Еліміз егеменді ел болғалы бері келелі де ауқымды өзгерістер жүруде. Саяси, экономикалық, қаржылық т.б. салалардағы секілді білім беру саласы да мұндай өзгерістерден тыс қалған жоқ. Себебі мемлекетті нығайту, көркейту үшін өмірге жаңаша көзқарастағы, білімді, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу қажеттігі туындады. Сондықтан қандай халықтың даму стратегиясын алып қараса, онда өскелең жас ұрпақты елін сүйетін отаншыл, саналы, тәрбиелі етіп шығару — оның басты бағдарларының бірі. Қазіргі жас — ертеңгі халық тағдырын шешетін азамат. Білім беру ұйымдарының алдында күрделі міндет тұр. Ол саналы ойлайтын ертеңгі күні қоғамда өз орнын табатын жеке тұлғаны тәрбиелеп шығару.
Мектепке дейінгі балалардың жан-жақты дамуы үшін ойынның рөлі ерекше. Ойын – жалпы адамзат мәдениетінің бірегей феномені, оның қайнар көзі мен шыңы. Мәдениет феномені ретінде ойын оқытады, дамытады, тәрбиелейді, әлеуметтендіреді, көңіл көтертеді, дем алдырады, сонымен қатар, ол сықақтап, күлдіріп, кез-келген әлеуметтік мәртебенің шартты екендігін көрсетеді.
Ұлы педагог В.Сухомлинский «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, қиялсыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» дейді, демек балалармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады. Ал балаларды қоршаған ортамен таныстыру, тіл дамыту, табиғатпен таныстыру, бейнелеу өнері сабақтарында жанды-жансыз табиғатқа деген сүйіспеншілік, үлкендердің еңбегіне қызығу мен сыйластық сияқты адамгершілік сапалары қалыптастырылады.
Ойын бала үшін — нағыз өмір. Егер тәрбиеші ойынды ақылмен ұйымдастырса, ол балаларға ықпал жасауға мүмкіндік алады. А.П. Усова былай деп атап көрсетті: «Балалардың өмірі мен іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыру — оларды тәрбиелеу деген сөз. Тәрбиенің тиімді процесі ойын және ойынның өзара қарым-қатынастары формаларында жүзеге асырылатын себебі сол, бала мұнда өмір сүруді үйренбейді, өз өмірімен тіршілік етеді».
Ойынды балалар өмірін ұйымдастырудың формасы ретінде пайдалана отырып алдымен солардың ортақ мүддесін бағыттап және дамытып отыру, балалар ұжымын топтастыруға күш салу керек. А.С. Макаренко ойынның балалар өмірін ұйымдастырудағы ролін жоғары бағалай келіп, тәрбиешінің ролі туралы былай деп жазды: «Мен де педагог ретінде олармен аздап ойнауға тиіспін. Егер мен тек қана үйретіп, талап етіп, айтқанымды істетіп тұрсам, онда мен, бәлкім, пайдалы, бірақ жақындығы жоқ бөгде күш қана боламын. Мен міндетті түрде аздап ойнауға тиіспін және мен өзімнің барлық әріптестерімнен осыны талап еттім».
Дидактикалық ойын – баланың қызығушылығына негізделген оқыту тәсілдерінің бірі. Мектеп жасына дейінгі балалардың ойын баласы екенін ескере келе, дидактикалық ойындардың жүйелі қолданылуы жақсы нәтиже береді. Дидактикалық ойындарды пайдалану мәселесі педагогикалық теорияда кеңінен қарастырылған. Атап айтсақ, Ахметов С., Алдабергенов А., Ахметов Н.К., Хайдаров Ж.С., Кларин М.В., Қайырбекова А., Төлтаева Г., Әбселемова А., Әбішова А. т.б. ғалымдар дидактикалық ойындардың маңызын, түрлерін қолдану жолдарын көрсеткен. Педагогикалық процесте ойын балалар іс-әрекетінің басқа да түрлерімен, бәрінен бұрын еңбекпен, оқу үстіндегі оқытумен өзара тығыз байланыста болады.
Ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады. Баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік қасиеттер қалыптасады. Ойын дегеніміз – жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді.
Мектепке дейінгі жас – ағылшын тілін оқытуға өте қолайлы кезең, себебі бұл жастағы балалар тілдік құбылысты қабылдау қабілеттілігімен ерекшеленеді: оларда өзінің сөйлеу тәжірибесін, тіл құпияларын байқау қызығушылығы пайда болады. Олар лезде берілген шағын материалды меңгеріп алып, оны өте жақсы айтып бере алады. Шетел тілі ана тілімен қоса баланың сөйлеу қабілетін және жалпы дамуын ғана жетілдіріп қоймайды, оны өзін қоршаған айналасындағы адамдармен қарым-қатынас мәдениетіне де үйретеді. Ойын баланың тілге деген қызығушылығын арттырады және баланың тілді үйренуде жақсы жетістіктерге жеткізеді.
Ойын түрлері көп. Олар: ойын-сабақ, ойын-жаттығу, сергіту ойындары, дидактикалық мақсаттағы ойындар, сөздік ойындар, логикалық ойындар т.б. Бұл ойындар баланың тапқырлығын, байқағыштығын, зейінділігін арттырумен қатар, epiк сезім түрлерін де дамытады. Осылардың ішінде дидактикалық мақсаттағы ойындардың оқыту үрдісінде балалардың коммуникативтік құзіреттіліктерін дамытуда үлесі зор болып табылады.
Ойындар бес негізгі түрге бөлінеді:
1) үстел үсті ойындары
2) дидактикалық ойындар
3) қозғалыс ойындары
4) іскерлік ойындар
5) интеллектуалдық ойындар
Үстел үсті ойындары
Балалардың зейінділігін дамытатын, ой-өрісін кеңейтетін құрал. Топта үстел үсті ойындарын топтық және дара жұмыста қолдануымызға болады. Лото, бинго, құрастырмалы ойындар, «Не артық?», «Пейзаж құрастыр», т.б. Бұл ойындарды қорытынды, білімді тиянақтайтын ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде қолданған тиімді.
Дидактикалық ойындар
Балалардың таным белсенділігін жандандыратын, өздігінен ойлауын дамытатын тәсілдердің бірі. Олар кез-келген оқу материалын қызықты да тартымды қылып, балалардың көңілді күйін көтеруге, өздерінің жұмыстарына қанағаттануға және білім үрдісін жеңіл меңгеруге көмектеседі.
Қозғалыс ойындары
Бұл ойындар балалардың іс-әрекеттерін бір түрінен басқа түріне тез ауысуға көмектеседі және ешқандай арнайы дайындықты талап етпейді. Бұл ойындарды жабық бөлмеде немесе ашық аланда да өткізуге болады.
Іскерлік ойындар
Балалардың оқу мазмұнын терең меңгеруге және пысықтауға ықпал етеді. Іскерлік ойындар балалардың қиялын дамытады, салыстыруға және дәлелдеуге үйретеді.
Интеллектуалдық ойындар
Бұл ойындар балалардың зор белсенділігін оятады. Бұл категорияға «ұғымталдыққа, жүйріктікке, зеректікке» бейімделген тапсырмалар жатады. Кез келген ойынды қолданғанда келесі мәселелерді естен шығармау керек:
— мектепке дейінгі ұйымдарда әр-түрлі ойындарды ойнаған бала шығармашылыққа дайын болуы;
— ойын, оның түрі, мазмұны балалардың жас ерекшеліктеріне сай болуы;
— жарқын көрнекілік ойынды талапқа сай өткізуге ықпал етеді;
-ойынның қызықты материалы тақырыппен тығыз байланыста болуы;
Ойынның ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті барысындағы басты мақсаты – білім беруді ойынмен ұштастыру. Баланың ойынға белсенді түрде қатысуы оның ұжымдағы басқа да әрекеттерін айқындайды.
