Home » Мақалалар » Жаңа бағыт – «робототехника»

Жаңа бағыт – «робототехника»

Робототехника – Қазақстанның білім беру мекемелерінде енгізіліп жатқан жаңа бағыттардың қатарында. Бүгінде республикамыздағы жүздеген мектеп пен жоғары оқу орнында өте бастаған бұл аралас пәннің құрамында бірқатар қолданбалы пәндер бар. Болашақ робот құрастырушы математика мен физиканы, информатика мен сызуды, басқа да бірқатар ғылым саласын міндетті түрде меңгеруі тиіс. Ал өткен жылдан бастап оқығандары мен үйренгенін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік берілуі осы бір ерекше мамандықтың қызығына бойлаған қазақстандық балалар үшін аса маңызды қадам болды.

Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен еліміздегі бірқатар білім беру мекемелері жаңа LEGO Education жиынтықтарымен жабдықталып, оның көмегімен ойға алған ең батыл жобаларды да жүзеге асыруға болады, атап айтқанда, көптеген мүмкіндігі бар және бірқатар қызметті атқаратын нағыз роботтардың үлгісін және бағдарламасын жасауға болады. Бұл қызықты әрі болашағы зор бағытты дамыту бойынша алғашқы қадам ғана.

Робототехника (робот және техника; ағылш. robotics — роботика) – роботтардың құрылысымен, жұмысы мен қолдануымен айналысатын, оған қоса олардың басқару, сезіну мен мәлімет өңдеумен айналысатын механикалық, электр және электронды инженерия мен компьютер ғылымдарының біріккен саласы.

Робототехника роботтардан басқа автоматтандырылған техникалық жүйелер мен өндірістік үдерістердің ең жаңа техникалық жиынтықталуын әзірлеу мен қолдану жолдарын зерттейтін ғылым. Автоматтандырылған машиналар, басқа сөзбен айтқанда роботтар, адамдардың орнына қауіпті жерлерде, немесе зауыттағы құрастыру үдерістерінде жұмыс істей алады.

Робототехника сабақтары несімен құнды? Олардың ерекше, қызық және пайдалы болуының себебі неде? Біріншіден, мұғалімдер көп балалар үшін робототехника кейбір мектеп пәндері бойынша жақсы нәтиже көрсету мүмкіндігі деп есептейді. Мысалға физиканы алуға болады: Робототехника курсының көмегімен бұл саладағы білімді өмірде қалай пайдалануға болатынын оңай түсінуге болады. Оқытушылар балалардың оқу процесіне қызығушылықпен кірісетінін көріп отыр. Ұстаздар балаларға өздерін дамытқысы келетін бағытты өз бетімен таңдауына мүмкіндік береді. Курс сабақтарында өзін көрсету керек және маңызды, бұл тұлғаның қалыптасуы үшін керек дейді бағдарламаға қатысушы педагогтар.

Робототехника курсының бағдарламасы мұғалімдерге сабақты балаларға қызықты болатындай етіп жоспарлауға көмектеседі. Ал балалар болса бір-бірімен әріптесе жұмыс істеуге, бірлесе әрекет етуге, ұжымдық жұмысқа үйренеді. Сабақ кезінде пайдаланылатын бағдарламалардың түсінікті екені де маңызды рөл ойнайды. Бағдарламаның интерфейсі түсінікті де жатық, сондықтан тек білікті оқытушы ғана емес, кез келген бала түсінеді.

Балалар робототехника сабақтарына өздерінің идеяларымен келеді, оларды жүзеге асырудың барлық мүмкіндігін қарастырады. Педагогтардың міндеті – оларға осы ізденіс барысында көмектесу және қателіктен қорықпауды үйрету. Курсты жүргізетін педагогтар робототехника сабақтары өз оқушыларын жақын тануға, олардың айрықша қабілеттерін, бейімі мен ойлау стилін бағамдауға мүмкіндік береді. Бұл әр балаға жеке көзқараспен қарауға да көмектеседі.

Робототехниканы үйрететін оқытушылардың қызығушылығы да өте жоғары. Әлбетте, олар қазір өздерінің біліктілігін арттырып, болашақ үшін аса қажетті мамандықты меңгеру ісіне араласуда. Олар робот техникасын ғылымнан гөрі шығармашылыққа жатқызады. Оқытушылар процестің ойын формасында болуы балалардың қиын мамандықты оңай игеруіне жол ашатынына сенімді.

Сол себепті 2017 жылдың 18-28 қыркүйек аралығында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру информатика, математика және физика пәні мұғалімдеріне арналған «Робототехника негіздері» тақырыбында курс жүргізілуде.

Курстың мақсаты: мұғалімдердің робот техникасы құралдарын қолдану саласында ақпараттық және техникалық сауаттылығын дамыту.

Осы мақсатта тыңдаушылар арнайы жабдықталған «Робототехника» кабинетінде роботты техниканың негізі Lego Mindstorms EV3 және Arduino микроконтроллерінің құрылғыларымен таныса отырып, роботтарды модельдеу және бағдарламалау жұмыстарын, құрастыру дағдыларын меңгереді.

Тыңдаушылар курста роботты техниканың шығу тарихы, оның түрлері және қолданылу салаларын біліп үйренеді. Олардың қазіргі таңдағы маңызын және пән бойынша робот техникасын қолдана отырып, оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру және жоспарлау дағдыларын, білім алушылардың ақпараттық құзыреттілігін дамыту үшін сабақты робот техникасын қолдана отырып жобалау тәсілдерін меңгереді. Бұл тәсілдер мен дағдылар әрбір қатысушыға инженерлік, нұсқаушылық, шығармашылық идеяларды іске асыру және өз әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді.

 

Иниятова Ақманат Бақытқызы

Палмахова Индира Құрманғазықызы

 

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

Қызылорда облысы бойынша педагогикалық

қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты

ақпараттық технологиялар бөлімінің мамандары

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.