Home » Жаңалықтар » Мектеп директорлығына үміткерлерді жан-жақты тексеру ескертілді

Мектеп директорлығына үміткерлерді жан-жақты тексеру ескертілді

Қызылордада қалалық, аудандық білім бөлімдерінің, облыстағы жоғары оқу орындарының, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, мектептердің, балабақшалардың басшылары мен қызметкерлерінің қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияның арқауы білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері болды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткізілген конференция барысында білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тәсілдерін жетілдіру және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының себептерін жою бойынша сұрақтар талқыланды.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Е.Байтілес, облыстық білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры А.Жүнісов, осы университеттің «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты Л.Қаржаубаева, білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен, білім саласының құрметті ардагері Г.Қалмұратовалар хабарлама жасады.

Департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Бағдат Ізкенов өз хабарламасында «Қалалық және аудандық білім бөлімдері мектеп басшыларын тағайындау барысында олардың соттылығын тексерумен ғана шектеледі. Облыста білім беру саласында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған тұлғаларды мемлекеттік мекеме басшысына тағайындау фактілері кездесуде. Жыл басынан осындай екі факті анықталып отыр. Осыған орай, ҚР ӘҚТбК-нің 681-бабымен, яғни, бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдағаны үшін Арал және Жалағаш аудандық білім бөлімдерінің лауазымды тұлғаларына әкімшілік істер қозғалып, айыппұлдар салынды» — деді.

Конференция қорытындысымен Департамент басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев білім саласында заңсыз ақша жинау фактілерін жоюды қатаң ескертіп, білім бөлімдерінің басшылары оқушылар арасында мәжбүрлі түрде ақылы тестілеу өткізуді болдырмауды және мектеп директорлығына тағайындау кезінде тек соттылық туралы анықтама талап етумен шектеліп қалмай, сыбайлас жемқорлық қылмыстылығына жан-жақты толық тексеруді бақылауға алуды тапсырды.

 

Бағдат Әбдіқадыров
МҚІСЖҚА Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.