Жалпы білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі болып саналатын, ең алғашқы, әрі негізгі саты мектеп жасына дейінгі мекемелер болып табылады. Мектеп жасына дейінгі мекемелерде балалардың жеке қасиеттерінің, құзыреттіліктерінің жетілуіне негіз қалау, мектеп өміріне дайындау, күн тәртібіне және оқу ісіне бейімделуін жүзеге асыру көзделеді.
Қазіргі таңда мектепке дейінгі мекемелердің көбеюінің бастау алып жатқандығы қоғамымыздың қуантарлық жаңалығы деуге болады. Бұл дегеніміз ертеңгі болашағымыз, артымыздан келе жатқан ұрпағымыздың заман талабына сай, өз жас ерекшелігіне байланысты білім алу, бойына адамгершілік сезімін сіңіру, отанға, елге, отбасына, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікке ие болуы. Қазақстан Республикасының білім беруді дамыту тұжырымдамасында: «Білім берудің деңгейлерімен мазмұнын анықтағанда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды «үздіксіз» білім берудің бастапқы деңгейі» деп көрсеткен. Осы деңгейдің мақсаты мен міндетін айқындап, онда: «мектепалды даярлығының мазмұнын мектеп жасына дейінгі балаларға тән қызмет түрлерін жасына және даралығына сай тәсілдерді ескере отырып, қайта қарау және оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру кезінде заттық кеңістік ортасын жасау, мектепке дейінгі және бастауыш білімнің оқыту бағдарламаларының үйлесімділігі, баланы шаршаудан қорғау мақсатында оны оңтайлы жүктемемен қамтамасыз ету, салауатты өмір салтының құндылықтарына баулу арқылы денсаулығын нығайту» делінген.
Ал, бүгінгі қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген, бойында ұлттық сана, ұлттық дәстүр қалыптасқан, инабатты да ибалы, мейірімді, адамгершілігі мол, рухани бай азаматты тәрбиелеп өсіру – балабақшаның бірден-бір міндеті. Бұл міндеттің жүзеге асырылуына үлес қосатын тәрбиеші педагог екені белгілі.Тәрбиеші педагог өздерінің кәсіби шеберлігі, біліктілігі, құзыреттілігі арқылы баланың бойына сіңірте біледі. «Егер бала бір нәрсеге ұмтылса, сол нәрсеге баланың денесі, жаны, ақылы, сезімі, қайраты – бәрі бірге жұмсалады», — дей келе, «ақыл, ішкі, сезім, қайрат қатынасатын болғандықтан…үшеуін бірдей тең тәрбие қылу – тәрбиешінің міндеті»,- деген ойды М.Жұмабаев анық айтып көрсеткен. Бұл ойды түйіндесек, балалардың өмірінде мектепке дейінгі ұйымның, оның ішінде тәлім-тәрбие беріп отырған тәрбиеші педагогтың алатын орны маңызды да ерекше. Тәрбиеші педагог жас ұрпақтың рухани жетекшісі. Сондықтан да тәрбиеші педагогтың кәсіби біліктілігін атап айтсақ:
* Жаңа заман сұранысына сәйкес оқу-тәрбие процесін жүргізетін, әдіс-тәсілдерді түрлендіріп отыратын, дамымалы білім ортасына сіңісіп кете алатын маман болуы;
* Мектепке дейінгі балалардың физиологиялық, психологиялық, жыныстық ерекшеліктерін жан-жақты білетін болуы;
* Мектеп жасына дейінгі балалардың ойын, оқу, еңбектегі ерекшелігін ескере білетін біліктілігінің қалыптасуы;
* Педагогикалық жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, жаңаша жұмыс істей білуге қабілетті;
* Жаңа технологияларды меңгерген, кәсіби құзыреттілігі жоғары шебер, адамгершілік, кісілік қасиеттері басым маман болуы қажет.
Мектеп жасына дейінгі ұйымдардағы педагог тәрбиешілер үшін стандартта арнай талаптар жүйесі және педагог сипатын бақылаушы технологиялық карта белгіленген:
* Кәсіби құзыреттілігі;
* Бала жасына сай анатомо-физиологиялық, психологиялық, дәрігерлік білімінің болуы;
* Әр балаға жеке білім беру бағытын әзірлеуі;
* Отбасымен іс-әрекет ұйымдастыруы;
* Салауатты өмір маңызын түсінуі;
* Сауатты, эмоционалды, мәнерлеп сөйлеуі;
* Тілдік минимум шегінде мемлекеттік ана тілі және басқа тілде қатынас жасай алуы;
* Балаларға білім берудің тиімді тәсілдерін меңгеруі;
* Эстетикалық талғамы бар;
* Шығармашылық қабілетін қандай да бір іс-әрекетте көрсетуі;
* Бала пікірін құрметтеуі;
* Эмоциялық қолайсыздықтарды жеңе білуі;
* Қазақтың және басқа ұлттардың салт-дәстүрлерін білуі, насихаттауы.
