Қазіргі уақытта мемлекетімізде білім беру саласында жаңашыл ұмтылыстарға көп көңіл бөлінуде. Білім беру саласында қойылатын негізгі мақсат – оқу-тәрбие үрдісін түбегейлі жаңашылдандырып, озық елдердің тәжірибесімен ұштастыра отырып, оқушылардың тіл еркіндігін, сөйлеу мәдениетін, шығармашылық және жеке тұлғалық жүйесін дамытып білім берудің сапалық жағын бірінші орынға қою. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті тәсілдерін жиі жаңаландырып, қызықты да, тиімді жолдарын қолданғанда ғана балалар тиянақты, тиімді білім алады және іс-әрекетке белсенді қатысады.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында «Қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты» деп ағылшын тілін игерудің әрбір азаматқа жаңа мүмкіндіктерді ашатынын анықтады. Еліміз жылдар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізісімен, шет тілі де мемлекетаралық тіл мәртебесіне ие болды. Ендігі кезекте шет тілінің қолданылу аясын кеңейту кезек күттірмес мәселенің бірі болды. Осы орайда мектепке дейінгі мекемелерде ағылшын тілі пәніне көңіл де ықылас та жылдан жылға артып, оны оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері, технологиялары бойынша зерттеу жұмыстары, оларды тәжірибеге енгізу шаралары қолға алынды. Ағылшын тілін саналы меңгерту, оны өз деңгейінде қажеттілікке айналдыру, бір жылғы мәселе емес, сондықтан ағылшын тілін оқыту ісімен шұғылданатын мамандар арасында туындайтын бір сұрақ: ағылшын тілінде өз ойын ауызша және жазбаша еркін жеткізе алуға қалай үйрету керек? Баланы ынталандыру үшін қандай әдіс-тәсілдерді, технологияларды қолданған жөн?
Шетел тілі ана тілімен қоса баланың сөйлеу қабілетін және жалпы дамуын ғана жетілдіріп қоймайды, оны өзін қоршаған айналасындағы адамдармен қарым-қатынас мәдениетіне де үйретеді. Қазіргі заманда ағылшын тілін оқытудың әдістері мен тәсілдері жаңа технологияны ізденумен сипатталады. Ұлы педагог В.А. Сухомлинский «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, творчествосыз, фантазиясыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» деген. Ойын – бұл қоғамдық тәсілді меңгеру мақсатында, ситуациялық жағдайда бағытты түрде іскерлігін көрсететін, өзін-өзі басқаруын жетілдіретін іс-әрекет. Ойын кезінде кез-келген адамның, әсіресе жасөспірімдердің қабілеттері толығымен байқалады. Ағылшын тілі іс-әрекетінде әрбір баланың сабаққа белсенді қатысуының, ауызекі сөйлеуге құлшындыратын, ағылшын тілін оқып үйренуге талпынысы мен қызығушылығын арттыратын әдіс-тәсілдер түрі ерекше орын алады. Бұл міндеттерді сабақта оқытудың ойын әдістерінің көмегімен шешуге болады. Ойынның міндеті баланың қызығушылығын туғызып, белсенділігін арттыратындай іріктеліп алынған нақты мазмұнымен анықталады. Мұғалім ойындардың сабақ кезінде қолдануға ыңғайлы, ықшам, өткізілуі жағынан қарапайым түрлерін таңдап алғаны жөн. Таңдап алынған ойындар балалардың сөз байлығына, тілдік қорына сай болуы керек. Қолданылатын ойындар алуан түрлі. Ойынның бір ерекшелігі, ол балалардың сабақта өздерін еркін ұстауына, ойларын қысылмай айтуға жағдай жасайды. Ағылшын тілі іс-әрекетін қызықты етіп өткізу үшін мынадай ойын түрлерін қолдануға болады: фонетикалық ойындар, грамматикалық ойындар, сөйлеу қабілетін дамытуға арналған ойындар, дидактикалық ойындар, логикалық ойындар. Ойын түрлерін сабақтың әр кезеңдерінде, тақырыбына қарай мұғалім өзі таңдап алып, қолданып отырады. Ойын түрлері сабақты қызықты өткізуге, балалардың сабаққа ынтамен қатысуға, өз бетімен жұмыс істеуге, өздігінен қорытынды жасауға жол ашады. Мысалы: «Саймон айтады», «Кім не істейді?» ойындары. Бұл ойындардың мақсаты ауызекі тілде етістікті пайдалану. «Жұмбақ шешу» ойынының мақсаты сын есімдерді атап, жұмбақтың шешуін табу және т.б. ойындар.