Ағылшын тілінде ауызша сөйлеу дағдыларын дамыту үшін ойынды үйлесімді таңдау – ағылшын тілі оқытушысының шеберлігіне байланысты. Ағылшын тілін меңгертуде ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде балалардың ақыл-ойын дамытудың көп тараған формалары дидактикалық ойындар олар: әртүрлі лото, доппен ойналатын ойындар, кеспе қағаздарын пайдаланатын ойындар, шаршы ойындары, сенсорлық ойындар т.б. Доптың ритмикалық соғылуымен бірге санау бір-бірімен тығыз байланысты көру, ұстау және қозғалу анализаторларының дамуына көмектеседі. Ойынның осы түрлері ойын материалын түрлендіруге зор мүмкіншілік береді және лексикалық материалдарды жақсы меңгеруге көмектеседі.
Ойындарды ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде ғана емес, тыс уақытта да ойнауға болады. Бұл балалардың демалатын уақыты. Ойынның негізгі мақсаты – сөздерді, сөйлемдерді ағылшын тілінде дұрыс айтуға балалардың тілдерін жаттықтыру.
Алдағы уақытта 12 жылдық білім жүйесіне көшкен кезде оқу ұйымдарында кей пәндер ағылшын тілінде өтілетін болады. Сондықтан баланы ерте жастан ағылшын тіліне бейімдеу қажет. Ағылшын тілін үйренуде мектеп жасына дейінгі балалардан бастаған қолайлы. Неғұрлым көп естіп білуге ынталанған балалардың еске сақтау қабілеті соғұрлым жоғары дәрежеде дамиды. Ал ерте жастан балаға көңіл аудармай оның жан-жақты дамуына көмек жасамасақ оның ақыл-ой, қабылдау, есте сақтау қабілеті баяу дамиды. Себебі, баланың дамуы кішкентайынан бастап қалыптасқандықтан, тілді үйрету мәселесін де ерте бастаған тиімді екені айтылуда.
Іс-тәжірибеде балаларға ағылшын тілін үйретуде мазмұны күрделі емес, шағын драмалық ойындарды пайдаланған дұрыс болады. Драмалық ойындарда балалар ертегілердегі рольдерді жаттайды және ерекше күндерге арналған ертеңгіліктерде осы рольдерді орындайды. Сонымен қатар көрнекілік принципіне үлкен мән беремін. Алғашқы әсер өте айрықша болу үшін ойыншықтар, суреттер, фотосуреттер, схемалар мен басқа да көрнекі құралдарды пайдаланудың маңызы зор.
Мектепке дейінгі балаларды шетел тілінде сөйлеуге үйрету процесінде көрнекіліктерді пайдалану — өткізілетін ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде нақты жағдайларына байланысты болуы тиіс. Мысалы, «Жануарлар» тақырыбын оқытқанда суреттерге қарағанда, ойыншықтарды қолданған нәтижелі болады. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде техникалық құралдарды (магнитофон, DVD, CD, әртүрлі аудиотаспалар) пайдаланамын, баланың жан-жақты дамуына септігін тигізеді. Жарықтық суреттердің динамикалығын, көркемділігін және айқындылығын көрсететін дыбыстық техникалық құралдар мәнерлеп айту кезінде балалардың эмоциясын тудырады, ол оқу процесіне оң әсер етеді.
Ойын арқылы баланың: ой-қабілеті дамиды; өздігінен жұмыс істеуге үйренеді; сөздік қоры баийды, тілі дамиды; зейіні қалыптасады; байқампаздығы артады; өзара сыйластыққа үйретеді; ойынның ережесін бұзбау, яғни, тәртіптілікке баулиды.
