Home » Балабақша » Мектепке дейінгі жастағы эстетикалық тәрбие Жас мамандармен іскерлік ойын

Мектепке дейінгі жастағы эстетикалық тәрбие Жас мамандармен іскерлік ойын

Мақсаты: Жас тәрбиешілердің мектепке дейінгі жастағы балаларға эстетикалық тәрбие берудегі теориялық білімдерін тәжірибеде қолдана білуге үйрету.

Іскерлік ойын барысы:

  1. 1. «Мектеп жасына дейінгі балаларға эстетикалық тәрбие беру жолдары» тақырыбында кеңес беру. Эстетикалық тәрбие дегеніміз – қоршаған дүниенің, өнердің сұлулығын баланың көру және сол сұлулықты жасау қабілетін дамыту мақсатымен оның жеке басына ықпал етудің мақсатты түрде бағытталған, жүйелі процесі. Эстетикалық тәрбие дегеніміз – өте кең ұғым. Оның ауқымына табиғатқа, еңбекке, қоғам өміріне, тұрмысқа, өнерге эстетикалық қатынасты тәрбиелеу кіреді. Алайда өнерді танып, білудің көп қырлы және өзіндік ерекшелігі мол екені соншалық – ол эстетикалық тәрбиенің жалпы жүйесінің ерекше бөлімі ретінде дараланады. Эстетикалық даму – баланың эстетикалық нәр алуға мүмкіндік тудыратын сезім мүшелері мен шығармашылық қабілетін ұштау, өмірдегі, көркем өнердегі әсемдікті түсінуіне, оны қабылдауына педагогикалық жағынан ықпал ету арқылы баланың эстетикалық сезімін дамыту. Эстетикалық сезім дегеніміз – өмірдегі, көркем өнердегі әсемдікті қабылдаудан туатын эстетикалық нәр алу, толқу, рахаттану. Ол – адам табиғатына ғана тән жоғары сезім. Эстетикалық тәрбие – тұрмыс эстетикасымен де тығыз байланысты. Табиғаттағы, қоғамдық құбылыстардағы әсемдікпен таныстыру жолымен және өнер құралдары арқылы жүзеге асырылады. Балаға өмір сұлулығын сезінуді және түсінуді үйрету – ересектердің ұзақ жұмысын керек ететін күрделі де қиын міндет. Эстетикалық тәрбиенің міндеттері:
    • Баланың эстетикалық қабылдауын жүйелі түрде дамыту;
    • Балалардың эстетикалық түсінігі ең құштарлығын, сезімталдық қабілетін дамыту;
    • Балалардың көркемдік талғамын тәрбиелеу;

    Эстетикалық тәрбиенің құралдары: қоршаған дүние, табиғи орта, күнделікті тұрмыс эстетикасы, табиғаттан, өмірден алған әсері, көркем әдебиет шығармалары, музыкалық туындылар, бейнелеу өнері, мерекелер мен сауықтар. Мереке кездерінде балалар бақшасында өнердің әр түрі балаларға өзінің бар ерекшелігімен және бірлігімен ықпал жасайды.

    Эстетикалық тәрбиенің әдістері: бақылауды ұйымдастыру, әңгімелесу, түсіндіру, өнер туындыларын көру, қызықтыру, серуен, үлгі көрсету, іс-әрекетті ұйымдастыру, бейнелеу өнеріндегі әрекеті үшін мадақтау және жетістіктерін бағалау.

    Балалардың эстетикалық тәрбиесі тұрмыс эстетикасымен, еңбектегі, табиғаттағы, қоғамдық құбылыстардағы әсемдікпен таныстыру жолымен және құралдары арқылы жүзеге асырылады. Балабақшадағы тұрмыс эстетикасы көркем қарапайымдылықтан, күнделікті тұтынылатын заттардың ақылмен таңдалып алынуынан, әр заттың өз орнында жарасып тұруынан, басы артық еш нәрсе болмауынан көрінеді. Қабырғалардың бояуы жайдары, ашық болуға тиіс. Балабақшаны безендіруге қойылатын талап балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау міндеттерімен, олармен жүргізілетін тәрбие жұмысының мазмұнымен анықталады.

    1. Ойын — «Әуен сазын таны»

    Мақсаты: Тәрбиешілердің өнерге қызығушылығын арттыру.

    Қатысушыларға ұсақ қиылған қағаздарға жазылған ән тақырыптары ұсынылады. Оны әрқайсысы алып болған соң, топ бөлмесін аралай жүріп ыңылдап айтады. Олар бір-бірінің қандай ән айтып жүргенін әуенінен танып топ-топқа жиналады.

    1. Ойын — «Ұлттық салт-дәстүрлер»

    Мақсаты: Ұлттық салт-дәстүрлердің түрлерімен танысу және қызығушылын арттыру.

    Қатысушылар шеңберге тұрып, ортада жүргізуші қолындағы допты шеңберде тұрғандарға лақтырып салт-дәстүрлерді атайды, допты қағып алған адамның негізгі мазмұны жайында айтады. Дәстүр, халық педагогикасы, этнопедагогика, шілдехана, бесік той, тұсау кесу, қырқынан шығару т.б.

    1. Ойын — «Интервью»

    Мақсаты: Рөлдерге бөліне отырып ұсынылған материалдар мазмұнын қайталап бекіту.

    Қатысушылар 2 топқа бөлінеді. 1-ші топ интервью алушы журналисттер, 2-ші топтағылар әр-түрлі рөлдерді таңдап алған (шешен сөз зергері, ақын, әнші, президент) интервью берушілер.

    1. Ойын «Хабарландыру»

    Мақсаты: бір-бірінің көңіл-күйін, сезімдерін қимыл-қозғалыс арқылы түсіне білуге баулу. Ойынға қатысушылар 2 адамнан жұптасады. Әркім сөзсіз, қимыл-қозғалыс арқылы өзінің серіктесіне қандай да бір хабар айтуы тиіс, ал 2-ші адам оның қандай хабар екенін табу тиіс.

    1. Ойын «Сыйлық»

    Мақсаты: Тез арада шешім қабылдай білу, бейнелі ойлау дағдыларын қалыптастыру.

    Әрбір қатысушы сөзсіз қимыл-қозғалыс, ым-ишара арқылы туылған күнін тойлаушы адамға сыйлық сыйлайды, ал қалғандары оның не екендігін табуға тырысады.

    Рефлексия арқылы іскерлік ойынды пысықтап, қорыту.

    Сара Аймағанбетова

    №2«Жанар» балабақшасы, әдіскер

    Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.