Жезқазған қаласындағы «№13 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ де Қайырбаева Райхан Манаповна мен психолог маман Темирбекова Динара Захаровнаның ұйымдастыруымен 25 қазан 2018 жылы тренинг өтті
Көп жағдайда біз бір-бірімізді жете түсіне бермейміз. Кейде екі адам бір нәрсе туралы айтып отырса да, бір-бірінің көзқарасын ұқпайды. Бейне бір әр түрлі тілде сөйлеп жатқан адамдар сияқты. Осындай кезде түсініспеушіліктен, ұғыныспаушылықтан құтқаратын бір нәрсе бар. Ол – медиация процесі. Медиацияны білім беру-тәрбиелеу процесіне ендірудің маңызы зор екенін мамандар арнайы тоқталып атап өтті. Медиация мектепке не үшін қажет? Осы сұрақтарға білім беру ісінің майталмандары ұтымды жауап алды Барлық ынталы тараптармен ынтымақтаса жұмыс жүргізіп отырған қазіргі заманғы мектеп балаға білім берумен қатар, оны толық жетілген тұлға ретінде тәриелеп шығаруды да алдына міндет етіп қойып отыр. Кез келген қауымдастық қызметі секілді мектепте де оқыту және тәрбиелеу процесіне байланысты бұл процеске қатысушылар арасында қайшылықтар туындап отырады. Ол қайшылықтар мүдделер мен мақсаттар қақтығысының көрінісі болып табылады. Ұзаққа созылған қайшылықтар білім беру процесі мен тұлға аралық өзара қарым-қатынастарға кері әсер етеді. Оның салдары негативті жәйттерге әкеліп соқтырады. Оқу-тәрбие процесіне зиянды ықпалын тигізеді. Медиацияны қолданысқа ендіру мәселесінің өзіндік бір ерекшелігі бар. Мұнда қайшылықты жағдайларды реттеу ісі тек кәсіпқой мамандарға ғана сеніп тапсырылады. Қазіргі сәтте білім беру ұйымдары бойынша бұл проблемамен директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, сынып жетекшілерінен бастап, психолог, әлеуметтік педагог және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлім инспекторына дейін әр түрлі адамдар шұғылданады. Бұлардың конфликтология туралы ілімнен белгілі бір дәрежеде хабары бар екені анық. Әрине, проблемалық жәйттер шешіліп те жатыр. Бірақ, олардың реттеуінде екі жақты мүдделер бірдей есепке алына қояр ма екен? Медиация процесі қайшылықты жағдайға түскен тараптардың өзара келісімге қол жеткізуін бағдар тұтады. «Мектеп бітімгершілігі – мектептегі зорлық-зомбылық пен проблемаларды бейбіт түрде шешу және олардың деңгейін төмендету» жобасын ұсынды. Бұл тренинг сабақтарында педагогтар «медиация» ұғымымен, оның процедуралық кезеңдерімен кеңірек танысты. Тренингтің практикалық бөлімінде бұл процедуралар сахналанды, яғни әрбір кезеңді өткізу процесі рөлдер арқылы қойылымдалды. Мысал ретінде мектеп өмірінде болған жәйттер алынды. Тренингке қатысушылардың өздері ұсынған күрделі жәйттер де талқыланды. Нәтижесінде әркім өзінің медиатор рөліндегі қабілет-қарымын байқады. Педагогтар жұмыс орнында да, өмірдің кез келген өзге салаларында да орын алған қайшылықтарды өркениетті тәсілдермен шешуде игерілетін дағдылар рөлі қандай болатыны жайлы тренинг, рефлексия арқылы өзара пікір алысты. Медиатор қызметінде бөгде кәсіп иелеріне бірден түсінуге қиын соғатын өзіндік ерекшелік нюанстары көп. Медиация процесінде міндетті ережелер мен шартар бар. Солардың бірі тараптардың ерікті түрде қатысуы және олардың орын алып отырған қайшылықты жәйттерді реттеуге ынталылығы болып табылады. Тек осындай жағдайда ғана медиация өзінің діттеген жеріне жете алатынына көз жеткіздік.
Рахметова Ғайни Жолбарысқызы
«№13 ЖОББМ»КММ тарих пәні мұғалімі