Home » Баяндамалар » МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕ МНЕМОТЕХНИКА —  БАЛАЛАРДЫҢ ЕСТЕ САҚТАУ ҚАБІЛЕТІН ЖЕҢІЛДЕТЕТІН ТИІМДІ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕ МНЕМОТЕХНИКА —  БАЛАЛАРДЫҢ ЕСТЕ САҚТАУ ҚАБІЛЕТІН ЖЕҢІЛДЕТЕТІН ТИІМДІ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ

 

       Бүгінгі таңда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбие мен оқыту бағыттарын қоғам сұраныстарына сәйкес құру – көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр. Осыған орай, мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің кәсіби білімдерін жетілдіру, оқу-тәрбие үдерісінде инновациялық технологияларды қолдануға бағыт-бағдар беру, озық іс- тәжірибелер мен идеяларды насихаттау негізінде жүргізіледі.

  Балабақшадағы инновацияға не жатады? 

Инновациялық іс-әрекеттің үш кезеңін атап көрсетуге болады. Бірінші кезеңде педагог жаңалықтың қажеттілігін дәлелдеу арқылы жаңалық туралы ақпарат жинайды, одан кейін әртүрлі жаңалықтың ішінен қажетті жаңалықты таңдап алып, оны қолдану туралы шешім қабылдайды. Тәрбиеші инновациялық іс-әрекеттің екінші кезеңіне көшеді, яғни іске асыру кезеңдерін зерттеп, енгізу жоспарын құрып, жаңалықты қолданады. Бұл кезеңде педагог оқу-тәрбие процесіне, жаңалықты енгізуіне кедергі жасап отырған факторларды ескере отырып, өзгерістер енгізеді, жаңалықты уақыты мерзіміне байланысты жұмыстарды өткізеді. Жаңалықты енгізу уақыты аяқталғаннан кейін инновациялық іс-әрекет үшінші кезеңіне өтеді. Бұл кезеңде тәрбиеші жаңашыл тұрғыда ұйымдастырылған оқу-тәрбие жұмысының нәтижесін көтеруге жасаған ықпалын анықтайды, жаңалықтың оқу-тәрбие жұмысына нәтижелі енгізу шарттарын белгілеп, оны таратуға ұсынады. Оқытудың инновациялық жүйесі – білім, оқыту процесінде жаңа технологияларды пайдалана білу іскерлігі қалыптасуы керек. Қазақстанның бүгінгі білім беру жүйесінде жаңа инновациялық бағытты игерген, нақты тәжірибелік іс-әрекетте өзіндік даңғыл жол салуға икемді, шығармашыл, зерттеуші педагогтар аса қажет. Мысалға алатын болсақ, бала тұлғасы жалпыадамзаттық құндылық ретінде қарастырылатын, ізгілікті педагогика теориясында «жеке бағытталған оқыту», «жеке бағытталған тәрбие», «жеке көзқарас» сияқты түсініктер бар. Жеке бағытталған педагогика балалардың жеке тәжірибе жинақтап, олардың жеке қызығушылықтары мен қажеттіліктері іске асырылатындай оқыту ортасын жасайды. Жеке бағытталған технологиялар:

— топтық оқыту технологиясы;

— Ш.А.Амонашвилидің ізгілік- жеке технологиясы;

— Интерактивті оқыту;

— Ойын технологиялары;

— М.Монтессори технологиясы;

— Дамыта оқыту технологиясы;

— Мнемотехника технологиясы;

— ТРИЗ шығармашылық технологиялары бүгінгі мектепке дейінгі мекемелер үшін өте тиімді болмақ. Сонымен қатар, мектепке дейінгі мекемелерде инновациялық білім беру құралдарын қолданудың да маңызы зор.[1]

Мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқыту кешенді көзқарас қалыптастыруда түрлі қырынан дамытатын оқу ойындарға көп мән беріледі. Зерттеу мақсатында мектепке дейінгі ұйымның ортаңғы тобы үшін «Көркем әдебиет» бөлімі рухани азықтың қайнар бұлағы. Баланың өмірден алған әсерін тиянақтап, ауызша айтылған ақыл-өнегені оның зердесіне жеткізіп, орнықтыратын тәрбие құралы – әдеби шығармалар. Мектепке дейінгі балалардың сөздік қорын дамытуына әсер етуі, сөйлеу тілін, өз ойын, әңгімелеуді грамматикалық құрылымда дұрыс меңгертіп, ойын-тапсырмалар орындау арқылы жаттықтырып отыру керек. Осы уақытта балалардың оқу процессі олар үшін қызықты, дамытушы және жаттықтырушы болуын қадағалауымыз керек. [2]

Өзіміздің жұмысымызда балалардың байланыстырып сөйлеуін дамыту үшін мнемокестені қолданғанды жөн көрдік. Қалай ойлайсыздар, неге кейбір балалар өлеңнің мәтінін жаттауға қиналады, бірақ мультфильмдерді жақсы естерінде сақтайды? Сіздер тақырыпты түсіндіргенде барлығы мұқият тыңдайды, бірақ кейбір балалар тақырыпты жақсы меңгеріп естерінде сақтайды, ал кейбір балалар не жайлы әңгімелескендеріңізді ұмытып кетеді, осыны аңғардыңыздар ма? Осы балалардың есте сақтау қабілеттерін жақсарту үшін не істеу керек? Есте сақтау процессін қарапайым және жеңіл ету үшін не істеу керек? Осы кезде бізге көмекке сюжеттік суреттер келеді. Мнемотехника дегеніміз не? «Егер бала үндемей тұрса, оған сурет көрсетіңіз, сонда бала сөйлеп кетеді» дейді К.Д.Ушинский. Мнемотехника – грек тілінен аударғанда – “есте сақтау, есте сақтауды дамытушы технология”. Бұл – ақпаратты тілде есте сақтауына жағдай жасаушы, негізін қалаушы әдіс- тәсілдердің жүйесі. Әр сөзге немесе сөз тіркесіне сурет салынады, сонымен бүкіл мәтіннің суреті шығады. Кез келген әңгімені, ертегіні, мақал-мәтелді, өлеңді суреттерді немесе символдық белгілерді пайдаланып жазуға болады. Осы кестелерге қарап бала алған ақпаратын есінде сақтайды. Кестелер баланың көру қабілетін іске қосады, естіген мәтінін қалыптастыруына көмектеседі. Кестелерді әңгімелеу, әңгіме құрастыру, жұмбақтың шешімін табу, жаңа мақал-мәтелді жаттау, өлеңді жаттауда пайдаланған тиімді. К.Д.Ушинский: «Баланы жаңа бес сөзге үйреткенде ол ұзақ нәтижесіз киналады, бірақ осындай жиырма сөзді суреттермен байланыстырғанда ол тез ұғып алады» — деп жазды. Мнемокесте әдісі ақпаратты меңгеріп қолдануында тиімді. Тәжірибе көрсеткендей, бұл әдіс балалардың жаңа сөздерді, сөйлемдерді, мәтіндерді меңгеріп, естерінде сақтауларында тиімді.

Мнемокесте:

  • Тіл дамыту бойынша дидактикалық көрнекілік;
  • Тілді дамыту және сөздік қорды молайту үшін қолдануға болады;
  • Әңгімені құрастыруда, әңгіменің мазмұнын айтуда, өлеңді жаттауда қолдануға болады.

Мнемокестенің көмегімен мынандай мәселелерді шешуге болады:

  • Тілді дамыту және сөздік қорды молайту;
  • Есте сақтау қабілетін, ой-өрісін, зейінін дамыту;
  • Ұсақ моторканы дамыту.

