Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жалпыға бірдей мектеп формасының жаңа стандарттарын енгізді. ҚР білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 Бұйрығымен орта білім беру ұйымдарына арналған міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар бекітілді. Құжатқа сәйкес, мектеп формасының қандай болу керектігін анықтау құқығы мектеп педагогтары мен ата-аналар еншісіне беріліп отыр.
Иә, жаңа оқу жылының басталуына біраз күн қалды. Қазір ата-аналар үшін басты мәселелердің бірі – ол мектепке дайындық. Көп балалы отбасы үшін балаларын киіндіріп, сөмкесін толтыра зат сатып әперу оңайға соқпайтыны анық. Биыл оқу құралдары мен киім-кешектің сапасы жоғары, ал құны қолжетімді ме? Осы сауалдарға жауап іздестіріп көрелік.
Бір баланы мектепке әзірлеу қанша тұрады?
Ертең бірінші қыркүйек және балалар бұл күнді асыға күтсе, олардың ата-аналары бұған дейін бірнеше апта бұрын уайымдаған болатын. Баланы мектепке жинау — бұл тек оған жаңа форманы іздеу ғана емес, жалпы қалтаңыздан біраз қаржыны қағатыны сөзсіз. Енді қаладағы базар, дүкенде және мектеп арқылы тігіліп берілетін мектеп формасының бағасын анықтап көрелік. Енді бір мектеп оқушысын дайындауға орташа қанша қаражат жұмсалатындығын бағамдасақ:
Біздің мектеп оқушыларымыз дайын! Біз орташа бағамен есептеп көрдік. Егер киімдердің бағасын жинақтап айтсақ, дене шынықтыруға киетін спорттық киімін қоса есептегенде ер баланың киіміне 25 000 теңге жұмсалады. Бұл костюм, жилет, жейде, бәтеңке, спорттық киімінің (кроссовки, футболка, носки) құны. Қыз баланың киімінің құны 30 000 теңгені құрады. Бұл сомаға сарафан, жейдеше, белдемше, пиджак, блузка, колготки, туфель, бантигі және спорттық киімі кіреді. Одан бөлек мектепке жеткенше басқа аяқ киім, мектепке басқа аяқ киім кигізетініне не дерсіз…
Бірақ бір баланы киіндіру — бұл істің жартысы. Киімнен басқа сөмке, мектеп құралдары да бар. Заттардың әрқайсысының бағасы дүкен, базарда сатылатыны және тігілетін киімнің әр қалай тұрғанына қарамастан, жалпы шығатын құны аз емес. Ия, мектепке баратындарға мектеп құралдарына 5 мың теңгеден 15 мың теңгеге дейін жұмсалады. Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда әдетінше мектеп құралдарының құны қымбаттай түседі.
Көп баланы киіндіру қалтаны жұқартады
Астана қаласының Ажар есімді көп балалы тұрғыны: «Мектеп жасында екі қызым, 1 ұлым бар. Балаларыма алған киімдермен мектеп құралдарының бағасымен қосқанда бір балаға 40 мың теңгедей ақша жұмсалды. Бұл ақша – 1 айлық жалақы. Көп баланы киіндіру қалтаны жұқартады балаларым үшін алуға тура келеді, оның үстіне қазіргі балалар киімді өзі таңдайды. Біздің бала кезіміздегідей әке-шешенің сатып бергенін қанағат тұтып, бірі-бірімен ауыстырып киетін бала жоқ», — дейді қынжылып. Енді есептей беріңіз 3 балаға кем дегенде орташа есппен 60-80 мың теңге үстінде қаржы жұмсауға тура келеді.
Ауылдағы жағдай қалай?