Ойын элементтерін ағылшын сабағында қолдан. Ағылшын тілін оқытуды мектепке дейінгі мекемелерден басқа, отбасы ортасында да жүзеге асыруға болады. Бұл үшін педагогикалық білімнің болуы міндетті емес, жай ғана үй жағдайында балалармен дидактикалық ойындарды ұйымдастырып өткізу ғана жеткілікті. Мектепке дейінгі балалалық шақ – ертегі, қызықты ойындар, әігімелер мен өлеңдер әлемі. Бұл жаста балалардың балабақшадан мектепке ауысу үрдісі жүреді, жетекші әрекет түрінің өзгеруі, яғни ойын әрекетінің оқу әрекетіне ауысуы болады. Ойын әдісінің кеңінен қолданылуы ойынның бала қуанышының көзі ретінде ғана айқындалмайды, сонынмен қатар ол оқыту міндеттерін шешудің ең негізгі жолы болып табылады.
Ойындарды мектепке дейінгі балаларының оқу-іс-әрекеттеріде белгілі бір жүйемен пайдалану қажет. Ойындардың оқыту мазмұнына, танымдық іс-әрекет сипатына, ойын құрылымына сәйкес жіктемелері бар. Ойындардың жіктемесі оқушылардың жас ерекшеліктеріне, ойын сипатына, дене қасиеттерін, қимылдық әрекеттерді дамытуға, ойындардың педагогикалық мүмкіндіктеріне сәйкес жасалады. Ойындарды оқыту мазмұнына сәйкес түрлері:
- Ойын — саяхаттар. Олар ертегіге үқсас, фактілер немесе оқиғаларды бейнелейді. Бірақ олар ерекше түрде ашып көрсетеді, қарапайым жұмбақ арқылы, қимылдық — оңай жолмен, қажеттілер — қызық жолмен беріледі.
- Ойын — тапсырмалар. Бұл ойындардың негізін заттар мен әрекет, сөздік тапсырмалар кұрайды. Ойын міндеттер мен әрекеттері бір нәрсені болжауға негізделеді.
- Ойын — болжамдар. Бұл ойындар, Не «болар еді…?», «Мен не істер едім, егер…?» деген сұрақтарға негізделеді. Ойынның дидактикалық мазмұны балалардың алдына проблемалық міндет пен ситуацияны қоюда ерекшеленеді. Мұндай ойындар білімді нақты жағдайда қалыптастыра байланыс есептерін тағайындауды талап етеді.
- Ойын — жұмбақтар. Жұмбақтың негізгі ерекшелігі логикалық астарын болуында, олар баланың есі әрекетін белсендіреді. Жұмбақтар салыстыру, теңеу және сипаттау арқылы ұғымның қасиеттерін ажыратуға тәрбиелейді, оқушы қиялының дамуына әсер етеді.
Баршамызға белгілі ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп өзі жасаған қимылына сенімі артады. Баланың бойында ойлау, тапқырлық, шыдамдылық, ұйымдастырушылық, белсенділік қасиеттер қалыптасады. Сабақтан тыс уақытта ойналатын ойын түрлері оқушылардың қимыл қозғалысқа деген икемділігін арттырып, шығармашылық қабілетін кеңейтеді.
Қорыта келгенде, ойын әрекетінсіз ағылшын тілі лексикасын баланың есінде қалдыру тиімділігі аз және ақыл ой күшін көп қажет етеді. Оқу үрдісіне енгізілген ойын ағылшын тілі ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде оқытудың бір түрі ретінде қызықты, жеңіл және жанды болуы керек. Ойын оқу үрдісін жеңілдететінін ескеру қажет. Ағылшын тілі мұғалімінің ұйымдастырылған оқу іс-әрекетіне қойған мақсатына, міндетіне, шартына байланысты ойын түрі өзгертіліп отырылуы қажет. Ойын арқылы кез-келген оқу материалын қызықты да тартымды қылып, балалардың көңіл-күйін көтеруге, өздерінің жұмыстарын қанағаттануға және білім үрдісін жеңіл меңгеруге көмектеседі. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті барысында ойын арқылы дамытуға арналған тапсырмалар жүйелі бағытталып, ұйымдастырылып отырса сонда ғана мұғалімнің ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті мақсатына жеткізуіне мүмкіндік береді.
Л.П. Рысбаева
Алматы қаласы, Бостандық ауданы
УО Тамос Эдьюкейшн физика-математика мектебі