Home » Жаңалықтар » Мейірімді жүрек

Мейірімді жүрек

«Кір тигізбей ұста ойыңның өресін, мейірім етсең — мейірімділік көресің»
Ж.Баласағұн

Мейірімділік – ізгіліктің жолы. Жақсылық жасау дегеніміз адамдарға, айналаға, табиғатқа, қайырымдылық пен қамқорлық жасауды, көмек көрсетуді білдіреді. Адамдардың бір-біріне жиі жақсылық жасауы оларды жақындастырады, достастырады. Баланың бойына рухани-адамгершілік  қасиеттерді ұялату, жақсы-жаманды ажырата білуге, адамдық асыл қасиеттерді игеруге ықпал етеді. Бір-бірімен қарым-қатынастарын жақсарту, оларды адамгершілікке, имандылыққа. шыншылдыққа, мейірімділікке тәрбиелейді. Жақсылық жасау-адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Жақсы адам қол ұшын беруге, жәрдем етуге, жанашырлық танытуға, көмек көрсетуге, қолдау жасауға әрдайым дайын тұрады. Риясыз жақсылық жасау-биік адамгершіліктің белгісі. Осы қасиеттер арқылы балалардың шығармашылық қиялын, ой-өрісін, есте сақтап, жүйелі ойлауын дамыта отырып, танымдық, мейрімділік қабілеттерін жетілдіреміз.
«Мейірімді адам» бойындағы қасиеттерді атап өтсек: жақсы адам, ақкөңіл, жаны таза, шыдамды, рақымшыл, жылы жүректі. Енді осындай адам деп кімді айтар едік? деп балалардан сұрасақ. Олар мейірімді жандардың қатарында ең бірінші өздерінің аналары екенін айтады. «Жылы сезім жүректерде сақталады, Мейірімділік тек жүректен басталады», — демекші балалар жүректен шыққан сөздерін, бір-біріне деген жақсы тілектері арқылы жеткізеді, мысалы «сен мейрімдісің,сен ғажайыпсың,  сен ақкөңілсің, сен ақылдысың, сенің жүрегің жақсылыққа толы т.б». Осындай жылы лебіздер арқылы балалардың бір-біріне деген сыйластығы артады. Мейірімділік-адамның өзге біреуге жылылығын, ізгі ниеті мен лебізін білдіру көрінісі. Адам бойындағы бағалауға лайық қасиет — ақыл емес. Қайта сол ақылды басқаратын қасиеттер: мінез, жүрек, мейірімділік және таза ой. «Өзіңді-өзің танысаң – істің басы» деп Шәкәрім айтқандай мен өз сабағымда оқушыларға әртүрлі жағдаяттарды өздігінен шешкізе отырып, әңгімелерді талқылап, өз пікірлерін ортаға салу арқылы, өз жүрегіндегі мейірімділікті айту сонымен бірге жүрек жылуын сезіндіре отырып, қайырымдылық, қамқорлық, жанашырлық сияқты адамгершілік құндылықтарды бала кезден бастап олардың жүрегіне жылулықты қалыптастырамын. Сонымен қатар оқушылар өз бойына төмендегідей қасиеттерді сіңіреді. Осылар арқылы мейірімділік, қайырымдылық туралы түсініктерін кеңейтеді. Бір-біріне қамқорлық жасауға жетелейді. Біреудің жанын өз жанындай түсіне біледі, өзіне жақын жандарды бағалайды, сүйе біледі. Сондай-ақ ой толғау, мәтінмен жұмыс, сыни тұрғыдан ойлау, пікірталас арқылы бір-біріне өз ойларын толық жеткізе біледі. Әртүрлі бейнекөрілім көру арқылы оқушылар қамқорлықты, жұбанышын, мейірімін көре отырып, қатыгездік, жаны ашымайтынын көре отырып аяныш сезімдері оянып, ақ пен қараның ара жігін ажыратып, өз ойларын ортаға салып, өз ойларын ашық айта біледі. Бейнекөріністегі жаман қасиеттерді мен жақсы қасиеттерді ажырата біледі. Адам  баласының  бойындағы әділеттілік, мейірімділік, рақымдылық, адалдық, жомарттық, қонақжайлылық, бауырмалдық, намысқойлық тәрізді ізгі  қасиеттерді  жүрек  ісі деп түйген Абай жүректі негізгі орынға  қою арқылы жүректен  шыққан  осындай  адамгершілік қасиеттерді басты орынға қоя  білді. Абайдың  он төртінші қара сөзінде: «Тірі адамның  жүректен  аяулы  жері бар  ма?» Біздің қазақтың жүректі кісі дегені — батыр кісі» деген күрделі философиялық ұғым бар. Яғни, мейірбандылық, тілдің жүрекке көнуі, жаманшылыққа ермеуі — жүректің ісі. Қандай жағдай болмасын жүрегі мен ақылын қоса тыңдай алған адамның іс-әрекеті, сөзі мен ойы сүйіспеншілікке толы болады. Абай атамыз айтқандай жүректі кісі, мейірімді болуға асығайық! Еліміздің болашақ жас ұрпақтарын жан-жақты дамыту да өзін-өзі тану сабағының орны ерекше. Әр оқушының жан дүниесін тануына, әлемге көз жүгіртіп, мейірімділік жасауға бағыттайды. Мейрімділік, адамгершілік құндылықтар бала бойына үлкен мен кішінің арасын- дағы шынайы қарым-қатынас кезінде дариды. Көзге көрінбейтін өте нәзік сезімді, аса құнды қасиеттерді жүректен-жүрекке үзбей жеткізу тек шебер ұстаздың қолынан ғана келеді. Балаға жүрек жылуы қашанда қажет және ол ешқашанда артық болмайды.

Жақсы болсаң, жердей бол,
Бәрін шыдап, көтерген.
Таза болсаң, судай бол,
Бәрін жуып кетірген.
Біреуге жақсылық етсең-
Ол жақсылықты міндет етпе!
М.О. Әуезов

Аяганова Акерке Сарсенбаевна.
№50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі,
Райымбек батыр атындағы
Өзін өзі тану пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.