Қолданылатын материалдар: Түрлі-түсті асықтар.
Мақсаты: Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын іске асыру Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында, Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпыға міндетті мемлекеттік стандартында айқындалған міндеттерді орындауды талап етеді. Бағдарламаның мақсаты: балалардың жас ерекшеліктері мен жеке мүмкіндіктеріне, қабілеттері мен қажеттіліктеріне сәйкес білім, білік және дағдыларын қалыптастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарын, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясына негізделген жалпыадамзаттық құндылықтарға, патриотизм мен төзімділікке тәрбиелеу.
Барысы: Мектепке дейінгі кезеңнен бастап ұлттық тәрбиені қалыптастыру, баланың физикалық және ой-өрісінің дамуын қамтамасыз ететін жаңа технологияларды іздестіру өте өзекті деп білемін.
Құрметті әріптестер, бүгін сіздермен мектеп жасына дейінгі балаларды жан- жақты дамытуда асық технологиясын қолданудың әдістерін қарастырамыз.
Балабақшадағы асық ойнай бастаған баланың бойындағы өзгерістерді ата-аналары күн сайын байқауға болады. Яғни, бала еңкейеді, тұрады, үздіксіз қозғалыс дене сымбатына көмектеседі. Сонымен қатар, кәсіпкерлік қабілеті дамиды, ұтып алған асығы көбейген сайын қуанады. Жанындағы өзі қатарлы балалармен бірге ұйымшылдығы мен тіл байлығы дамиды. Асықты ұяшықтарға салу баланың саусақ буындарына өте пайдалы. Балалар боялып, тесілген асықты бір түстен кейін екінші түсті жіпке өткізіп, тізбектейді. Тізу арқылы бала түстерді бір-бірінен ажырата алады, қолының ұсақ маторикасы дамиды. Саусақтарымен жұмыс жасау арқылы саусақтары иілгіш болып жаттығады. Мұның бәрі баланың қиялы мен ойын, ұшқырлығын, зейінін, жан-жақты болуын дамытады. Асық терапиясы балалардың қимыл-қозғалысын реттеуге, кеңістікті бағдарлай білуге, сөздік-логикалық ойлауды сатылай қалыптастыруға, шығармашылыққа, сабырға, бірлесе әрекет етуге тәрбиелейді.
Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту стандарты мен үлгілік бағдарламасына сай барлық білім саласында асықты қолдануға болады.
Ендеше алдымыздағы асықтар арқылы 4 топқа бөлінеміз.
- топ: М.Монтисори технологиясымен асық технологиясын ұштастыру. «Сюжетті асық» (түрлі-түсті асықтардан табиғатты бейнелеу)
- топ: Асық арқылы дойбы ойынына деген балалардың қызығушылығын ояту. «Қызықты дойбы»
- топ: Құмда асықпен әр түрлі бейнелерді салу әдісі.
- топ: Әр түрлі асық ойындары (түрлі-түсті асықтарды түсіне сәйкес жіптерге тізбектеу, түстеріне сәйкес түрлі-түсті асықтарды санмен сәкестендіре отырып тізбектеу т.б).
- топ: «Денсаулық» білім беру саласы бойынша қолданылатын асық жолдары, асықты массаж.
Қорытынды:
Мектепке дейінгі ұйымда асық ойындарын барлық білім беру саласы бойынша қолдануға тиімді әдістің бірі екенін ұқтым. Атадан балаға мұра болып келе жатқан асық ойнына деген мектеп жасына дейінгі балалардың қызығушылығын арттыра отырып, ұлттық құндылықтарымызды білуге, қастерлеуге және балалардың бойында ұлттық сезімді оята отырып, патриотизмге тәрбиелеуге атсалысайық.
Нургуль Қадырғалиқызы Ишангалиева,
БҚО, Орал қаласы.
№ 38 «Жазира» бөбекжайының әдіскері