Әр оқушының өмірден өз орнын тауып, қоғамға қызмет етуге баулу мен олардың бойындағы көшбасшылық қасиеттерін ұштау Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ұстаздарының басты міндеттерінің бірі. Білімнен бөлек тәрбие жұмысына да терең мән беретін білім ошағы шаңырақтар форумын өткізіп, өмірдегі көшбасшылық жайлы сөз қозғады. Форумға қаламызға танымал, жас та болса талай істің басын қайырған іскер азаматтар шақырылды. Олар қаланың қоғамдық-әлеуметтік-мәдени өміріне белсене араласып, туған шаһарымыздың өркендеуіне үлес қосып жүргендер.
Халықаралық демократия күні аясында өткізілген форумға жастар маслихатының депутаты, қоғамдық кеңесінің хатшысы, «Город F» порталының негізін қалаушы, «Алтай – дело тонкое» жобасының авторы – Жасұлан Құрманғалиев, «ALPHA dance» заманауи мектебінің директоры, 1 –ші дәрежелі педагог-хореограф Ольга Калабухова, Қазақстан спидкубинг федерациясының негізін қалаушы, жеке кәсіпкер – Арман Машимов, «Удивительные люди» телешоуы 2-ші кезеңінің жеңімпазы, 5х5 рубик текшесін көзді жұмып құрастырудан әлемнің 6 мәрте рекордсмені, Европаның 2 дүркін чемпионы, ресейлік Роман Страхов арнайы шақырылып, тақырыпқа байланысты өз ойларымен бөлісті.
Форум аясында мектеп президенті Сағынали Ахметқали сөз алып, өткен оқу жылында еңбекқорлығымен көзге түскен түрлі шаңырақ мүшелері марапатталды. Арманға кез-келген адам қол жеткізе алатындығы баяндалған бейнесюжет көрсетілді.
Табысты жастармен кездесу барысында оқушыларымыз өздерін толғандырған «Қазақстандық патриотизм дегеніміз не?», «Демократия терминін қалай түсінуге болады?», «Өз салаңда табысқа жету үшін қалай әрекет ету керек?», «Топта көшбасшы болу не береді?» деген сынды сұрақтарға қызықты жауаптар алды. Форум соңында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова сөз алып, бүгінгі кездесудің тәрбиелік мәні зор, тағылымды басқосу болғанын атап өтті. Қонақтарға мектеп әкімшілігі, оқушылар атынан жүрекжарды лебізін білдіріп, Алғыс хат табыс етті.
Семей қаласындағы ФМБ
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі