Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданына қарасты Ақтау ауылы басқа елді мекендерге қарағанда аудан орталығына шалғай орналасқан. Ерте кезден-ақ аудан орталығына қатынау, әсіресе қыс, көктем мезгілдерінде едәуір қиындықтар тудырып жатады.
Алайда сол қиындықтарға мойымай, жылдар бойы осы ауылдың «Ақтау жалпы орта білім беретін мектебі» білім саласында есе беріп көрген емес. Ұстаздары үнемі ізденіс үстінде, үздіксіз біліктіліктерін арттырып, заманауи әдістемені өз істерінде жүзеге асырып отырады. Соның нәтижесінде осы мектеп қабырғасында оқыған түлектері де, оқушылары да үнемі аудандық, облыстық, республикалық деңгейде түрлі байқаулардан жүлделі орындарды иеленіп келеді.
Тек қана балаларға білім берумен ғана шектелмей, өз ұжымын жұдырықтай жұмылдырып, жан-жақты тың идеяларды жүзеге асырып жүрген осы мектептің директоры – Арунов Мақсат Әнуарұлының еңбегі ерен. Мақсат Әнуарұлының өзі де осы мектептің түлегі.
Әдеттегідей, барлық жерде дерлік «дәстүрге» айналып кеткен 20-жылдық мерекеге былтыр біз де барған едік. Көп жылды артқа тастап келгендіктен мектебіміздің іші-сыртын қызықтап жүргенімізде көп істің куәсі болдық. Мектеп ауласын кәдімгі баққа айналдырған. Түрлі жеміс-жидек жайқалып өсіп тұр. Көздің жауын алады, таңданып қалыппыз… Ішіміздегі тұншығып тұрған сансыз сұрақты Мақсат бірден ұғып, жауабын өзі тарқата бастады:
— Технология сабағында көктемде жемістерді мектеп ауласына егіп, жаз бойы күтім жасаймыз. Күзде жинап, тағы да технология сабағында мұғалім оқушылармен қызанақ, қиярларды тұздап, түрлі салаттар, бүлдірген мен құлпынайдан тосап жасайды. Оқушылар тәжірбие жүзінде үйренеді, әрі еңбектерінің нәтижесіне қол жеткізеді. Тәрбиелік мәнін айта берсем, тізбектей беруге болады. Әрине, бұл өнімдердің барлығын қыс бойы балалардың тамақтануына жұмсаймыз-деді. Енді нәтижесін көруге мектеп қоймасына бардық. Барлық қыстан артылып қалған қор қаланып тұр. Міне керемет! Баланы біліммен сусындатып, еңбекке баулып, саналы тәрбие берудегі үзіктің үздігі емес пе! Хош делік. Мақсатпен сұхбатымыз қыза түсті. Мектептің жаңа технологиямен жабдықталғаны өз алдына, тіпті өзіндік студия да бар екен. «Ұстаз үшін, басшы үшін бұл жеткілікті ме?»-деп едім, бірден алдағы жоспарымен бөлісе кетті; болашақта ауыл тұрғындарының көмегімен қысқы жылыжай салуды жоспарлапты. Іске сәт!
Ауылдан қайтқанда мектебімізге қуанып, ерекше әсерде қайттық. Ұстаздардың еңбегіне риза болдық. Бұл мамыр айындағы болған оқиға.
Қызықты қараңыз… Ауылдан кеткеніміз кеше сияқты еді, уақыт зыр ете қалыпты. Жаңа 2017 жыл да келді. Ақпан айының ортасында электронды поштама Мақсат Әнуарұлынан хат келіп тұр. Аштым… Аштым да, толқып тұрып қалдым. Жоспарлаған жылыжай бой көтеріпті. Ақпан айы, Сарыарқаның сары шұнақ аязы қақап тұрған мезгілде жылыжай жайқалып тұр. Өз көзіме өзім сенбей біраз тұрып қалдым… Әрі қарай Мақсат Әнуарұлының берген сипаттамасы:
«Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы және Жаңаарқа аудандық білім бөлімімен келісілген 2016 жылы 5 мамырда бекіген 2016-2019 жылдарға арналған «Ақтау жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің даму стратегиясында көрсетілген оқу-өндірістік кешен. Осы даму стратегиясында «Жылыжай» оқу-өндірістік кешенін салу жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта көлемі 120 шаршы метрлік жылыжай демеушілердің көмегімен, сенбілік тәсілімен салынып қолданысқа енді. Жылыжай құрылымына және пайдалану мақсатына байланысты бірнеше топқа бөлінеді. Соның ішінде біздің мектептікі қысқы жылыжай (поликарбонат). Бұл жылыжайдан алдағы уақытта біраз қаржылай табыс түседі деп жоспарлануда. Онтарио (Канада) фермер ассоциациясының есептеуінше орта дәрежедегі табыс табуға 100 шаршы метр жылыжайдың мүмкіндігі жоғары болып табылады. Шамамен 1 м2 жерден 20-25 кг. қияр, 12-15 кг. қызанақ (помидор) алынады. Бұл жоспардағы оқу-өндірістік кешеннен түскен ақшалай қаражатты біз шағын орталықтың тамақтануына жұмсаймыз деп жоспарлап отырмыз. Ол даму стратегиямызда нақты көрсетілген.
Мемлекеттік білім беру мекемелердің ақылы қызмет көрсету тәртібі «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Заңының 63 – бабында нақты айқындалған. Осыған байланысты біз оқу-өндірістік кешен ретінде жылыжайдан түскен табысты жұмсай аламыз. Осы заңнаманы жүзеге асыру үшін «Республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің оларды өткізуден түсетін ақшасы өзінің иелігінде қалатын тауарлары (жұмыстары, көрсетілетін қызметтері) тізбесінің сыныптауышын бекіту» туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2009 жылғы 25 мамырдағы N215 Бұйрығымен бекітілген сыныптауышқа байланысты «Жылыжай» оқу-өндірістік кешені ретінде ақылы қызмет көрсете аламыз».
Жарайсыздар, Мақсат Әнуарұлы бастаған ұстаздар ұжымы! Еліміздің әрбір азаматы сіздердей патриот болса, әлі талайды бағындырарымыз сөзсіз! Әрине, мұндай жетістіктердің басы-қасында үнемі қолдап, демеу беріп отырған ауыл тұрғындарының да үлесі мол. Сондықтан қаймағы бұзылмаған, ауызбіршілігі мол ауылымыздың даңқы арта беруіне әрқашан тілектеспіз!
А.Д. Бекқұлова
Қарағанды қаласы