Қазіргі таңда Қазақстандық білім беру жүйесі қарқынды дамуда. Бағыты –тура, мақсаты – айқын, міндеттері жоспарлаулы білім саласының бүгінгі жеткен жетістіктері аз емес.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өз Жолдауларында ел тарихындағы маңызды салалардың бірі, әрі бірегейі ретінде білім саласына басты назар аударып отырады. Себебі, білімді ұрпақ — ел келешегі. Білімді ұрпақ болашағының жарқын болуында негізгі орын алатын балабақшалар мен мектептерде білім мен тәрбие берудің бүкіл жүйесін қайта құру және жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Болашақ ұрпақтың сапалы білім алуы мектепке дейінгі мекеме мен бастауыш буын арасындағы сабақтастығымен тығыз байланысты.
Сабақтастық дегеніміз — біріншіден, екі буын арасындағы ортақ мақсат міндеттер, ортақ мазмұндық жүйе, баланы жүйелі сатылы дамыту, бір буыннан екінші буынға неғұрлым сәтті өтуге бағыттау, екіншіден білім берудің әдістемелік жүйесінің әрбір компонентінің үйлесімділігі.
Балалар білім икемдігі мен машықтарын пайдалану және одан әрі дамыту кезінде олардың оқу ісінде әр алуан байланыстар орнату, жаңа білім мен бұрынғы білімді өзара байланыстыру. Сонымен бірге, білімді кеңейту мен тереңдету, оқығандарды жаңа, жоғары деңгейде байыптау.
Балабақша мен мектеп арасындағы байланыс формаларының сабақтастығын екі өзара байланысты аспектіге бөлуге болады: ақпараттық – ағартушылық және тәжірибелік.
Бірінші аспект: мұғалімдер мен тәрбиешілердің оқу — тәрбие жұмысының міндеттерімен өзара танысуын, балабақшаның жоғарғы топтары мен мектептің бірінші сыныбы бағдарламалар мазмұнын зерттеуді болжайды. Осы мақсатқа байланысты мынадай формалары мұғалімдер мен тәрбиешілердің біріккен педагогикалық кеңестерінде балалардың мектепке дайындығы мәселесі бойынша қатысуы, дәрістермен өзара алмасуы және т. б. жұмыстарды жүзеге асыру керек.
Екінші аспект: бір жағынан мұғалімдердің балабақшада өздерінің болашақ оқушыларымен алдын ала танысу, екінші жағынан, тәрбиешілердің бұрынғы тәрбиеленушілерді бақылап отыруымен бейнеленеді. Берілген мазмұнды жүзеге асыру формалары: мұғалімдердің болашақ оқушылармен танысу үшін балабақшадағы дайындық топтарға жүйелі қатысуы, олардың іс — әрекетін бақылау,балалардың диагностикаларының нәтижелерімен және мінездемелерімен танысу.
Екі ұйым арасындағы әрекет: Мектепке дейінгі мекеме —танымдық әрекет —мағлұмат алады, талдайды, ойнайды, білім алып, тәжірибе жасайды. Бастауыш сынып —оқу әрекеті —оқи алуға үйренеді, оқығысы келеді, жаңа мазмұнды меңгереді, жаңа түсініктер қалыптасады. Мектеп пен мектепке дейінгі мекемедегі сабақтарды салыстыра отыра келесі ұқсастықтарды атап айтуға болады:
- Бір маңыздылық: балалардың танымдық әрекетін басқару, білім және білікпен қаруландыру бір мезетте жан-жақты тәрбиелеу. Оқыту мектепте де, мектепке дейінгі мекемеде де бағдарлама бойынша өткізіледі.
- Айқын және қатаң ұйымдастыру: әрқашан, әр уақытта нақты сабақ кестесі, әр баланы оқыту міндеті, педагогтың барлық балалармен ұжымдық жұмыс жүргізуі.
Мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім берудің сабақтастығын қамтамасыз етудің маңызы зор. Осы сабақтастық аясында өз мектебіміздің 1-сынып оқушылары мен мектептегі шағын орталық тәрбиеленушілерімен сабақтастық ұйымдастырдық.
Бұл екі ұйым арасындағы сабақтастықтың негіздемесі:
- балалардың білуге деген құмарлығын дамыту;
• балалардың интеллектуалдық және тұлғалық дамуына бағытталған шығармашылық қиялын дамыту;
• тілдік қарым-қатынасын дамыту (құрбы-құрдастарымен, ересектермен тіл табысып, сөйлесе білу) ұйымдастырылған сабақта балалар мектепке саяхат қана жасамай ашық сабаққа белсене қатысып, «Мен оқушы боламын…» — деген ой түйіп қайтты.
Тәрбиешілер мен ұстаздар да қызықты ашық сабақтарында оқытудың кіріктірілген түрлері мен іс-әрекеттің әр түрінде сабақтастықтың тәсілдерін көрсете білу керек. Сабақ соңында мектеп оқушылары мен шағын орталық тәрбиеленушілері мектеп байланысын орнату үшін бірге даму жолымен жүру керек.
Мұнда мектеп белгілі бір мектепке дейінгі мекемені өз қарамағына алу, тәрбиелік шараларды бірге өткізу; мектепте 1 — сыныпқа оқушыларды қабылдауда балабақша тәрбиешілерін қатыстыру, мектеп туралы кинофильмдер көрсету, кездесулер ұйымдастыру, еңбек әрекетін бірігіп өткізу қажеттілігі туады. Мектепке дейінгі білім беру бағдарламасы бойынша алға қойған мақсат-міндеттерді дұрыс жүзеге асырғанда ғана мектепке дейінгі мекеме мен бастауыш буын арасындағы сабақтастық нығая түседі.
Құрметті тәрбиешілер, ұстаз болу үлкен шыдамдылықты, ізденісті талап етеді. Ұстаз үнемі ізденіп, жаңа нәрселерді өзіне алып отыруы тиіс.
Бүгінгі күні біздің елімізде Елбасының салиқалы саясаты жастарды қолдап, шығармашылық жұмыспен қызу айналысып, өз-өзінді көрсетуге толық мүмкіндік бар және дұрыс бағаланады.
«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деп Елбасымыз айтқандай, құрметті мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері, сөзіміз-түзу, еңсеміз-биік, рухымыз-мықты болсын десек, бірегей ұстаз мамандығын ұлықтай білейік!
Нысанбекова Еркінай Халилуллақызы,
ОҚО, Шардара ауданы,
«Қоссейіт» жалпы орта мектебі директорының
бастауыш сыныптар оқу ісі жөніндегі орынбасары