық ойындар ұйымдастырылып, балалардың таным қабілеттерін дамыту бағытында интеративтік тақтамен өткізілді.
3-5 жасқа дейін баланың негізгі іс-әрекеті ойын болса, осы кезеңде бала белгілі бір әлеуметтік рөлді қабылдайды. Баланы оқыту мен тәрбиелеуде күштеусіз бедел мен ықтиярсыз ойын түрлерін жүргізу арқылы балаға таным қалыптастыра аласыз. Сондықтан жаңа стандарт негізінде баланың танымын қалыптастыру бағытында педагогтердің өз білімі мен кәсіби деңгейін жетілдіру – кезек күттірмес мәселе. Жаңашылдық – педагогикалық технологияларға жаңалықтарды енгізу болып отыр. «Жаңашылдық» ұғымы жаңару, өзгерту, жаңашылдық дегенді білдіреді.
Қорытынды:
Балабақшада ақпараттық технологияны пайдалану – бала танымын жан-жақты дамытудың шешуші құралы. Мысалы, мультимедиялық оқулықтарды балабақшада пайдаланар болсақ, оқу қызметтерінде жоғарғы дәрежеде жүзеге асыруға болар еді. Мұндай жағдайда тәрбиеші бала тәрбиесімен айналысқанда әр түрлі шара, оқу қызметтерін өткізер алдында жиі-жиі көрнекіліктер ауыстырмаған болар еді. Бұндай оқулықтар пайдалану алдымен балалардың қызығушылығын, оқу қызметтеріне деген танымын, белсенділігін арттыра түсер еді. Мультимедиялық оқулықтар – балабақша бүлдіршіндеріне арналған таптырмас құрал. Ақпараттық технологияларды пайдалану тәрбиеленушілердің танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, логикалық ойлау жүйесін қалыптастырады, шығармашылықпен еңбектенуіне жағдай жасайды.
Қазіргі қоғам алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуде, яғни жан-жақты, мәдениетті, шығармашыл, әлеуметті бейімделген тұлға қалыптастыру үшін ұстаз өзі де шығармашыл тұлға болуы тиіс.
Олай болса, келешек ұрпағымыздың жан-жақты, терең білімді, яғни интеллектуалды деңгейінің жоғары болуына қойылатын талап зор.
Тәрбиеші – бала бойына білім нәрін себетін басты тұлға. Жаңашыл тәрбиеші даярлауға қойылатын талаптар студенттерді оқытудың жаңа түрлерімен қаруландыра отырып, қазіргі уақыттағы кәсіптік дағдыларын игеруге бағытталған оқытудың жаңа жолдарын енгізуді көздейді.
Заман талабына сай жаңашыл тұлға тәрбиелеуде нәтижелі жұмыс жасау – алға қойған басты мақсатымыз.
Жайнагүл Нұрланқызы Джумагелдина,
БҚО, Орал қаласы
№41 «Ақ тілек» бөбекжайы» МКҚК әдіскері