Мысалы: Өзім жайлы әңгіме. 1.Менің атым________. Анамның аты______. Әкемнің аты_______. 2.Менің інім, ағам бар. (Әпке, қарындас, сіңлі). 3.Анам______ болып жұмыс істейді. Әкем________ болып жұмыс істейді. 4.Менің әжем _______тоқыма тоқи алады, ал атам _______бақшада жұмыс жасағанды ұнатады. 5.Біз – ағам (інім, әпкем, сіңлім), әжеммен атамның саяжайында дем алғанды жақсы көреміз. Біз онда орманға барамыз, шомыламыз. 6.Біз өз отбасымызды жақсы көреміз.

Әңгімені құрастырғанда суретті баланың өзі салуына болады. «Сүйікті жемісім» атты әңгіменің жоспарын құруға болады. Алмұрттар бұл – жемістер. Олар ағашта өседі. Олар жасыл және сары түсті болады. Бау-бақшада өседі. Менің алмұртым – сары, үлкен, тәтті және дәмді. Алмұрттан шырын және тосап жасауға болады. Алмұрттар өте пайдалы. Оларда дәрумендер көп. Мнемокесте – есте сақтау қабілетін жеңілдететін және қосымша ассоцияларды құраумен есте сақтау көлемін кеңейтетін әр түрлі тәсілдердің жүйесі. Әдістеменің ерекшелігі – заттардың бейнесін емес, ал оларды есте сақтау үшін таңбаларды қолдану. Бұл балаларға сөзді таңдау мен оны есте сақтауды біршама жеңілдетеді. Таңбалар тілдік материалға максималды жақындатылған. Балалардың сөздік қорларын молайтып, дамытып, дұрыс жүйелі түрде өз ойларын жеткізе білулері үшін, есте сақтау қабілеттерін жақсарту үшін, кез-келген оқу іс-әрекетінде алға қойған мақсатқа жету үшін мнемокестені пайдалану тиімді. Зерттеу мақсатында оқу іс-әрекеттерінде біз үнемі мнемокестені пайдаланымыз. Мысалы көркем әдебиет оқу іс-әрекетінде тақырыптарды меңгеруде жүйелі түрде пайдаланған мнемокестелердің нұсқаларын келтірдік. Мотивациялық  қозғаушылықта балаларды шаттық шеңберіне тұрғызып бір-бірлеріне жылы лебіздерін білдіреді. Шаттық шеңберіндегі мәтіннің мазмұнына сай мнемокесте тақтаға ілінеді. Бұл – балалардың сөзбен ғана емес, кесте арқылы көзбен көріп, көңіл-күйлерін қуанышқа бөлейді. [3] Ойын мнемокесте қолдану барысында ең басты элемент болып саналады. Мнемокестені қолдану әдісі – баланың ынтасын ұйымдастырылған оқу іс-әрекетке аударуға, көңіл қойғызуға , қабылдауын жеңілдетуге, білімді толық игеруге көмектеседі, эмоциялық бояу береді. Жұмбақ жасырғанда да мнемокестенің маңызы зор, жұмбақты тыңдай отырып, мнемокестені көре отырып жұмбақтың шешімін тез табуға машықтандырамыз.

Мнемокестелер тақпақтарды жаттаған кезде ерекше тиімді. Оның мазмұны мынада – әр сөзге немесе кішкентай сөз тіркесіне сурет (бейне) ойдан шығарылады. Осылайша барлық тақпақтар сызба түрінде бейнеленеді. Бұдан кейін бала графикалық бейнені қолдана отырып, есте сақтау арқылы тақпақты бүтіндей дыбыстайды. Тақпақты жаттауға үйрету үшін керек суреттерді қолдану балаларды қызықтырады, ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін ойынға айналдырады. Суреттермен ілесе жүретін тақпақты тыңдағаннан кейін бала оны біршама тезірек есте сақтайды. Алдымен таңдалған тақпаққа тірек суреттерін іріктеп алу керек. Суреттер айқын танылатындай болуы қажет. Оны оқығаннан кейін балалар тірек суреттері бойынша айтып береді. Оқу іс-әрекеті «Көркем әдебиеті» бойынша «Қолғап» өлеңімен таныстыруда мнемокестені қолдандық.

