Home » Жаңалықтар » Мейірімділік пен ізгілік мейрамы

Мейірімділік пен ізгілік мейрамы

Бүгін  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Алғыс айту күні – Қазақстан халқы бірлігінің нышаны» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Келелі жиынға Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің, «Қоғамдық келісім» РММ, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының, «Жастар» ҒЗО, Әзербайжан мәдени орталығының өкілдері қатысты.

Алғыс айту күні қарсаңындағы келелі жиын барысында қазақстандық біртектілік, бірлік пен толеранттылық, «Мәңгілік ел» құндылықтары және  Елбасы кітапханасы мен этномәдени бірлестіктер арасындағы ынтымақтастықтың келешегі мәселелері кеңінен қаралды.

Дөңгелек үстелді ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев: «Қазақстан халқы Мемлекет басшысының бастамасымен ұлттық күнтізбенің елеулі күніне айналған Алғыс айту күні 2016 жылы алғаш рет Елбасының кітапханасында атап өтілді. Қазақстан Республикасының Президенті «Құндылықтардың қадіріне жете алған елдің келешегі кемел. Алғыс айту күні мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі» екендігін атап өтті.

Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келетін Алғыс айту күні мейірімділіктің, ізгіліктің, достық пен бауырмалдықтың нышанына айналды. Оның негізінде қазақстандықтар Мемлекет басшысының қазақстандық бірегейлік пен ұлттық келісімді нығайтатын «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы аясында бірігеді.

Сталиндік тәртіп кезінде мыңдаған ұлт өкілдері қасиетті қазақ жерінен пана тапты. Дархан қазақ халқы саяси қуғын-сүргін құрбандарын жылы қабылдап, бір түйір нанымен бөлісті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының өмірін қазақтың құрты сақтаған. Оны «Алжир» лагерінің тұтқындары асыл тасқа балаған.

  • Жалаңаш өзені бойынан отын жағуға қамыс жинаған тұтқын әйелдерге балаларын жетектеген екі-үш қария сөмкелеріндегі ақ тастарды  лақтырады. Гертруда Платайс оның біреуін ауызына салып көреді. Дәмді болғандықтан, бірнешеуін жинап, лагерьге әкеледі. Ондағы қазақ келіншектері бұл кептірілген құрт екендігін айтады. Сонда ауылдағылар «тас» емес, «қазақтың кәдімгі құртын» атқылаған екен. Кейін Гертруданың естеліктері негізінде Раиса Голубева «Құрт – асыл тас» деген өлең  жазады. Бұл — құртты тас ретінде лақтырып, тұтқындағы аналардың жүрегін жалғаған Жаңа жол ауылы қарияларының жанашырлығы, мейірбандылығы, — деп атап өтті «АЛЖИР» мұражайының аға ғылыми маманы Гүлнұр Төлепбергенова.

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, 1937-1948 жылдары Қазақстанға 1 миллион 200 мың адам қоныс аударған. Мыңдаған адамның өмірін қазақ халқы сақтап қалды.

PhD докторы Эльнура Асылтаева қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру бойынша жүргізілген талдаудың нәтижесін паш етті.

Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстанның көпұлттылығы елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға серпін берді. Тәуелсіз мемлекеттің әл-ауқатын арттыру жолында қазақстандықтар жұмыла еңбек етті.

  • Алғыс айту күнінде терең тәрбиелік мән бар, құндылығы зор. Оны жақ-жақты қарастырған абзал. Этностардың бір-біріне ілтипаты, туған жерге тағзым ету, бейбітшілік пен татулықты әспеттеу. Елеулі мерекенің жалпыұлттық бірегейлікті нығайтуда маңыздылығы жоғары. Алғыс айтудың негізі тарихпен сабақтасады. Шежіремізге үңілсек, көп деректер табылады. Мәселен, тың игеру кезінде ұлттар арасындағы қарым-қатынас ізгілікке толы болды. Алғыс айтудың үшінші мәйегі — тәуелсіздік, Елбасының жалпыұлттық бірлік пен келісім саясаты. Бұл ғылыми тұрғыдан арнасын кеңейтуде, — деп өзінің пайымымен «Қоғамдық келісім» РММ ҒСЖ жəне əдістемелік қамтамасыз ету қызметінің жетекшісі Нұрбек Шаяхметов бөлісті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаев Алғыс айту күнінің 2 тұжырымын ұсынды. «Біріншісі – Ұлы Дала Елі. Оның мәні ерекше. Қазақстанның екі мыңжылдық тарихы бар. Бұл жерді бізге ата-бабаларымыз аманат етіп, оны болашақ ұрпақ үшін көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Екінші тұжырым, Болашағы біртұтас ұлтпен тығыз сабақтасады. Оның 3 негізі бар: халық, Қазақстан және «Мәңгілік ел». Ал еліміздің «Мәңгілік елге» айналуы еліміздің әрбір тұрғынына тікелей байланысты», — деп сөзін түйіндеді Ғазиз Тұрысбекұлы.

Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірінше, Алғыс айту күні баға жетпес бейбітшіліктің құндылығын паш етіп, сыйластық пен құрметке жетелейді.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.