«Білім айнасы» газетінің мақсаты білім саласындағы жаңалықтар мен іс–шараларды көрсету болғандықтан Астана қаласының маңындағы Целиноград ауданы, Қараөткел ауылына қарасты № 6 жалпы орта мектебіне ат басын бұрдық. Мектеп директоры Сажидсилян Буян мырза мектеп тынысымен таныстырды. Оқу орны шағын үш қабатты ғимарат, кішкене сыныптар, көздері бұлбұл жанған оқушылармен таныстық. Кездесу барысында оқушылар «Білім айнасы» газеті мен bilimainasy.kz сайтының жетекшісі Қуантай Амантайұлына болашақта қандай маман иелері болғысы келетіні жайында шешімін таппай жүрген сұрақтарын қойып пікір алмасты.
– Болашақтың кілтін ұстаған мықты мамандар, бүгінгі партада отырған сіздерсіздер, сондықтан да білімді, дендерің сау, мықты болғандырың жақсы, — деп басылым басшысы Қуантай Амантайұлы сөзін қорытындылады.
Келесі сапарымыз Астана қаласының «Жағалау» шағын ауданында орналасқан №78 мектеп–лицейі болды. Бізді мектеп директоры Жанар Өмірханқызы жайдарлы көңіл-күймен қарсы алды. Мектептің тыныс-тіршілігінің қандай екенін оқу ордасының табалдырығын аттамастан байқауға болады. Кірер ауыздан бастап оқу ордасымен тілдесіп жатқандай күй кешесің. Бірінші қабатында мұғалімнің жетістіктері мен оқушылар белсенділері жайында ақпарат аласың. Ал екінші қабатында сонау грек философтары Сократ пен Платоннан бастап, шығыс классиктері Фирдоуси, Низами, Әбу Насыр Әл-Фараби және де бертін келе Зар заман ақындары мен батырлары және Ұлы Абай бастаған қазақ зиялыларының портреттері мен-мұндалап қабырғарларда кезең-кезеңімен ілініп тұр. Үшінші қабатында кітапхана мен қазақ тілі, әдебиет, биология, тарих сыныптары заманауи үлгіде безендірілген. Мектеп тынысымен танысып жүріп, басты миссиямызды естен шығарып алыппыз. Білім айнасының алға қойған жобаларының бірі болғандықтан Сайлаугүл Сламбекқызының жетекшілігімен ұйымдастырылып жатқан «Мамандық таңдау – басты міндет» деген тақырып төңірегінде 9 сынып оқушыларымен кездесуді жөн көрдік.
Кездесу барысында әңгімелерге, көтерілген мәселелерге және оқушылардың көкейде жүрген сұрақтарына көңіл толды. Қарапайым жұмыскерден дипломат қызметіне дейін талқыланды. Бірі тіс дәрігері мамандығын таңдаса, енді бірі қазіргі заманның бизнес өкілі болғысы келетінін де жасырмады. Тіпті оқушылардың бірі Қуантай Амантайұлына сіз қазіргі уақытқа дейін қандай қызметпен айналыстыңыз деп, өткір де ойлы сұрақ қойды.
– Бүгінгі 37 жасыма дейін 38 қызмет ауыстырыппын. Бұны мен сатылау деп ойлаймын. Өйткені бесінші қабатқа шыққыңыз келсе секіріп шығуыңыз мүмкін емес қой сондықтан саты керек. Қол аяғың қимылдамаса, маңдайыңнан терің шықпаса, қолың ысқыланбаса, алақаныңнан су шықпаса, табаның тілінбесе жетістікке жетуіңіз екі талай. Атқарып жүрген ісі адамды тұлға етсе, тұлға жасайтын қызметті жасайтын АДАМ екенін естен шығармаңыздар, — деп қоштасты Қуантай Амантайұлы.
Екі мектептің арасы қашық болғанымен, айтып жеткізе алмайтын жүрегі бір. Бірі аудандық, бірі қалалық болсада тілеуі бір болғаны көңіл толтырды. Караөткел елді мекенінде орналасқан №6 орта мектеп директоры Сажидсилян Буян мырзаға және №78 мектеп–лицей директоры Жанар Өмірханқызына «Білім айнасы» газеті редакциясы атынан «Алғыс хат» табысталды.
«Білім айнасы» ақпарат