Home » Мақалалар » Мектепте өткен бір күнім

Мектепте өткен бір күнім

  Айнала тып-тыныш. Таң атып келе жатыр. Ағаш бұтақтарында торғайлар отыр.Тағы бір күннің басталғанын хабарлағандай  өз әуеніне басты. Бейне бір тіршілік атаулының  хабаршысындай. Киімімді киіп, қолыма  қоңыр  сумкамды алып  жұмысқа қарай шықтым. Сонау алыстан көрінген қоңыр  шатырлы,биік ғимарат менің жұмыс орным. Автобустан түсіп, сол  ғимаратқа қарай бет алдым. Жол бойы  өткен өмірім  бейне бір  кинодай  тізбектеле  көз алдыма келді.

1972 жылдың қыркүйек айы. Әкем мені қолымнан ұстап, сырты аппақ, өзі биік  бір  ғимаратқа алып келді. Айналасы толған адамдар. Жүздерінен қуаныштың реңі байқалады. Жандарында  ірілі, ұсақты балалар. Балалардың жүздері қуаныштан бал-бұл  жанады, қолдарында  алқызыл гүлдері бар. Әрине бұл орта маған таныс емес. Жәймен әкеммен бірге ілесіп келемін. Қаз-қатар сапта тұрған адамдар ортасынан орта бойлы , бидай өңді , киімі  өзіне керемет жарасқан   бір апайға келдік. Әкем мені «Сенің  ұстазың осы кісі, — деп, маған апайды нұсқады. Апай мені күліп,  келе ғой –деп қарсы алды. Бұл менің алғашқы ұстазым  Саймағанбетова Ермек Дилақызы еді. Апайым сыныпқа ертіп келіп, мені алдыңғы партаға отырғызды. Міне, сол күннен бастап менің мектептегі өмірім  басталды.  Осылайша  күндегі сабақ, неше түрлі әп-әдемі суреттер,  жазуы қиын  әріптер  тізбектеліп жүріп жатты. Мені апайдың құлаққа жағымды қоңыр даусы, сабырлы да, салмақты жүрісі , сабақ түсіндіргендегі сөйлеген сөздері  өзіне еріксіз тарта берді. Тіпті үстіне киген ақ кофтасы мен қара сарафанына да қатты қызығатынмын.  Қызығушылығым күн өткен сайын арта берді. Кейде өзімді Ермек апайдың орнына қойып,  сабақ үстінде  ойға шомып отыратынмын. Сол кезден бастап менде  апайдай ұстаз болсам,-деп армандадым. Күндер  артынан күндер өтіп, бастауыш буыннан орта буынға  өтіп, одан мектепті ойдағыдай аяқтадым.

Осылайша армандаған оқу орнына түсіп, мамандық иесі атандым.  Алғашқы еңбек жолымды  Жаңаөзен қаласындағы №11 жалпы білім беретін бастауыш мектептен бастадым.  Өзің қалаған мамандығыңды  жақсы көріп, жұмыс істеу керемет бақыт емес пе? Күн өткен сайын  қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықтың жауапкершілігі де  қиын екенін түсіне бастадым. Осылайша менің ұстаздық күндерім өтіп жатты. Әрине бәрін бірден меңгеріп кеттім,–деп айта алмаймын. Түсінбеген жерлерімді  тәжірибелі  ұстаздардан сұрап , өз  жұмысыма қосып отырдым. Ұстаз талмай  жұмыстанған кезде ғана өз жұмысының нәтижесін көретінін түсіндім. Бүгінде алдымнан бірнеше шәкірт өткен, өзгеге өз тәжірибемді  үйрететіндей ұстаз дәрежесіне келдім. Менің ұстаздық  өмірімде жеткен жетістіктерім де  аз емес.  Шәкірттерімнің жетістіктеріне әрдайым қуана білдім. Және де  қалаған мамандығымның жемісін көргенімді түсіндім. Мектептегі қызықты сәттер мен сыныптағы әр түрлі оқиғалар, әр баланың мінез-құлқы, әр түрлі қылығы көз алдыма келді. Осылайша ой елегінде отырып  бір сағаттық  үзілістіңде қалай  өткенінде байқамаппын. Кенет қоңыраудың шырылы ойымды  бөліп жіберді.

Міне, менің мектептегі тағы бір күнім осылайша өте шықты.

 

Исаева Мейрамгүл Тұрғанбайқызы
 Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы
№12 жалпы білім беретін   бастауыш
мектептің  жоғарғы санатты мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.