Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары сапалы білім алумен қатар салауатты өмір салтына, спортқа да ерекше көңіл бөледі. Нәтижесінде білім мекемесінің дене шынықтыру мұғалімдері жетекшілік ететін спорттық түрлі секцияларға қатысушылар саны артып, мектепішілік жарыстарда жүйелі түрде бақтарын сынап отырады. Жылдағы дәстүр бойынша биылда кезекті оқу жылы басталысымен бірнеше спорттық шаралар өтіп үлгерді.
Мәселен, қыркүйек айының ортасында мектебіміздегі «Шаңырақ» мүшелері арасында командалық эстафеталық көпсайыс болды. Ондағы мақсат — оқушылардың бірлесе әрекет ете отырып, командаласына қолдау көрсетуге, достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ету. Қатысушылар ортақ ереже түсіндірілісімен жарыс жолына шықты. Осы жарысты өткізу арқылы біз көздеген мақсатымызға жеттік десе де болады. Өйткені, командалар қашықтықты жүгіру кезінде тапсырмаларды бірлесе орындап, мәреге жылдам әрі қысқа уақыт ішінде жетуге талпынады. Бұл жүгіру алаңында оқушылардың жылдамдық, ептілік, дәлдік қасиеттерін жан — жақты бағалауға мүмкіндік береді. Жарыс берілген қашықтықты топтың барлық мүшесі еңсергеннен кейін сапқа қайта тұрып капитанның белгісімен аяқталады. Үздік көрсеткішке қол жеткізген команда жеңімпаз болып танылады. Жиыны 90 оқушы қатысқан көпсайыста «Тарбағатай» шаңырағы 1 –ші орын, «Шыңғыстау» шаңырағы 2 –ші орын, «Жидебай» шаңырағы 3 –ші орынға ие болды.
Араға апта салып 8-11сынып оқушылары жеңілатлетикалық (4х200метр) эстафетада бақтарын сынады. Әр команда екі ұл, екі қыздан құралған. Жарыс жас ерекшеліктеріне байланысты 8-9–шы, 10-11–ші сыныптар арасында екі топта өткізілді. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, барлық қауіпсіздік шаралары ескерілді. Дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерімен қатар мектеп дәрігерлері жүгіру алаңында қадағалау жасады. 20 команда қатысқан жарыста төменгі топта 9«С», 9«Е», 9«М» сыныптары үздіктер қатарынан көрінсе, жоғарғы топта 11«В», 10«Е», 10 «Ф» және 10«Д» сыныптары жүлдегер атанды.
Мектепішілік жарыстарды өткізуден шығатын қорытынды не? Әрине, алдымен оң нәтиже береді. Біріншіден, оқушылар арасындағы достық қарым-қатынасты тереңдете түседі. Екіншіден, адами құндылықтар: бауырмалдық, қамқорлық, ауызбіршілік, ортақ мақсатқа бірге жетуге талпыныс жасауға итермелейтін қасиеттер дами түседі. Ал, ұстаздар үшін жанартылған білім бағдарламасындағы оқу мақсаттарын жеңіл орындап, бағалау критерилерін оқушылардың қолжетімділік мүмкіндіктеріне сәйкес күрделендіруге септігін тигізеді. Яғни, бұл көпшілік оқушылардың дене сапасын арттыруда өз араларындағы үздіктердің көрсеткіштерін, орындаған жұмыстарының нәтижесін қалыптастырушы бағалау кезіндегі қолданатын жақсы құрал болмақ. Осы аталған жайттардың барлығын ескере отырып, алдағы уақытта үздік спортшы оқушылардан мектеп командасын жасақтап, қалалық жарыстарға қатысуды көздеп отырмыз. Өз кезегінде ұстаздар қауымы оқушыларымыздың жақсы жағынан көрініп, мектеп намысын абыроймен қорғайтынына сенімдіміз.
Ерлан Жакупов, Рауан Тәттібекұлы,
Семей қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік
мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері