Жас ұрпақтың жан-жақты дамуында музыкалық тәрбиені түсініп, бойына сіңіру арқылы рухани байып, ой-өрісі кеңейіп, дүниетанымының қалыптасуы – басты қасиет.
Мектеп жасына дейінгі балалық шақ – бөбекті әсемдік әлеміне неғұрлым кеңінен араластыру кезеңі. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп аталарымыз айткандай, тәрбиенің аса маңызды құралы – өнер.
Музыканың бала тәрбиесіндегі алар орны ерекше.Жалпы мектепке дейінгі мекеме жан-жақты жетілген тұлғаны тәрбиелеуді көздейді.Ал музыкалық тәрбиенің негізгі мақсаты – мектепке дейінгі балалардың бойында белгілі бір білім мен музыка мәдениетінің негіздерін қалау, шығармашылық дамуының қажетті деңгейін қамтамасыз ету, ән айту шеберлігін, дағдыларын қалыптастыру.Есте сақтау, есту қабілеттерін, зейінді, ырғақты қимылдың әсемдік мәнерлігін дамыту.Бүлдіршіннің мүмкіндіктеріне сәйсек түсінікті өнер туындыларымен қамтамасыз ету, музыканы тыңдауға,түрлі сазды әуендерді әсерлі сезіну, аспаптардың дыбыстарын есту арқылы ажырата білуге көмектесу.Әннің мәтіні мен сазына сәйкес үйлесімді образды қимылдар жасауға бейімдеу.
Музыкасыз, ойынсыз,ертегісіз баланың толық мәніндегі ақыл-ойы мен қиялын дамыту мүмкін емес.Музыка баланың сезімдеріне тікелей әсер етеді.Олардың музыкаға деген көзқарасы қалыптасып,есту қабілеті жетіле түседі,шығармашылық елестету сезімі пайда болады.Балаларды мазмұны бай әр түрлі шығармалармен таныстыра отырып, оларды әр түрлі жағымды әсерге бөлене білуге баулимыз,яғни музыка арқылы балалардың дыбыс үніне зейіні, байқағаштығы, тапқырлығы жетіледі.
Кіші топтарда «Қуыршағым», «Күшігім», «Маймақ аю», «Мысығым» т.б әндерді жақсы қабылдайды, қол соғып, шаттану, таңдану сияқты сезімдерін көрсетеді,сонымен қатар әнге қызығу үшін ойыншықтарды қатыстыруға болады. Балаларға ойыншықтарға қарап тұрып ән салған қызықты немесе жалаушаларды көтеріп желбіретіп,сылдырмақты сылдырлату.Ал екінші кіші топтарда «Бізге қонаққа қуыршақ келді,отыра тұрсын,біздің әнді жақсы айтатынымызды көрсін» деп қуыршаққа назар аудартамыз.
Түрлі аспаптарда ойнау балаларды музыка сферасына қызықтыру, шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру мақсатында қолданылады. Кішкентай топтарда жаңбырдың даусын, желдің соғуы, балалар жүгіреді т.б. осындай әр алуан образды бубенмен, барабанда соғып көрсетеді.Сонымен қатар ырғақты қимылдардың да орны ерекше.Бұл бала бойындағы ұстамдылықты, ерік-жігерді жетілдіреді.Кіші топтарда алақан соғу, топ-топ басу, аяқты өкшеге қою,қолды алға созу, жеңіл жүгіру, жай жүру т.б. қимылдар қолданылады.Екінші кіші топтарда аюларша қорбаңдау, түлкі,қоян қимылдары, жапырақ, гүлдер, жалаушалармен оңға, солға көрсету.Балалардың музыкалық дамуын жетілдіруде ойынның да маңызы зор.
«Музей» сөзі грекше «museion» және латынша «museum» деген сөздерден шыққан, бұл музалар храмы, ғылым мен өнерге арналған орын деген ұғымды білдіреді. Музей – табиғат пен адамзат қоғамының дамуын сипаттайтын және тарихи, ғылыми, сондай-ақ көркем құндылықтарды көрсететін заттар мен құжаттарды жинаумен, зерделеумен, сақтаумен және көпшілік назарына ұсынумен айналысатын мекеме. Мектепке дейінгі білім беру ұйымы да өзіндік ерекшелігі бар мекеме болып табылады, ол өз мүмкіндіктеріне қарай, іздеу және зерттеу, сондай-ақ қолда бар коллекцияларды көрсету және насихаттау жұмыстарын жүргізеді. Музейлер саны жылдан-жылға өсе түсуде. Олардың басым көпшілігі мектепке дейінгі білім беру ұйымының педагогикалық қызметінің маңызды бөлігіне айналды.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымының жұмыс практикасында музей құрмастан бұрын әуелі көрме, бұрыш, бөлме ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі. Жаңа материалдардың жинақталуына және өз қызметінің кеңеюіне қарай олар бірте-бірте музейге айналады.
