«Егеменді ел тірегі – қарулы күштер» десек, сол әскери қарулы күштерге жастарды мектеп қабырғасынан даярлайтын БӘД пәні болып табылады. Қысқа мерзім ішінде қолданыстағы қаруды меңгеру, тәуелсіз демократиялық Отанымызға лайықты қорғаушы жауынгер болу – күрделі іс. Сондықтан, әрбір жасөспірім мектеп табалдырығын аттағаннан бастап өзін әскери қызметке дайындауы, Қазақстан Республикасы мен оның халқы алдындағы азаматтық борышын жауапкершілікпен ұғынуы тиіс.
Өскелең ұрпақты осындай биік мақсаттарға жетелеу үшін бірінші сыныптан бастап қазақстандық патриотизмге, Отанын, елін сүюге тәрбиелеу – мектептің негізгі міндеті. Сабақтан тыс әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын бүкіл мектеп ұжымы ұйымдасқан түрде бірлесіп атқарғанда ғана көздеген мақсатқа жетуге болады. Өзім осы саланың ұйымдастырушысы болғандықтан, мектептің жалпы жылдық жоспарына әскери-патриоттық тәрбие мен оның оқу-материалдық базасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге тырысамын.
БӘД және дене тәрбиесі пәндері бірін-бірі толықтырып тұрады. Дене шынықтыру сабағында өткізілетін саптық дайындықтар мен түрлі дене жаттығулары БӘД пәнінің негізін қалайды. Ал БӘД пәні жастарды Отан қорғауға дайын болуға, патриоттық сезімге тәрбиелейді десек, ол мақсатқа дене тәрбиесінсіз жету мүмкін емес. Жыл сайын мектептерде БӘД-ны бастау жайлы бұйрық жүйелі түрде беріледі. Бұйрықта аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің ұсынысымен «Дене шынықтыру сабақтарындағы саптық пәрмендер Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің саптық жарғысының талаптарына сай берілсін» деген сөздер осының айғағы. Саптық пәрмендерді, әскери терминологияны жүйелі түрде оқушылар санасына енгізу болып табылады. Бұдан шығатын қорытынды: бұл екі пән егіз және оларды қатар алып жүру – мұғалім үшін үлкен парыз. Дене тәрбиесі мұғалімдерімен бірлесіп, сыныптан тыс шаралар мен жас ерекшеліктеріне байланысты түрлі спорт түрлерінен сыныпаралық жарыстар жоспарлы түрде және оқушылар өтінішімен ай сайын өткізіліп тұрады. Болашақ Отан қорғаушылардың дене дайындығына «Президенттік сынамалардың» да үлкен әсері болғандықтан, тест қабылдау сабақтарына да үнемі қатысып, қадағалап отырамын.
Мектебімізде жыл сайын 9 сәуір мен 9 мамыр аралығында «Әскери-патриоттық айлық» өткізіліп тұрады. Айлық жоспар кеңес мүшелерінің келісімімен жасалады. Жарыстың іс-шараларына мектептегі барлық сыныптар қамтылады. Тіпті бастауыш сыныптарда патриоттық тақырыптарда ашық сабақтар, тәрбие сағаттары өтеді. Әсіресе, Мемлекеттік Әнұранды жатқа айтуын, егемендігіміздің нышандары болып табылатын Мемлекеттік рәміздерді, оның авторларын және геральдика заңдылықтары бойынша нені білдіріп, айшықтайтынын білулеріне баса назар аударамыз. 5-8 сыныптарда «Егемен еліміздің ұландары» тақырыбында тәрбие сағаттары, 9-10 сыныптарда «Отан қорғау – міндетің» тақырыптарында әңгімелер, пікірталас, кештер ұйымдастырылады. Ал 10-11 сынып ұлдарымен далалық оқу-жиынының қорытындысы ретінде «Болашақ сарбаз, Отан қорғауға дайын бол!» атты жарыс кешін өткізу әдетке айналған.
Әскери-патриоттық айлықтың қызықты да тартысты өтетін негізгі іс-шараларына «Алау» (5-7) және «Ұлан» (8-11) сыныптарының өзара ақтық ойын байқаулары болып табылады. Әсіресе, «Жас мерген», «Әскери кедергілер кешенінен өту», «Сапта жүру және ән айту» байқаулары ұқыптылыққа, қазақстандық патриотизмге тәрбиелейтініне кәміл сенемін. Ал спорттық жарыстардан төменгі сыныптарда «Қызыл жалау» ойыны, орта сыныптарда шағын футболдан, ал жоғарғы сыныптарда волейболдан жарыстар өткізу дәстүрге айналған. 5, 9, 11-сыныптардан «Президенттік сынамалар» алу да осы айлық ішінде қабылданады.
БӘД бағдарламасы бойынша 11 сынып ұлдары далалық оқу жиынында осы айлықтың толыққанды өтуіне өзінің үлкен септігін тигізеді. Себебі, белгілі бір дәрежеде дайындықтан өткен 11 сынып оқушылары 5-9 сынып оқушыларын саптық байқауға дайындап, жетекшілік етеді, өз білімдерін шындайды, топбасы ретінде пәрмен беруге дауыстарын жаттықтырады.
Әр аптаның қорытынды нәтижесі ретінде әр сынып өзінің қабырға газеттерін шығарады. Ал бастауыш сынып оқушылары арнайы кесте бойынша «Даңқ» мұражайымен, ауыл, аудан тарихымен, Ұлы Отан соғысы батырларының өмірбаянымен танысып хабардар болады. Жас жеткіншектерге патриоттық тәрбие беруде ауылымыздың батыры, Ауған соғысының ардагері Кәрім Дүйсеновтің естеліктері мен фотоальбомдары, бүкіл өмір тарихы – біз үшін таптырмас тәрбие құралы.
Әскери-патриоттық айлықты қорытындылай келе, 7 мамыр «Отан қорғаушылар» күні немесе 9 мамыр «Жеңіс күні» салтанатты жиын өтіп, ардагерлермен кездесіп, ескерткіштерге гүл шоқтарын қою да ұмыт қалған емес. Дәл осы күні «Ұлан» ойынының жеңімпаздары марапатталып, мақтау қағаздарын алады.
Бұдан шығар қорытынды – патриоттық тәрбие бүкіл мектеп ұжымына байланысты десек, пәнаралық байланыстар бір-бірімен бір мақсатта тоғысқан жағдайда ғана өзінің шынайы нәтижесін береді. Тек сонда ғана шәкірттеріміздің Қазақстан Республикасының нағыз патриоты болатынына кәміл сеніммен қарай аламыз.
Азамат Каиргалиев,
ЖОББ Шипов мектебінің
БӘД пәні мұғалімі,
БҚО, Тасқала ауданы