Жаңашылдық принципі балаларды шет тіліне оқытудағы жетекші принцип ретінде сабақтың сюжетті-композициялық құрылымын түрлендіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ағылшын тілін оқытуда Ұлыбританиядағы «Макмиллан», «Лонгмэн», «Оксфорд» және Ресей Федерациясының «Айрис пресс» баспалары дайындаған көп деңгейлі оқулықтарды пайдаланамыз. Мысалы: Макмиланның «Here’s Patch», Лонгмэнның «Pebbles», Оксфордтың «First Friends» және «Get Ready», Айрис Пресстің «Games and Activities» оқулықтары. Оқулықтармен бірге оқу бағдарламалары, мұғалімге арналған әдістемелік құралдар, аудиоматериалдар берілген. Бұл материалдарда грамматикалық дағдылармен қоса балалардың ауызекі сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға көп көңіл бөлінеді, аудиоматериалдарды пайдалану жолдары көрсетілген. Тәжірибеде Макмилланның, Лонгмэнның драматизациялық ойындары ағылшын тілі оқытуда ерекше орын алады. Ағылшын фольклорының танымал ертегілері, әндері, өлеңдері кеңінен қолданылады. Мысалы “The Turnip”, “The Gingerbread Boy”, “Goldilocks and three bears”. Бұл қойылымдар балаларға бұрыннан белгілі лексикадан, сөз тіркестерден құралады. Ашық, түрлі-түсті көрнекіліктері кіші жастағы балаларды оқытудағы таптырмас көмекші болып есептеледі. Жаңа сөзді суретпен немесе әсем көрнекіліктермен байланыстыра отырып түсіндірсе, оны белгілі бір іс-әрекетте қолданылса бала өте тез меңгеріп кетеді. Аталған бағдарламалардың көрнекіліктерін көбірек пайдалану арқылы балаларда қиялы және байланыстырушылық еске сақтау қабілеті дамиды, қарым-қатынас жасау міндеттерін нақты қою және оларды шешуді ұйымдастыру логикалық сөйлеу есте сақтауының дамуына өз септігін тигізеді.
Қазіргі кезде Aсtive Studio бағдарламасымен қамтамасыз ету арқылы интерактивті тақтамен оқыту технологиясы — оқу үрдісін белсенді, қарқынды етудің бірден бір жолы. Интерактивті тақта мүмкіндігін пайдалана отырып өткізген сабақтар мұғалімнің оқу процесінде уақытын үнемдей отырып, балаларға көптеген ақпараттарды беруге көмектеседі. Ол әртүрлі түспен көркемделіп, дыбыстармен мультимедиялық-операциялық ортамен құрылған сабақ. Aсtive Studio бағдарламасының көмегімен жасалатын дыбысты, суретті сабақ көрнекілігі флипчарттарды сабақ барысында тиімді қолдану – сабақ үрдісінің сапасын арттырып, балалардың қызығушылығы мен ақпараттық мәдениетін арттыруына көмектеседі. Интерактивті тақтаның керемет мүмкіндіктері бүлдіршіндерді таң қалдырады, шабыттандырады. Балалар «ойнап отырмыз» деп ойлайды. Компьютердің мол мүмкіндіктерін осы технология бойынша құрылған қорытынды сабақтарда пайдалануға болады. Мысалы: мұғалім «Let’s find words» берген тапсырмадан кейін, балалар тақтадағы бейнеленген суреттерді ағылшын тілінде атайды. Зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістіктерді, яғни сөз таптарын өту барысында тақтаның бетінде көрген суреттерге байланысты «Who is it?», «What is it?», «What can you do?», «What colour is it?», «How many?» сұрақтар қойылып, жауап алынады. Сабақтан қолданылатын міндетті тапсырмалар: сөз тіркестерін, сөйлем құрастыру, аудару жұмысы, сөздік жаттығу.
Ағылшын тілін үйретуде сөйлеу мен тыңдап түсіну басты жетекші орында, сондықтан ағылшын тілі сөздерін дұрыс меңгеруге қол жеткізуді зерттеу мәселесі де өз алдына бір үлкен, көңіл аударатын үлкен мәселенің бірі болып табылады.
Қорыта келгенде, ағылшын тілін оқыту барысында ерте жастан оқытудың әдіс-тәсілдерінің жаңа жолдарын зерттеу, түпкі нәтиженің тиімді болуын қарастыру, білім беру мекемелерінің алар орындары әлемдегі ғылыми жаңалықтар тұрғысынан зерттеліп, зерттеу нәтижелері балабақшаларға енгізілуі керек. Ағылшын тілін еркін меңгеру қоғам талабына сай өркениетті, дамыған елдердің білім деңгейіне жетуі тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Қазақстан -2050» стратегиясы- қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы, 2012.
- Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауы, 2009.
- «Games and Activities» кітабы, Айрис Пресс, 2010.
- «Here’s Patch» кітабы, Макмиллан, 2005.
- «Pebbles» кітабы, Лонгмэн, 2004.
- «First Friends» және «Get Ready» кітаптары, Оксфорд, 2005.
Саут Айгүл Сайранқызы,
№ 11 «Гауһар» балабақшасының шағын орталығының
жоғары санатты ағылшын тілі мұғалімі