Ал, ауылдағы ата-ананың жағдайы қаламен салыстырғанда «Жер мен көктей». Әсіресе, баласы 1 қыркүйек күні мектеп есігін ашатын ауылдағы ата-ананың шаруасымен күйбеңі көбейген. Бірінің қалтасы көтерсе, енді бірі баласын ел қатарлы мектеп табалдырығын аттату үшін қаражат таба алмай қиналады. Ауылда мектепке арналған формамен қатар кеңсе тауарларын бір балаға алу үшін де қалтаңызда шамамен 30 мың теңге болу қажет. Сонда менің топшылауымша бір баланы мектепке әзірлеу ең жоқ дегенде 15 мыңнан кем емес 20 мыңңан аса қаржы жұмсалады екен. Бар тапқан-таянғаны
мен жиған-тергенін анда да, мында да тартып, балаларына бір сыдырғы киім алып беруге тырысады. Киім-кешек, құралдарын қаладан алып келгеніне жол шығынын және қосыңыз. Мектепке қажетті құралдарының бағасы ауылда керісінше қымбаттай түседі. Дегенмен де, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға көмек беру мақсатында өткізіліп келе жатқан дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының шеңберінде қала және ауылдағы балалардың біразы қамтылып жатқаны зор септік. Алайда, қарапайым ауылдағы ата-анаға мектепке дайындау оңайға соқпайды. Әсіресе, жұмыссыз отбасылар үшін төрт түлігін арзанға сатып, киім-кешек алуға шығындалатыны да тағы бар. Ауыл дүкенінде киім-кешек, мектеп құралдары қаладағыдай түр-түрімен қаптап тұрмайды. Ауылда таңдау дегеннің орнында бірен-саран қажеттісі тұрар сөрелерде. Мұндағы баға қалай айтсаңыз да қашықтаған сайын қымбаттай береді. Ауылдағы ата-ананың мектепке деген дайындық жағдайы осындай.
Базарда сауда қызып-ақ тұр…
Әр ата-ана қалтасына қарай киім іздеп, базарларды шарлап кетеді. Базардағы мектепке қажетті құралдардың құнын анықтау мақсатында тамыздың жексенбісінде менде базарға аттандым. Әсіресе, баласын жетектеп, баға сұраған ата-ананың көбі осы базарда екен. Кез келген бұрышта қажетті оқушы құралдары көздің жауын алып, самсап тұр. «Іздегенге табылған» дегендей бір қарағанда көңілге жай, бағасы да сай. Қысқасы бір балаға мектепке қажетті құралдармен қоса есептегенде бағамдағандай сол орташа 20-30 мың теңге болады екен. Базар көпшілік бағасын қолайлы көріп баратын жер. Десе де, баға мұнда да әрқалай. Сауданың қызып тұрған сәтінде бауыр еті баласының бетін қайтарғысы келмейтін ұл-қызын ерткен ата-ананың біріне жолығып, отбасылық бюджеттің мектепке қажетті киім-кешек, заттарын алуға бір балаға жұмсаған қаржысын сұрастырғанымда, Ғалия есімді жан:
— Бағасымен сапасына қарай қажеттіні іздеудемін. Жалақысы аз ата-аналар үшін, әрине, бұл ауырлық етеді. Мәселен, бір балама тіктірген мектеп формасымен қажетті ұсақ-түйек заттарымен кем дегенде 35 мың теңгеге сатып алдық. Әлі қосымша заттар бар алатын. Қазір бір айлық жалақымды алып келдім. Айлық табысым қалған 2 баланың қажеттілігіне де жетпейтін түрі бар. Мектепте бірыңғай форма да бекітілді. Бағасы 20 мың теңге көлемінде. Үлкен ұлым жоғары сыныпта оқиды. Оған ең кемі – 40 мың теңге жұмсаймын. Жолдасым – қарапайым жұмысшы, амал қанша баланың көңілін қайтарғымыз келмейді», – дейді.
Қалайда ең арзаны – базарда десек те қазіргі балалар киімді өзі таңдайтынына не дерсіз. Не десек те, базарда тұрған саудагерлер мектеп оқушыларына қажетті құралдарының бағасы дүкенмен салыстырғанда арзан, сапасы да дүкеннен кем түспейтіндігін де алға тартады.
Дүкенде баға құбылып тұр…
Күннің аптап ыстығына қарамастан, базардан енді дүкеннің жайын біліп қайтайын деп қаладағы мектеп құралдарымен мектеп жасындағы балаларға арналған дүкендерге де жол тарттым. Ия, «Адам көркі шүберек» деп бекер айтылмаған-ау, қай ата-ана болмасын баласын ел қатарлы жүрсін деп бар тапқан-таянғанын баласына жұмсайды ғой. Дүкенге келген ата-ананың киім үлгісіне, сапасына және қазіргі баланың киетін модасына қарай таңдау жасап, қаладағы бірталай дүкенде аралап сандалып бір күн шаршайтыны айтпаса да белгілі. Бір мектепке қажетті спорт киімін, құрал жабдығын қоса есептегенде бір балаға ең кемі 35 — 40 мың, сапасы жақсылары 40 — 50 мың үстінде қаржы жұмсалады екен. Бұған қоса қажетті аяқ киімін, күзгі курткасын т.б. заттарының бағасын тағы қоса беріңіз. Қазіргі бала қаламсап, сөмке, дәптердің өзін сыртқы безендірілген суретіне, басқаларынан ерекшелігіне, заманауи жаңашылдығына қарай таңдау жасайтынын әр ата-ана осы дүкенге
кірген бойында сезіктенеді. Қыркүйектің алғашқы аптасынан кейін бұл таңдау үздіксіз жалғаса беретінін тағы білеміз. Міне осылай дүкеннен де еселенген бағаны есептеп пайымдап шықтым. Әр ата-ана қалтасына қарай көсіледі.