Құзыреттілік әр түрлі жағдайларды алдына қойған міндеттерін шешуде, өзінің көзқарасын әдеп нормасына сәйкес жеткізуде ауызша және жазбаша коммуникациялардың түрлі құралдарын пайдалануға мүмкіндік туғызады. Құзыреттілік тәсіл стандарт талаптарына сәйкес педагогикалық тәсілдер мен әдістерді таңдау, білім беру процесін өздігінен ұйымдастыру.
Қоғамға өмірдегі әрекетке енуге дайын пайда болған өмірлік және кәсіби мәселелерді шешуге қабілетті адам керек. Бұл қабілеттерді заманауи білім беру мазмұнына сәйкес келетін «құзыреттілік» ұғымы анықтайды. «Құзыреттілік» ұғымының мазмұнына тұрақты анықтама жоқ және құзыреттіліктің жіктелуі әлі күнге ғалымдар тарапынан бір тоқтамға келмеген. Бірақ көптеген авторлар құзыреттілікті қандай да бір әрекетті тиімді орындаумен байланыстырады. Білім мен тәрбиенің біртұтастығын сақтай отырып, жас ұрпақтың бойында өзіндік бағдарын айқындауға мүмкіндік беретін табысты өмір сүруге жол ашатын құзырлыққа жеткізетін шешуші құзыреттілік – бұл білім беру саласының жиынтығы емес, алынған білім мен біліктілікті тәжірибеде қолдана алу қабілеттілігі.
Білім, дағды, қабілеттер, түрткілер, құндылықтар мен сендіру құзыреттіліктің мүмкін болатын құрамдасы ретінде қарастырылады, бірақ олар адамды құзыретті етпейді. Мектеп жасына дейінгі баланың бүгінгі жаңа материалмен, оны білудің қаншалықты қажет екендігін мойындату үшін тәрбиешіге шеберлік қажет. Дұрыс таңдалған әдіс- тәсілдер баланың алдына мақсат қойып, нәтижеге жетуге жетелейді. Әр оқу іс-әрекеті сайын ізденуге, ойлануға үйренген бала кез – келген тапсырманы тез шешуге үйренеді.
Жас жеткіншектерді тәрбиелеуде білім – білік дағдыларын арттырып, балалардың бойына жан- жақты дамытуы менің алға қойған негізгі бағытым. Кішкентай бүлдіршіндердің дамуына ықпал ететін үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы ретіндегі мектепке дейінгі білім беруде баса назар аударған жөн және бұл сатысына олардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға арналған тиімді бағдарламалармен қамтамасыз ету қажет. Әрі балалардың білім алуға, еңбекке және қоршаған ортаға бейімі, қарым-қатынасы нық осы кезеңде қалатынын естен шығармауымыз керек.
Әрбір балабақша тәрбиешісі кәсіби құзыреттілігін арттыруы үшін өз еңбек жолын шығармашылықпен байланыстыруы қажет. Шығармашылық, кәсіби шеберлік, мәдениеттілік, эрудиция қайырымды және білімдарлық педагогты нағыз идеал етіп көрсетеді. Ш.Летурно былай деген: «Денені шымырландырудың, ерік-қайратты шыңдаудың, ақылды алғырландырудың, ойды салмақтандырудың жолын білсең, сен тәрбиешісің». Міне, осындай қасиеттер тәрбиеші бойынан табылуы қажет. Балабақша тәрбиешісінің еңбегі өте зор. Ол өз еңбек жолын тек балаларға арнайды, оның жүрегі мейірімділікке, рухани адамгершілік сезіміне толы. Тәрбиеші педагогтың ішкі дүниесімен қатар, өн бойында білім мен біліктілігі де зор. Өзінің бойындағы барлық адами қасиеттерін, білімін, тәрбиесін шуақ қылып әрбір балаға шашады. Сондықтан да мектеп жасына дейінгі мекемелердегі педагог тәрбиешілердің бала үшін, болашақ ұрпақ үшін жасаған еңбегін ұлы да, ұлағатты іс екенін айтуға болады.
«Жанерке» жеке балабақшасы
Келінтөбе ауылы
Жәнібекқызы Мәрзия