«Мұғалім ісі — сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ең ұлы істің бірі» — деп, орыс халқының педагогы К.Ушинский айтқандай, жаңашыл мұғалімдер қауымы, Қазақстан тарихында технологиялар көз ілестірмей дамып жатқан заманда, білімімізді жан-жақты жетілдіруден жалыққан емеспіз. Білім беру саласында, жаңа заманға сай, инновациялық үрдісті жүзеге асыру өз дүниетанымын үдемі кеңейтіп, мінез-құлықтарын да түрлендіріп, мүмкіндіктерін дамытуды талап етеді. Жаңартылған жаңа мазмұндағы жоспарларды дайындау үстінде кешегі өткен сабақтағы оқушы жетістігі мен кемшілігін әрі әр баланың қабылдауын ескере отырып, оқушының мақсатқа жетуіне негіздеп жоспар құру аса шеберлікті қажет етеді. Бүкіл Қазақ еліндегі балаларды, солар арқылы барша әлеуметті өзгертуді қолға алған мұғалімдердіің еңбегі орасан зор. Сабақ барысында оқушылардың оқуға деген мотивациясын оятудың жолын дөп тауып, ақпараттық технологияны да тиімді қолданып, сабақ барысында зеріктіріп алмай, сатылай дамыта отырып, арасында сергіте біліп, мақсатына жеткізу, әр тапсырмада кері байланыс жасай отырып, соңында баланың оқу мақсатына жету-жетпегеніне рефлексия жасату, баланың өз бетінше шешім қабылдауына ықпал ету — орасан еңбек. Ал енді күнделікті баға алмаған баланы зеріктіріп немесе алаңдатып алмай, бір бағытта ұстай алу да қиын. Ол да баланың қабілетіне, деңгейіне және мұғалімнің төзімі мен щеберлігіне байланысты. Сондықтан да мұғалім әрдайым ізденіс үстінде. Оқушының ой-пікірін тыңдау арқылы да көп нәрсеге мән беріп пайымдауға болады. Қалыптастырушы бағалаудан жиынтық бағалауға оқушы қандай дайындықпен келеді? Оқушы бойында өзіне деген сенімділікті қалыптастыра алдық па? Оқу бағдарламасына негізделген оқу мақсатына қарай жасалған сабақ мақсатына оқушы қол жеткізе алды ма? Қалыптастырушы бағалаулар кезінде берілген тапсырмалар баланың білімін қаншалықты арттыра білді? «Өзің үйретпеген нәрсені бағалау әділетсіз болады» (Дайана Хесс) дегендей, қалай дайындап, қаншалықты шынайы бағалап жүрміз. Осындай сұрақтар төңірегінде үйірілте шеберлікпен жұмыс істеп жүрген мұғалімдерге толы мектебіммен мақтанғым келеді. Сөзіне ісі сай жаңашыл ұстаздар: Қарбозова Алма, Хасенова Меруерт, Тілегенова Дина, Нақсұлтан Ақерке, Батанова Жанар, Сүйіндікова Раушан, Ахметова Динара, Семжанова Светлана, Елікбаева Айгүл, Мырзабаева Бақытгүл, Смағұл Ғанибат, Баймолданова Қатира, Азметолдинова Меруерт , т.б. Мұғалімге артылған жүк қаншалықты қиын болса да, білікті ұстаздар мен жас мамандар бірлесе жұмыс істеп, бұлақ көзін ашып, тынбай жұмыс істеуде. Мектебімізде ауыз толтырып мақтан етіп айтатын креативті ұстаздар көп болса, дарынды оқушылар да толы.
Мен жұмыс істейтін Алматы қаласы Әуезов ауданындағы №173 мектеп-лицейде оқушыларға тек білім нәрін төгіп қана қоймай, балалардың мектеп қабырғасында да өздерін бақытты сезінуіне жағдай жасалып, мектебіміз күннен күнге гүлденуде. Директорымыз Байымбетова Ләйла Мухаметжановна мектептің заманға сай жаңаруына бар күшін салуда. Басқарудағы жағымды жаңалықтар мен инновациялар өз нәтижесін беріп, жан-жақты дамуда. Инновациялық тәртіп пен кейіп өріс алған жағдайда мұғалімдердің де, оқушылардың да дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Оны біздер: мұғалімдер де, оқушылар да сезінудеміз. Соның бір көрінісі — мектептің іші-сыртының заманға сай безендірілуі, тағы бір көрінісі — бейінді пәндер жөніндегі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Дәрменбекова Гүлмира Исағалиқызының идеясымен жасалған электронды кітапхана. Электронды кітапхана шығармаларына кез-келген компьютер не мобильді құрылғы арқылы қол жеткізіп, қажетті кітапты табу қиындық туғызбайды екен. Заманауи электронды кітапхана, шахмат мүйісі, оқушыларға арналған демалатын алаңдар оқушыларды қуантып, серпілтіп тастады. 2008 жылы осы мектепті ашып, қалыптасуына күш салған, артында орасан зор еңбек қалдырған, «Құрмет» орденінің иегері Әбдімәжит Қоңырбайұлына арналған математика кабинетінің ашылуы да оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырғандай.
Мектеп қабырғасындағы осындай кең шеңберлі үдеріспен айналысып отырған, жаңа заманның жаңашыл мектебінің жаңашыл директоры Ләйла Мухаметжановнаға — RESPEKT.
Шатемірқызы Ақмарал
Алматы қаласы Әуезов ауданы
№173 мектеп-лицей
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
жоғары санатты зерттеуші-педагог