Бұл мақаланы жазған кезде ішімде түрлі сезімдер арпалысы болды десем өтірік айтпағаным болар. Себебі, мектепте өткен уақыттарыңды, түрлі қызықтарға толы сәттерді жазу оңай емес. Алайда, өзімнің мектепке деген сағынышымды тек қағаз бетіне түсіру арқылы ғана баса аламын. Менің еңбек жолым 1995 жылдан Жаңаарқа өңірінен басталыпты. Содан бері бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс жасап келемін. Мен осы Қарағанды қаласындағы жалпы білім беретін №16 мектепке 2009 жылдың қыркүйек айында жұмысқа тұрдым. Мектебіміз аралас мектеп болғанымен, ұжымы өте тату, білімді, білікті ұстаздарымыз жетерлік. Мектеп директорының көрегендігі деп білеміз. Директорымыз Исаханова Алия Кадировна өте әділетті, қарапайым жан. Мектебімізде 74 оқытушы қызмет жасайды. Олардың 69-ы жоғары білімді, орта білімді 4 оқытушы, оның екеуі ҚарМУ-де сырттай бөлімде оқиды. Мемлекет басшысының жолдауында «Дене шынықтыру мен спорт – ұлт болашағының кілті» деп баса айтқанындай, 2017 жылдың 6 қарашасынан 1-4 сыныптарда «Футбол сабағы» әр үшінші сабақ футбол сабағын өткізетін пилоттық мектептер қатарына кірдік. Бастауыш сынып мұғалімдері әр түрлі қозғалыстағы ойындар, допты беру, тебу әдістерімен қоса, эстафеталық жарыстар өткізіп жүрді. Атап айтсақ, бастауыш сынып мұғалімі Жандаулетова А.Т. мен «Еңбек» спорт кешенінің жаттықтырушысы Т.Д. Адиловтың ұйымдастыруымен футбол сабағынан «Допты беру және соғу» тақырыбында шеберлік сабағы өтті.
Елімізде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер білім саласын жетілдіруді талап етеді. Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Балалардың мектепке дейінгі сапалы тәрбие және оқытумен толық қамтылуын, олардың мектепке даярлауға арналған әрқилы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бағдарламаларына теңдей қол жеткізуін және инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіруін қамтамасыз ету» көзделген. Қазіргі уақытта дамуында ақаулары бар балалар саны артып отыр. Оларды оқыту кеңейіп, түзету қолдау технологиялары жетілдірілуде. Биылғы оқу жылында біздің мектеп бойынша 9 білім алушы инклюзивті білім берумен қамтамасыз етілген. Жалпы білім беретін орта мектептерде олардың оқып, білім алуына жағдай жасау енді-енді қолға алына бастады. Біздің мектеп Қарағанды қалаласының №27 жалпы орта мектебі, «Айсұлу» бала-бақшасымен және техникалық колледждермен бірігіп, шартқа отырып, инклюзивті білім беру мәселесесін қолға алып, жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, арнайы мамандар, орыс тілді логопед және дефектологтың жетіспеушілігі байқалады.
Мектебімізде балалардың көшбасшылық қабілеттерін арттыруға, олардың шығармашылығына қолдау жасауға бағытталған бірқатар үйірме мен таңдау пәндері өткізіледі. Атап айтсам, «Мамандық таңдау негіздері» 8-11сынып, «Оқу шаттығы» 1-4 сынып, «Робототехника», «Қуыршақ театры», «Сахна сырлары», «Хореография» үйірмелері т,б. Осы орайда мектебіміздің жетістіктері аз емес. Оқушыларымыз көптеген жүлделі орындарды иеленуде.
Кез келген маман иесінің құзырлығына баға берерде «Мұғалімі кім болған екен» деп жатамыз. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халық даналығында да осы бір қасиетті мамандық иесінің ұрпақ тәрбиесіндегі алар ерекше орын аңғару қиын емес.
Кешегі болған бөбектен Адам деген жаратылысты тәрбиелеп шығудан абыройлы іс жоқ шығар. Бұл ойымызға ұлы жазушы С. Мұқановтың:
Мұғалім! Бұл адамның ардақты аты
Білімділік бір билікке шығар саты.
Ең алғаш басталады сол адамнан
Сүйеді сондықтан да жақын, жаты
деген өлең жолдары дәлел бола алады.
Өзім де осындай абыройы жоғары, елдің болашағына жол салар, жас ұрпақты нұрлы аспанға көз тіктіріп, ұлы армандарға қанаттандырар құдірет иесі атануды армандаймын. Жансерігім, жолдасым да осы мектеп ұстазы, өз ісінің шебері. Үлкен ұлымыз да былтыр алғаш рет осы мектептің табалдырығын аттады. Екі жыл бұрын жас отбасы тарапынан жаңа пәтер иелендік, қуанышымыз шексіз. Біздің мақсаттарымыз, армандарымызға қол жеткізудегі ең басты қолдаушы – сүйікті мектебіміз болды. Сондықтан да бар біліміміз бен білігімізді, қажыр-қайратымызды болашақ азаматтарды тәрбиелеуге салып, «Ұстаз» деген атқа лайықты қызмет етудеміз.
Жандаулетова Айгуль Тиштыкбаевна
Қарағанды қаласы, ЖББОМ
№ 16 бастауыш сынып мұғалімі