Қазақстанда Жаңа жыл мерекесіне орай мектеп шыршасын өткізуге шектеу енгізілген жоқ. Бірақ, сыйлыққа ақша жинауға шектеу қойылған. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым вице-министрі Элмира Суханбердиева мәлім етті.
«Еш жерде де қандай да бір бұйрықпен шырша мерекесін өткізуге шектеу қойылған жоқ. Менің білетінім, біздің қалаларымыздың бірқатар мектебінде ата-аналар директорларға жаңажылдық бағдарламаның қымбаттығына шағымданған. Сондықтан мектеп директорлары мектеп шыршасын өткізбеу шараларын қабылдаған. Бұл қоңыраулар бізге түсіп, біз мән-жайды анықтадық. Жаңа жылды мерекелеуге арналған мектеп шыршасы міндетті түрде болуы қажет. Бірақ, сыйлыққа ақша жинауға тыйым салынған», — деді вице-министр. Суханбердиева Білім министрлігі кез келген қажеттілікке ақша жинауға түбегейлі тыйым салатындығын атап өтті.
1 қаңтардан кейін бұл мәселені шешу үшін министрдің қатысуымен кеңейтілген кеңес өткізілетін болады.
Автор: Марлан Жиембай
Қазақпарат агентігі
Қазақпарат агентігі