Қуан, шаттан, алақай! Қуанатын күн келді. Күліп шықты күн бүгін. Қайырлы таң! Қайырлы күн! Шанамен зырлап желетін. Шаңғы, коньки тебетін. Аққала жасап ойнайтын. Қай мезгіл деп ойлайсың? (Қыс)

       “Қолғап”. Жоғалыпты қолбағым, Тыз-тыз етті қолдарым, Сорып аяз тастады, Естен кетпес тоңғаным. Қолғаптық жіп шығарып, Тоқыды әжем біз алып. Мен отырмын ұяттан, Тоңғандай боп, қызарып.

Балаларды оқытуда іс-әрекеттерді меңгертудегі көрнекілік, сөздік, ойындық, тәжірибиелік әдістердің барлығы қолданылады. Қорыта келгенде, мнемокестелер арқылы оқыту балалардың тілдерін дамыту, танымдық, есте сақтау қабілеттері арттырады. Әр педагог балаларды оқытудағы қолға алған мақсаттарына жетеді. Қоршаған ортамен таныстыру оқу іс-әрекеттерін меңгеруде де табиғат, жануарлар, өсімдіктермен таныстыруда да мнемокестелерді қолдандық. [4]

Әңгімеле…

Бұл не? Биіктігі. Ағаштың бөлшектері. Жапырақтарының пішіндері. Жемістері. Ағаштардың түрлері. Күз мезгіліндегі ағаштар. Ақ қайың Үйеңкі Емен Шетен Қарағай Шырша; Әңгімелеп бер

Бұл не? Түсі. Дене бөлшектері. Үстінде не бар? Дауысы. Немен қоректенеді? Қалай қозғалады? Тұратын орны. Балалары. Адамға пайдасы.

Балалардың тақырыпты меңгерулерін жақсарту үшін инновациялық технология мнемокестені пайдалана отырып, балаларды оқытудағы көрнекілік, ойындық, сөздік, тәжірибелік әдістердің барлығы қолданылды; сұрақ-жауап, көрсету, түсіндіру әдіс-тәсілдері арқылы көздеген мақсатымызға жеттік. Инновациялар бала тұлғасына, оның қабілеттіліктерін дамытуға бағдарланған педагогикалық практикада қолданылатын жаңа әдістерді, нысандарды, құралдарды, технологияларды анықтайды.

Қазақстанның заманауи даму сатысында білім беру үдерістерінде өзгерістер орын алуда: мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі педагогтардың назарын балалардың шығармашылық және интеллектуалдық дамуына, эмоцияналды еріктік және қозғалыс аясын түзеуге бұра отырып, білім беру мазмұны күрделене түсуде; дәстүрлі әдістердің орнын баланың танымдық дамуын белсендіруге бағытталған тәрбие мен оқытудың белсенді әдістері басуда. Мектепке дейінгі балаларды оқытуда мнемокестелерді қолдану өте тиімді. Оқыту барысында балалардың тақырыптарды меңгерудегі құзыреттіліктерінің меңгерілу деңгейінің көрсеткіштерінің жоғарылауы байқалады. [5]

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Қазенова Г. Ойын арқылы оқыту //Бастауыш метеп, 2001,№4
  2. Ортаев Б. «Технологиялық мәдениет» ұғымының мәні // Қазақстан мектебі.
  3. Ж.А.Қараев «Деңгейлеп саралап оқыту»
  4. Бодрова И.В. «Мнемотехника для детей»
  5. Горохова О.В. «Мнемотехника для детей»

Хабибова Дилрабо Нематовна

                                                 «Айша — Биби» бөбекжай-балабақша әдіскері

                                                                  Оңтүстік Қазақстан облысы,

                                                                 Кентау қаласы, Қарнақ ауылы 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.