Тапсырыспен тігілетін мектеп формасы жайында
Оқу мекемелерінің бүгінде бірыңғай киім үлгісі енгізілген. Мұны мұғалімдер мен ата-аналар да бірауыздан қолдайды. Психолог мамандар оқушының сабаққа түрлі-түсті киініп келуі – оның психологиясына кері әсерін тигізетінін алға тартады. Сондықтан, әр мектепте шәкірттің киім кию мәдениеті сақталғаны жөн. Бірыңғай киім үлгідегі киінетін мектептерде ата-аналар комитеттерінде форманың үлгісі бекітіледі. Бұл сол мектептегі ата-аналар комитеті мен педагогикалық кеңестің бірлесіп тапқан шешімдеріне байланысты. Ал, қазір таңдау тек ата-аналарда. Мектеп оқушыларының барлығы бірдей киініп жүргені оларға да жақсы емес пе?!
Арнайы мектеп формаларының ата-ана қалтасына қаншалықты салмақ түсіретінін анықтау мақсатында Астана қаласындағы бір тігін салонына хабарласып көрдім. Ателье тігіншілерінің айтуынша, бір балаға жас ерекшелігіне қарай тіктіру құны 18-20 мың теңге тұрады екен. Бір байқағаным, мектептердің басым бөлігі Астана, Алматы қаласының тігін салондарына тапсырыс беретін көрінеді. Қалайда отандық өнім сапалы. Осы орайда бағасы мен сапасы турасында білуде ата-аналармен хабарласқанымда басым бөлігі тігілген мектеп формасының сапасына аса көңіл бөлетіндігін кесіп айтты. Себебі, форманың түр-түсі бекітілген талапқа сай болуы тиіс, сапасы мен бағасы ата-аналар қауымы мен мектеп басшылығы бірлесе отырып, мектеп Жарғысы негізінде қабылданатындықтан өзгеріс болмайды. Мектеп формасы талап бойынша үш түстен аспауы және оқушының денсаулығына зиян келтірмейтіндей ыңғайлы болуы тиіс.
Бірыңғай мектеп формасы жөнінен Назигүл есімді ата-ана былай дейді:
— Бірыңғай мектеп формасын енгізу дұрыс деп санаймын. Өйткені біз осыған дейін шетелден әкелінген баллар киімін сатып алатынбыз. Ал бірыңғай форманы жергілікті тігін фабрикаларына тіктіреміз. Осылай отандық кәсіпкерлердің жұмысын жандандыруы аз да болса септігімізді тигізудеміз». Астаналық тігін салондарының басым бөлігі тапсырыс алып та үлгерген.
Қысқасы, ерте қамдансақ та, жаңа оқу жылына дайындық басталып кетсе де отбасылық шығынның шығатыны сөзсіз. Иә, жаңа оқу жылында жаңа киім кигенге не жетсін? Осылай дүкен, базар аралай жүріп, талай жайтқа куә болдық. Ата-анасының таңдағанын ұнатпай, аузы бұртиған бала, қаражатын үнемдеген ата-ана. Сондай-ақ, мектепке барып-келетін жол шығыны, күнделікті сабақ кезінде бір уақыт мектеп асханасынан тамақ ішуі. Егер отбасында 2-3, одан да көп бала оқыса, есептей беріңіз. Өйткені, бағаны қалта билейді. Мектеп формасының бірыңғай талапта болғаны ең бастысы білім берудің зайырлы сипатына сәйкес болуында. Мектеп формасы оқушының сыртқы әлпетін түзейді, тәртіпке бағындырады, бір жүйеге келеді.
P.S «Балаңызды мектепке дайындау үшін қанша қаражат жұмсайсыз?» деген сұрақты біраз ата-аналарға қойдық. Олардың басым көпшілігі 30 мың теңгеден жоғары десе, орта санаттағылар 20-25 мың теңге аралығында жұмсайды екен. Ал үнемшілдер 10-18 мың теңге аралығында ғана деген соммамен шектелді. «Білім – қымбат қазына». Қоғамда бір мәселеге қатысты бірнеше пікірдің болуы заңдылық. Бұл қоғамдағы адамдардың санасы сергек, елдік, мемлекеттік мүддеге бей-жай қарамайтындығын аңғартса керек.
Дидар Нұржігіт.