Музейдің мынадай белгілері бар:
1)музейді ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі үшін қажетті шарт – бұл оның мектепке дейінгі білім беру ұйымының тәрбиелік-оқыту міндеттерінен туындайтын және басымдықтарды белгілейтін жұмыс бағыттарын анықтау; бұл тұрғыда балалар мен ұстаздардың мүдделері, сондай-ақ болашақ музейді түпнұсқа заттармен жасақтау мүмкіндіктері аса маңызды болып табылады;
2) оның негізін құрайтын түпнұсқа материалдар қорының (заттар, жазбаша және баспасөз дереккөздер, түпнұсқа фотосуреттер т.б.) болуы;
3) қосымша қор – экспозицияны толықтыру және оларда бейнеленген оқиғалар мен құбылыстарды түсіндіру үшін арнайы дайындалған заттар: түпнұсқалардың дәлме-дәл көшірмесін жасау (баспасөз материалдардың фото және ксерокөшірмелері, көркем шығармалардың көшірмелері, макеттер, үлгілер, нақпішіндер); карталар, сызбалар, тақырыптық суреттер т.б.;
4) музей жұмысында дыбыс жазбалары мен бейнетаспалар қорын, т.б. белсенді пайдалану қажет;
5) материалдар таңдап алынған тақырыптардың мазмұнын барынша толық та терең ашуы, музей бөлімдерінің тақырыптық логикасына сәйкес белгілі бір жүйеде қойылуы тиіс;
6) қорлар үнемі толықтырылып, ал экспозициялар жүйелі түрде жаңартылып отыруы тиіс, бірақ бұл өзгертулер әбден ойластырылған және белгілі бір мақсатқа бағытталған болуы қажет;
7) музейде жиналған коллекцияларды тиісті дәрежеде сақтауды және көрсетуді қамтамасыз ететін орынжай мен құрал-жабдықтар болуы тиіс;
8) музейде интерактивті экспозициялар,балалар тек қарап қана қоймай, ұстап және иіскеп қарайтын және тыңдайтын белсенділік аймақтарын құру қажет, өйткені олардың түсінуі үшін тек көріп қана қою жеткіліксіз, олар белсенді қимыл-әрекет арқылы танып біледі;
9) музейдің барлық экспонаттарына картотека толтырылады;
10) музейдің жұмыс жоспары бөбекжайдың жылдық жоспарымен үйлестіріледі және оған музейде балалармен өткізілетін шаралар: экскурсиялар, түрлі ойын-сауықтар мен мерекелер, бос уақыт кештері т.б., шараларды өткізу уақыты, өткізуге жауаптылар енгізіледі;
11) музейде сабақтарды шағын топтармен (шамамен 10 бала) өткізген дұрыс.
Баланың өсіп жетілуіндегі және мектеп жасына дейінгі балалардың психикалық дамуындағы маңызды сала болып табылатын балалардың эмоциялық көңіл күй өрісін қалыптастыру міндетін шешуде маңызды рөл атқаратыны бұрыннан белгілі.
Біздің бөбекжайда мектепке дейінгі балаларға музыкалық тәрбие беруге ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағыттағы қызықты жұмыс түрлерінің қатарында музыкалық аспапатар мен музыкалық ойыншықтардың шағын музейін құруды атауға болады.
Шағын музейдің мақсаттары:
1)мектеп жасына дейінгі балаларды шағын музейдегі музыкалық аспаптармен және музыкалық ойыншықтармен таныстыру;
2)мектеп жасына дейінгі балаларда музыка тартудан эмоциялық қанағаттану сезімін және оған деген қажеттілікті қалыптастыруға жағдайлар жасау.
Міндеттері:
-мектепке дейінгі балалардың зияткерлік, эмоциялық, сөйлеу және қиялдау қабілеттіліктерін музыкалық аспаптармен және музыкалық ойыншықтармен (олардың сыртқы пішінімен, құрылысымен, дыбыс тембрімен, пайда болу тарихымен) таныстыру арқылы дамыту;
-музыкаға және музыка тартуға деген сүйіспеншілік пен қызығушылыққа, музыкалық аспаптарға ұқыпты қараушылыққа тәрбиелеу;
— мектепке дейінгі балалардың ересектермен бірге музыкалық аспаптар мен музыкалық ойыншықтардың шағын музейіне баруы арқылы олардың дербес танымдық қызметін ынталандыру;
-шағын музей үшін музыка залының қасынан шағын бөлме бөлу.
Шағын музейдің қорын былайша құруға болады:
1)негізгі қор шынайы музыкалық аспаптардан және музыкалық ойыншықтардан құралады;
2)қосымша қор:
-музыкалық аспаптардың (домбыраның, балалайканың, гармошканың) үлгілері;
-«музыкалық аспаптардың төлқұжаттары»;
-«Музыкалық әліппе» (музыкалық аспаптар туралы жұмбақтар);
— музыкалық аспаптар туралы әндер топтамасы;
-«Дудочка», «Пианино» сияқты саусақпен басатын ойындар топтамасы;
-«Музыкалық кітапхана»;
-музыкалық аспаптар бейнеленген фотосуреттер мен иллюстрациялар;
— музыкалық аспаптар бейнеленген боямалар;
-қолдан жасалған бұйымдар және балалар суреттері.
