Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй.
Абай Құнанбаев
І. Кіріспе
Мәдениетті, ұлтшыл, өнерлі адам тәрбиелеуге өте үлкен екі күш керек, ол өнер және білім. Егеменді елдің ертеңі оқу-біліммен, өнегелі, тәрбиемен өлшенеді. Бала болашақта тұлға ретінде қалыптасуы бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті.
Балабақшада тәрбие алып жатқан бүлдіршіндердің арасынан болашақ өнерпаздар, әншілер, жазушылыр, ақындар талай мамандық иелері шығуы мүмкін, «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші солардың бойындағы қасиеттерді ерте бастан байқап, өнерге баулу ең алдымен ата-анамен тәрбиеші, ұстаздардың сезімталдығына, ізденімпаздығына көп байланысты. Сол тәрбиенің бір саласы – шығармашылық сала. Шығармашылық саланың ішінде музыкалық, эстетикалық тәрбие. Музыкалық, эстетикалық тәрбие дегеніміз – сұлулықты, көркемдікті сездіртіп үйрету, оны қойып қана қоймай, өз бойына сіңіре білуді әдет-дағдыларына айналдыру. Осы маңызды міндетті орындау үшін баланың жалпы музыкалық қабілетін дамытуда алдыма мынадай үш мақсат қоямын:
- Музыкалық шығармалардың сипатын сезіну: сабақтарымда музыканы сөзбен ғана сипаттамай бояумен, суреттермен, қимылмен т.б. балаларға түсінікті етіп сипаттаймын. Арттерапия, музыка терапияны қолданамын.
- Баланың тыңдай білу қабілетін арттыру; өз сабақтарымда жарқын және түсінікті музыканың қолдануды жөн деп ойлаймын. Балаларды музыкалық фразаларды тыңдауды, түсінуді үйретемін. Өлеңнің бастамасы, қайырмасы деген ұғымдарды түсіндіремін, қарапайым аспаптардың дыбыстарын тыңдатып тембрінен ажыратуды үйретемін.
- Музыканы тыңдай отырып әнді, көркем кейіпкерді, биді көз алдына елестете алу: тыңдалған шығармада немесе ән айту барысында үркек қоянға, маршпен жүрген сарбазға, маң-маң басқан аюға еліктеу және оны өзінше сипаттау.
ІІ. Негізгі бөлім
Музыканың жұмыс салдарынан пайда болған шаршағандықты ұмыттырып, өзіне баурап әкететін қасиеті болады. Ол – бізге осы жұмыстың зардабына шыдауға, төзуге көмек береді.
Әл-Фараби
Мақсаты: Балалардың музыкалық сауаттылығын шыңдауда әр түрлі әдіс тәсілдерді қолдана отырып, ұлы күйші композиторлардың күйлерін, халық әндерін тыңдату. Балаларға музыкалық эстетикалық тәрбие беруде ата-ана мен балабақша арасындағы байланысты нығайту. Күнделікті бала өміріндегі музыканың маңыздылығын дәріптеу. Музыкалық сезім күйлерін қалыптастырып, тәрбиелеу.
Міндеттері:
- Мектеп жасына дейінгі балалардың қабылдауына сай келетін музыкалық білім беру;
- Музыка әлеміне танымдық қызығушылығын арттыру;
- Мектеп жасына дейінгі балалардың музыкалық қабілетін дамыту;
- Балаларды ән үйрену кезінде «Ән айту қалпын» сақтауды үйрету.
Оқу-тәрбие жұмысында мектеп жасына дейінгі баланың ерекшеліктері өз халқының ғасырлар бойы қол жеткізген табыстарына ұмтылуға тәрбиелеу, ұрпақты ата-баба салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен қайтадан табыстыру.
Музыка өнері әрбір баланың әсемдік әлеміне үйірсек болып қана қоймай, оны қорғауға және рухани мәдени деңгейін көтеруге жағдай жасайды. Сол себепті әрбір қоғам мүшесін өнерпаздыққа тарту қоғамның объективті қажеттілігі және заңдылығы болуы керек. Білім беру саласында баланың эстетикалық, этикалық және адамгершілік нормаларын меңгерту міндетін жүзеге асыруда музыка пәнінің орны ерекше. Музыка тәрбиесі жастарды өнер құндылықтарын жасауға қатыстыра отырып, олардың бойында белгілі адамгершілік-эстетикалық мәдениетті, көркемдік талғамды, шығармашылық қабілетті дамытады. Тәрбиедегі басты мақсат: қоғам мүшелерін әлеуметтендіру болатын, яғни өнер адамның тек қана рухани өмірінің құрамдас бөлігі болып қоймай, әлеуметтендірудің аса пәрменді құралы болып табылады.
Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келген халықтық қазынаны, оның таңдаулы үлгілерін жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу құралына айналдыру, нақтырақ айтқанда, олардың көркемдік, музыкалық, эстетикалық талғамы мен мәдени деңгейін жоғарылату – басты міндет. Ұлттық өнерге балаларды жастайынан баулу олардың адамгершілік, эстетикалық қасиеттерін дұрыс қалыптасуына, мәдени дәстүрге деген сыйластық сезімін дамытуға әсерін тигізіп, оқу-тәрбие үрдісінің сапасын арттырады. Балалардың әсемдікті түсіне білу қабілеттерін арттырады.
Ұлы Абай өмір шындығын дәл бейнелеу жөнінде поэзия мен музыканың рөлін былайша суреттеді: әсемдік сыры, биік мұратталғандары, көркем шарттары, шығармадағы дарындылық пен шеберлік ән мен күйді орындаудағы дәстүрлер, т. б. мәселелерді көтере келіп, эстетикалық сезімдерді дамытудың нақты жолдарын қарастырды. Абайдың түсінігінше, баланы жастайынан көркемдікке баулуды үлкендер неғұрлым ертерек ойластыруы қажет, өйткені бесіктегі нәрестенің өзі ананың әлдиі, құлағына жеткен ән-күйдің әуезді үні арқылы сұлулық пен көркемдіктен хабардар болып жатады.
Осы орайда бесік жыры балалардың эстетикалық мәдениетін қалыптастырудың алғашқы сатысы болып табылады.
Мектеп жасына дейінгі баланың шығармашылық қиял-қабілеттерінің эстетикалық сезімін, талғамы мен көзқарасының мәдениетін, ой-өрісін кеңейтіп, айнала-қоғам және өзін қоршаған орта өміріндегі әсемдік пен сұлулықты сезініп, бойына сіңіре білуге тәрбиелеуде музыка жанрлары орасан зор рөль атқарады.
Қазіргі заман талаптарына сай жеке тұлғаның эстетикалық мәдениетін қалыптастыруда балалар фольклоры жанрын пайдалану басты мәселелердің бірі. Оны қалыптастыру — өте күрделі де ұзақ үрдіс, яғни балалардың бойына бірден қалыптаса қоймайды деген сөз. Сондықтан да ол сәбидің дүние есігін алғаш күндерінен басталуы тиіс. Осы тұрғыда балалардың эстетикалық мәдениетін дамытуда қазақ фольклор жанрын пайдаланудың маңызы зор, солардың бірі – балаларға арналған әндер, бесік жырлары.
Ұлы Абай:
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең,
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Бармешова Гүлдерайым Қалдыбекқызы,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы
музыка жетекшісі,
«А – Status» мектеп- гимназия балабақша кешені.