Осы аптада елордамызда мектеп оқушыларын жаңа оқу жылына дайындауға байланысты бірнеше шара өтті. Алдымен Астана қалалық білім басқармасының мұрындық болуымен, Балаларды қорғау бөлімінің басшысы Қарлығаш Сәбитқызының және Мархабат Жанболатқызының ұйымдастыруымен Есіл аудандық әкімдігінің аппаратында «Мектепке жол» атты дәстүрлі шара өтті.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы «Балаларды мектепке дайындайық» атты акциясын өткізді. Айта кетерлігі, «Мектепке жол» республикалық акциясы биыл елімізде он бірінші рет қатарынан өткізіліп отыр. Республикалық акция 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Бақытты балалық шақ» ұранымен бастау алып, 2018-2019 оқу жылы қарсаңында атқару жоспарланған.
22 тамыз күні “Астана Mega Silk Way” ойын-сауық орталығында оқушы бүлдіршіндерге арналған іс-шара өтіп, оған 70 шақты бала қатысты. Ресми шарада акцияға демеушілік көрсеткен «Астана халықаралық әуежайы» «Қазақтелеком», «Азамат груп», «Достық» ұйымдарының және «NadLoc» жергілікті қамтуды дамытудың ұлттық агенттігінің өкілдері сөз алып, балаларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. 70 шақты ұл мен қыздың әрқайсысына мектеп жарақтары салынған сөмке сыйға тартылды. Қонақтардың атынан Қазақ технология және бизнес университетінің проректоры Жазира Болатбекқызы мемлекеттік тілде әсерлі сөз сөйлеп, «ең әдемі елдің ең әдемі бүлдіршіндеріне сәттілік» тіледі. Оған қаланың көптеген мектептерімен қоса, №66 мектеп-лицейдің де көпбалалы отбасынан шыққан оқушылар мен жағдайы аз қамтылған жанұя мүшелері шақырылған болатын. Мектеп басшысы Айтжан Ермұxанқызының және әлеуметтік педагог Гүлсім Аманбайқызының ұйымдастыруымен, білім ордасында тәлім алатын сондай бүлдіршіндер аталған шараларға қатысып, арнайы сыйлықтардың иегері атанды.
Фарангиз Ахметова, «Достық» ұйымының басшысы:
«Жыл сайын «Нұр Отан» партиясының бастауы
мен «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылып жүр, ал біз соны кәсіпкерлер ретінде қолдауға әрқашан да дайынбыз. Әр кәсіпкер, әр адам қайырымды іс жасағанын қалаймыз. Қазақстан деген – үлкен отбасы, біртұтас ұлт, сондықтан бір-бірімізді қолдауға шақырамын. Өйткені – балалар біздің болашағымыз, ал біз оларға лайықты үлгі болуымыз керек».
Ильяс Юнусбаев, «NadLoc» жергілікті қамтуды дамытудың ұлттық агенттігінің бас менеджері:
«Меніңше әр бала сыйлық алғанды ұнатады. Ал мектепке қажеттеріне жарайтын сыйлыққа тіпті риза болатын шығар деп үміттенемін. Олардың сабақ үлгеріміне оң әсер етіп, үздік оқуына ынталандырады деп ойлаймын. Солай жасаса, олар ата-аналарын да, бізді де қуантар еді. Ал біз өз тарапымыздан барлық жағынан демеугедайынбыз».
Равиль Валиев, «Достық» ұйымының өкілі:
«Біздің басты мақсатымыз – әлемнің ең үздік балаларына көмектесу. Ал біздің елдің балалары сондай. Оларды дамыту – басты міндет. «Балаларды мектепке дайындайық» атты шараға біз де өз үлесімізді қосып жатқанымызға өте қуаныштымыз».
Азамат Өмірзақов, кәсіпкер:
«Біздің отандық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тек оқу жылының басында ғана емес, сонымен қатар жыл он екі ай бойы жүріп отырады. Қажетсінген ата-аналар, ардагерлер партия өкілдігіне хабарласса болады. Ал біз өз мүмкіндігімізге қарай көмектесуге әрқашан да дайынбыз. Бірақ бұл тек кәсіпкерлердің міндеті емес, бүтін елдің ортақ жауапкершілігі деп санаймын».
Мектеп жарақтары салынған сөмкелерді сыйлыққа алған балаларды содан кейін бір топ аниматорлар «Happylon” орталығының ойын аттракциондарына алып кетті. Балалар бірнеше сағат бойы асыр салып ойнап, балалық шақтың бал сәттерін өткізді. Жаңа оқу жылының алдына балаларға жарқын көңіл-күй сыйлаған бұл іс-шаралардан оқушылар көңілді, ал ата-аналар риза болып қайтты.
Алма Сайлауқызы
Астана