Шағын музейдегі ұйымдастырылған оқу қызметтері негізінен экскурсия түрінде өткізіледі. Көбіне экскурсияны ересектер жүргізеді, алайда кей жағдайларда бұл рөлді мектепке әзірлік тобындағы балалар да атқаруы мүмкін.
Музыкалық аспаппен таныстырған кезде оның сыртқы пішініне, қандай материалдан жасалғанына, не нәрсеге ұқсастығына назар аударып, оның шығу тарихы туралы әңгімелейміз. Жанасу түйсіктерін пайдаланамыз, музыкалық аспап бейнеленген иллюстрацияларды қараймыз, дыбыс шығару тәсілдерін көрсетеміз және олардың өздерінің дыбыс шығаруын ұсынамыз, сондай-ақ бұл жәдігер туралы, оның біздің музейге қалай түскені туралы ертегі құрастыруларын сұраймыз, балаларды музыкалық аспаптарды дұрыс және ұқыпты сақтауға үйретеміз. Оларға музыкалық аспаптарға дөрекі қарым-қатынас ұнамайтынын, оларды қатты ұрғанда құлаққа жағымсыз ащы дауыс шығаратындары туралы түсіндіреміз.
Әрбір экскурсиядан кейін балалар педагогтарға өз сұрақтарын қоя алады және оларға өз бетінше жәдігерлерді қарау мүмкіндіктері беріледі.
Шағын музейде өткізілетін сабақтар топтастырылған және кешенді болуы мүмкін, бұл жағдайда мектепке дейінгі балалар өнерді синтездеу негізінде қызметтің әр түрінен музыкалық аспаптар туралы түсінік алып, алған білімдерін бекітуге мүмкіндік алады.
Ойын-сауық шаралары түрлі мазмұндық бағытта өткізіледі:
-танымдық-тақырыптық кештер (викториналар, әңгімелер);
— концерттер;
— театрландырылған қойылымдар;
— музыкалық шеберхана.
Мектепке дейінгі балалар шағын музейдегі музыкалық аспаптармен жаңа кездесулерді әрқашан асыға күтеді. Бұл қызығушылық ешқашан таусылмайды!
Шағын музей жұмысының мектепке дейінгі балалардың эмоциялық көңіл күйіне әсері:
а) мектепке дейінгі балалардың санасында музыкалық аспаптар мен музыкалық ойыншықтарды қолданып, эмоциялық сезімталдық тәжірибесін жинақтау арқылы олардың психологиялық-эмоционалдық дамуына жағдайлар жасалады;
б) танымдық-тақырыптық кештер, викториналар мен концерттер сияқты ойын-сауық шараларын өткізу балалардың бойында қуанышты сезімдер, көтеріңкі көңіл күй туғызады, олардың өмірге деген жағымды көзқарасын орнықтырады, сондай-ақ жаңаны танып білуге деген құштарлықтарын оятады, ой-өрісін кеңейтеді.
Балаға музыкалық тәрбие берудің бір саласы – эстетикалық тәрбие.
Музыкалық-эстетикалық тәрбие беру дегеніміз – әсемдікті қабылдап сезіну, түсіну.Музыкалық қабілетті дамыту белгілері: бала көңілді әуен естігенде қуану, эмоциялық әсер көрсету, яғни музыкалық образды қабылдауын дамыту.Мысалы: бала ойын сәтінде қуыршақты тербете отырып «Бесік жыры» әуенін орындайды, ал марш ырғағындағы әндер баланың көңілін көтереді, ширатады.
Тыңдау қабілеттілігі. Балалар өздеріне жақын да түсінікті әр түрлі музыкалық шығармаларды тыңдай отырып салыстырады. Мысалы: жеңіл,жылдам әуен ойнаса үркек қоянның,жай,ауыр ойналған әуенге қорбаңдаған аюдың әрекеттерін өз беттерінше көрсетуге талпынады.
Музыка баланың бүкіл ағзасының жалпы жағдайына әсер етіп,қан айналымын, тыныс алуын, бұлшық еттерін қимыл-қозғалысқа келтіреді.Ән айту дауысты жетілдіреді, дауыс желбезегін бекітеді, сөзді дұрыс, таза айта білуге, тұлғаны дұрыс ұстауға үйретіп, тынысты реттеп, тереңдете түседі.Музыка мен қимылдың өзара байланысы баланың денесін тік ұстап, аяқ- қолын нық басып, жеңіл жүру қасиеттерін қалыптастырады.
Оралбек Уахитұлы Какимов,
№6 «Шолпан» бөбекжайының музыка жетекшісі,
Орал қаласы, Батыс Қазақстан облысы