Қазіргі кезде қоғамда өтіп жатқан әртүрлі әлеуметтік тұрақсыздықтарға байланысты кез келген әрбір жеке тұлғаның, сондай-ақ орта білім беру ұйымының да қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі туындауда. Мұндай қауіпті жағдаятты билікке құмар, байлықты көздеген адамдар ұйымдастырса, оларды нарықтық экономиканың тәуекелдікке жетелеуші құбылмалы заңдылықтарына көндіге алмаған, рухани әлсіз адамдар тобыры қолдап қоштайтындығы белгілі. Бұлардан басқа техногенді және табиғи апаттар да қауіп-қатер туғызып, адам мен ұжымның қалыпты жұмыс ырғағына залалын тигізіп жататындығын білеміз. Осылардың алдын алу мақсатында құқықтық, ұйымдастырушылық, техникалық, кадрлық және қаржылық сипаттағы іс-әрекеттер мен шаралар жүйесі арнайы даярланса, әрі әрқашан жетілдіріліп тұрса, оған қарсы күресті шынайы өмірде нақты жүзеге асыру қиындық туғызбайды.
Білім беру ұйымын кешенді қауіпсіздендіру үшін ең алдымен білім беру ұйымын жан-жақты зерттеп білу және қауіпсіздікті арттыратын тиімді іс-шараларды жасақтау талап етіледі. Мектептегі қауіпсіздік жүйесі өзара тәуелді төрт функцияны – болуы мүмкін қауіптің орын алуына мүмкіндігінше кедергі келтіру, ол болған жағдайда оны қайда, қандай ауқымда екендігін нақты танып-білу, ол жайлы хабар тарату және оны түбегейлі жоюды атқарады. Кешенді зерттеу осы операцияларды орындаудың тиімділігін арттыруға бағытталады. Оның түпкі мақсаты – мектептің қауіпсіздігін қолжетімді мөлшерде, әрі жеткілікті деңгейде қорғауды ұйымдастырудың сапасын арттыру шаралары мен ұсыныстарын айқындау.
Кешенді қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің кейбір іс-шараларына біршама елдерде 11 қыркүйектегі терактіден кейін ерекше көңіл бөлінуде. Ресейде мектеп оқушыларын кепілдікке алған қайғылы жағдайдан кейін білім беру ұйымын сапалы күзету, өрт және электр қауіпсіздігі ұйымдастырылатын болды. Финляндиядағы тексеру-өткізу режимін оқушылардың мектепке тек сабақ кестесіне байланысты кіргізілуінен көреміз. Еңбек қорғау нормалары мен қауіпсіздікті сақтау, азаматтық қорғанысқа арналған жоспарлы жұмыс Жапон елінде жүйелі жүргізілетіндігі өз нәтижесін берді. Жер сілкінісінің күші Индонезиядағы болған дүмпуден екі еседей жоғары болғандығына қарамастан үрей мен қорқынышты жеңе білетіндіктерін көрсете білді, адам шығыны да аз болды. Құқық қорғау, күштік құрылымдармен, көмекші қызметтермен және қоғамдық ұйымдармен жоспарлы өзара бірлескен іс-қимылды ұйымдастыру Ұлыбританияда ерекше маңызға ие. Бұл табиғат аясында өткізілетін сабақ кезінде оқушылардың мұғалімнің көз қырынан бір сәт те таса болмауынан, оқушылар тасымалдайтын көлікке жақындауға болмайтындығынан көрініс табады. Құқықтық білім беру және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру Оңтүстік Кореяда кәмелетке толмаған оқушылармен бөгде адамдардың қарым-қатынасының шектелуінен де көрінеді.
Білім беру ұйымын күзету жүйесіне және жалпы қауіпсіздік жүйесіне қойылатын негізгі талаптарға жататындар: сенімділік, белсенділік, үздіксіздік, жоспарлылық, орталықтандыру, мақсаттылық, нақтылық. Құрамында объективті жұмыс атқаратын сарапшылар тобы бар арнайы құрылған комиссия осы аталған талаптардың қаншалықты орындалып жатқандығын тексереді. Олардың білім беру ұйымының қауіпсіздік жүйесін кешенді зерделеуінің нәтижесінде жетілдіруді қажет ететін ортақ кемшіліктер айқындалып, дер кезінде түзетіліп отырылуға тиісті.
Білім беру ұйымының маңайы түнгі мезгілде жарықталынып, оның қосқыштары тек іште орналасуы талап етіледі. Бетон немесе темірден жасалынған сыртқы қоршау жұмыс болмайтын және демалыс, мереке күндері жабылатын болса біршама бөгет бола алады. Жақын маңайда орналасуы мүмкін жанар-жағар май бекеті жарылған жағдайда ғимарат әйнектерінің қирау мүмкіндігі ескерілгені жөн. Әртүрлі жиілікті толқын қабылдаушы спутниктердің жақын орналасуы да адамдарға денсаулығына кері әсерін тигізеді. Ғимараттың ескі болуына байланысты тозығы жеткен қабырға астындағы электр кабельдері кернеудің кенеттен артып кетуі немесе ұзақ уақыт тоқтаусыз қолданылуынан қызып, өрт қаупін туғыза алады. Жоғарғы қабаттағы үлкен бөлмелердің еденіне салмақтың мөлшерден артық түспеуі үшін оның тербелмеуін қадағалау керек. Кіретін есіктердің алюминий профилді және шыны пакеттен жасалуы оларды металл есіктермен алмастыруды қажет етпек. Төменгі қабаттағы барлық терезелер металлмен шарбақталуға тиісті. Ғимаратқа жақын жерге бірнеше көліктің сап түзей жақын қойылуы қиын жағдайға ұрындыруы мүмкін. Электрлік ұшқыннан бір көліктің өртке ұшырауы басқалардың да қатарынан жалынға орануына әкеледі. Өрт қаупі туындауы мүмкін бөлмелерге асхананы да жатқызуға болады. Бөлме төбесіндегі керме жапқыштар нақты қауіптің қаншалықты екендігін бағалауды қиындатады. Төбе сөгіліп кеткен жағдайда есік пен терезеге дер кезінде жетуге кедергі болатын, жиі орналасқан үстелдердің астына тығылуға болатындығын әркім білгені жөн. Электр, газ, жылу, су көздерінің ақауы болғанда жасалатын әрекеттерді күзетке жауаптылар білу керектігі ескеріледі.
Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларға жаттығулар өткізіп, педагогтар мен оқушыларды кез келген қиыншылыққа психологиялық дайындау қазіргі алақұйын заманда кезек күттірмейтін аса маңызды мәселенің бірі деуге болады.
Сыздықов Жанат Арманұлы,
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚБАИ
Қоғаммен байланыс және баспа қызметі бойынша бөлімнің бас маманы