Home » Мақалалар » Темірова Бейсекүл. Мектепке дейінгі балалық шақта сюжетті рөлдік ойын маңызы

Темірова Бейсекүл. Мектепке дейінгі балалық шақта сюжетті рөлдік ойын маңызы

Ойын – мектепке  дейінгі  кезеңдегі  іс-әрекеттің  негізгі  түрі. Балалардың  ойын  іс әрекетінің  бір  түрі  сюжеттік-рөлдік ойындар. Олар мектеп жасына дейінгі  балаларға тән ойындардың  негізгі  қорын құрайды. Психолог Д.Б. Эльконин сюжеттік ойындарға  мынадай  анықтама  берді: «Рөлдік  немесе  мектеп жасына дейінгі баланың шығармашылық  ойыны дамыған  түрде балалар өздеріне үлкендердің рөлін алатын және жалпы түрде арнайы жасалған ойын жағдайында үлкендердің әрекетін  және олардың  арасындағы қарым-қатынасты қайталау әрекеті» деп көрсетті.

Сюжеттік  рөлдік ойындардың көзі – балаларды  қоршаған әлемдегі заттар, адамдар, табиғат, өздері мен үлкендердің өмірі мен әрекеттері. Ол мектеп жасына дейінгі  бала үшін ең  қызық  ойын,ойында бала іштей  еркіндіктің  сезімін, өзіне  бағынышты  заттарды, амалдарды, қатынастарды басынан өткізеді. Бала үлкендердің  кез келген ісін табысты  істей  алады, кез-келген ситуацияға кіре  де алады, қалаған  оқиғасын бастан өткізеді. Бұл мүмкіндіктер баланың практикалық әлемін кеңейтеді, дамуына  жағымды  эмоциналды  рең  береді. Сюжетті рөлді  ойындардың  құрылымы: сюжет, мазмұн, рөлдер, ойын амалдары. Ойын сюжеттері  әр түрлі: тұрмыстық ойындар, балабақша, жанұя т.б.

Сюжеттік  рөлдік  ойындардың негізгі мазмұны үлкендердің әр түрлі жағдайда көрініс беретін қоғамдық  өмірі. Рөл – сюжеттік рөлдік ойынның  негізгі діңгегі болып  табылады. Ойында рөлдің болуы бала санасында өзін қандай да бір адаммен теңестіреді де, ойында  соның артынан әрекет етеді. Соған сәйкес қажетті заттарды  пайдаланып, басқа ойыншылармен түрлі қарым-қатынасқа түседі. Сюжетті орындаудың  негізгі  құралдарының  бірі – ойын амалдары. Ойын амалдары дегеніміз – ойынның  түпкі  ойы және ережелер. Ойынның түпкі ойы – бұл балалардың нені және қалай  ойнайтындығын анықтау. Ойын процесіндегі  ережелерді  балалар өздері  қояды, ал кейбір ойындарда үлкендер қояды; олар ойнаушылардың  тәртібі мен қарым-қатынасын анықтайды және реттейді. Сюжеттік-рөлдік ойындардың  құрылымы: ойынның түпкі ойы, сюжеті, мазмұны, ойын амалдары, ережелері. Балалар өмірінде маңызды орын алатын оқиғалар ойын арқылы көрініс табады.

Сюжетті-рөлді ойынның дамытушылық  маңызы зор. Ойында бала өзін қоршаған әлемді  таниды, сондай-ақ ойлау  операциялары, сезімі, еркі жетіледі, құрбыларымен қарым-қатынасы қалыптасып, өзін-өзі  бағалауы мен өзіндік санасы  орнығады, адамгершілік  қасиеттері  дамиды. Сюжетті рөлді  ойынның  бір жағымды  жағы – оны балалардың өздері  жасайды және балаларды  құрбы-құрдастарымен дұрыс  қарым-қатынас жасай  білуге  бейімдеп, ұжыммен,  яғни  көпшілікпен   санаса білуге, ересектердің  еңбегін  бағалай  білуге дағдыландырады. Ойынның дербес әрекеті айқын  өнерпаздық  және  шығармашылық  сипатта болады. Себебі ойын  барысында өздеріне  берілген рөлді  аса  жауапкершілікпен  қабылдап, өздерін  бір уақыт  ересектер санатына  қосып, ойлау қабілеттері  қалыптасады.

Халқымыздың «Баланы  ойын өсіреді» деген даналық  сөзі  тегін  айтылмаса керек. Бала ойнап  жүріп ойланып, көңілі  өсіп, ойы сергиді. Ойын баланың  белсенділігін арттырып, тәртібіне де  оң әсерін  тигізеді, өзіне де баға бере алады. Сюжеттік рөлді ойын – балалардың  адамгершілік  жолындағы бір көтерілер  баспалдағы секілді. Өсіп  дамып  келе  жатқан балалардың  бойында алуан түрлі  қасиеттер байқалады. Осы қасиеттерді  бала бойынан дер кезінде  байқап, оған оң баға беру, дамып  келе жатқан мінезін дұрыс  жолға сала білу, — ол әр тәрбиешінің  міндеті. Ерекше айтып  өтетін нәрсе сюжетті рөлдік ойын – оқытудың  ең мүмкіндігі зор нысаны болып  табылады:

  • сабақта  жағымды  психологиялық  ахуалдың құрылуына ықпал  етеді;
  • ынталандыруды күшейтеді және балалар қызметін белсенді  етеді;
  • қолда бар білімді,тәжірибені, әр түрлі жағдайдағы қарым-қатынас дағдыларын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Сондықтан, сабақта сюжетті рөлдік ойындарды пайдалану оқу үдерісінің   тиімділігін  көтереді, оқытудың барлық сатыларында  зерттелетін пәнге балалардың  қызығушылығын сақтауға  көмектеседі.

 

Темірова Бейсекүл,
«Үміт» бөбектер үйінің
жоғары санатты тәрбиешісі,
Тараз қаласы,

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.