Аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, қамқорлық жасау адам өміріндегі игі істердің бірі. Балалық шақтың мекені балабақша балғындарының тәтті қылықтарына тоймай жүріп, өзгеден жайы бөлек жылы ұяға тап болдық. Өмірдің қатал сынағын ертемен тартқан бүлдіршіндердің жайын көргенде ет жүрегің елжіреп қан жылайды. Олар шыр дүние есігін ашқаннан қатал сынаққа тап келген мүмкіндігі шектеулі балалар.
Олар үшін күреске толы өмір нұрлы. Әр атқан таң арайлы
Бар қызығы балалары үшін ата-ана да басқа салған сынақты көтере білген төзімді жанашыр жандар.
Көңілдерін мұң басқан, көкейлерінде сансыз сұрағы көп, ауру азабымен алысқан баласымен өзінің жан азабына сая іздеген жандарға есігін ашқан мейірімділіктің ордасы. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мукашева Жанар Изтолеуқызы басқаратын №64 «Асыл бөбек» арнайы балабақшасы.
3-7 жас аралығындағы 150-ден атам тірек-қимылы, сөйлеу қабілеті, психикалық дамуы тежелген балалар келетін білім ордасында логопед, дефектолог ,психолог, емдік дене шынықтыру, жүзу нұсқаушыларымен қоса тіл мамандары күнделікті сабақ өткізіп білімдерін жетілдіріп келеді. Монтессори, сенсорлық,лего, компьютерлік бөлмелермен қатар кинозал, мұражай, сауна, тұзды шахталарда балалардың толыққанды білім алып, ем қабылдауы үшін жабдықталған. 2012 жылы пайдалануға берілген білім ордасының жетікстіктерін көргенде шын сүйсініп, таңқаласың педагогтар ұжымына ақжелеңді абзал жандарға шынайы ризашылығың оянады.
70-ке жуық қызметкерді бір жұдырықтай жұмылдыра білген мекеме басшысы Жанар Изтолеуқызы 20 –дан астам еңбек өтілінде логопед мамандығы бойынша талай балғынның өз қатарластарынан қалмай ортаға бейімделіп кетуіне ықпал еткен білікті маман.
Өз әріптестерімен салыстырған жауапкершілігі мол бұл ортада тәрбиешілерге дұрыс бағыт –бағдар беріп келе жатқан қос әдіскер Қожабергенова Күлпан Батыргалиевна мен Сейіткерім Бибігүл Ерланқызы ойға алған мақсаттарына жетіп келеді. Оған дәлел осы күнде дейінгі балабақша түлектерінің мектеп қабырғасында дені сау балалармен бірге білім алуында. Ән байқаулары мен балабақшалар арасындағы дәстүрлі «жол ережесін сақтау» сайыстарында жүлделі орындардан көрінуі ұжымның тынымсыз еңбегі. Бұл жетістіктерің тек ауызға түскені ғана…
Ауыр жүкті терең түсінетін 38 педагогтың ізденісі өз мамандығына деген ыстық ықыласы бастысы қандай ортада не мақсатпен жүргендігін түсіне білуі ата-ана сенімін орнатып, тәрбиеленушілеріне күш-қуат сыйлауда
25 сәуір күні арнайы қонақ ретінде білім беруді жаңғырту орталығының директорыГ.К Ибраева , «Ақниет» қайырымдылық қоры директорының міндетін атқарушы Б.А.Шаяхметова қатысқан «Мектепке дейінгі балалардың адамгершілік –патриоттық тәрбиесі» кластері аясында қалалық семинар өтті.
Кластер жетекшісі №77 «Құлыншақ» балабақшасының меңгерушісі Н.Г.Юсупова, серіктес балабақшалардың тәрбиешілерімен ата-аналар қатысқан мерейлі күн. «Отбасы мен балабақша ынтымақтастығы –сенімді ұрпақ кепілі» деп алған басқосу ата-ана үшін тың дүниелерге толы болды.Мамандардың балалармен біріккен жұмысын көптің ортасында логопед-мұғалім Бекенова Нүргүл Кеңесовна Логопедиалық «EdupIay»технологиясымен дидактикалық ойындарды ұйымдастыру тақырыбында , танымдық қабілетін дамытуға арналған ойындарда дефектолог мамандар Кокаева Индира Абзабековна, Түйебаева Дана Хажымханқызы шәкірттерімен бірге күнделікті пайдаланатын ойын түрлерін еркін көрсетіп шықты.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға дәсүрлі емес дидактикалық ойындарды ағылшын тілі сабағында қолдануды ағылшын тілі мұғалімі Қуатова Айнұр Есильбаевна, монтессори технологиясы арқылы есеп шығаруды тәрбиеші Жылқыбаева Қырмызы Әскербековна, Фребель технологиясын Жакупбекова Гүлмира Каримовна, ҰОҚ ұлттық ойындарды қолдануды Ағыбетова Рита Есимовна көрсетті. «Мағналы оюлар» технологиясында Оразалықызы Айжан ұлттық өнеріміздің бала дамуына тигізер пайдасы жайлы жеткізді.
Баласының әрқимылы бағып, сұраққа дұрыс жауап бере алғанына қуанған ата-аналармен, келген тәрбиешілерге К.Чуковский «Шыбынбике» музыкалық –театрлық қойылымын көрсеткен балғындардың өнері тосын сый болды. Ән-күй жетекшісі қаншама балғынның талантын аша білген білікті маман Әуезханова Әсем Манановна тәрбиеші Бекеева Ұлбосын Жасанқызымен бірге жиналған көпті таң-тамаша етті.
Өздеріне берілген образдарды еш мүлтіксіз алып шыққан өнерді сүйген өмірді сүйген балапандардың шын өнерінен айналдық….
Қоларбада отырған хор қыздарын ортаға алып шығып дөңгелене билеген ертеңгі елдің атқа мінер ер азаматтарын көргенде көз жасымызға ерік бердік. …Олар шын достықты білетін, әр күннің қадірін түсінетін, жанашырлықтың не екенін көрсете алатын азаматтар болып ер жетеді….
Балабақшаның Әнұранына айналған Әуезханова Әсем Маманқызының әні «Мейірімділік жолын» шырқаған педагогтар өздері әнге қосқандай ашық аспан астында еліне адал ұл-қыз тәрбиелеп келеді. Бұл білім ошағы еш күмәнсіз айтатын — мейірімділіктің ордасы
Балабақша меңгерушісімен ұжымның өлшеусіз еңбегінің нәтижесінде бұл балабақшаның атауындағы «арнайы» деген сөздің алдағы уақытта бөлініп аталмасына сенеміз. Себебі, мүмкіндігі шектеулі көмекке мұқтаж балғындарды өз ортасына көптің арасына еркін жүруге бейімдей алды. Ата-ананың сенімін ұялатып, баласы үшін барлық мүмкіндіктің барлығына көздерін жеткізе білді. Көңілі жарым, жүзі сынық келген аналардың бүгінде жүздері жадырап, үміт оты пайда болған. Осының өзі еңбектің жемісі. Педагогикалық ұжымға, дәрігерлермен меңгерушіге алғыстарын айтуға асыққан аналардың арасында Томарова Айгерім, Нұрмұханбетова Айжан, Богарова Жанар көңілдері толқып тұрып балапандарына қамқорлық көрсетумен қатар білім мен өнерге баулыған ұстаздарына шын жүректен алғыстарын білдірді. Қолына ұстаған баласының мақтау грамоталары ананың жай ғана қуанышы емес, өмірде алған ең үлкен сыйы екені даусыз.Мақтанса мақтауға лайық дүние . Ана мен баланың қуанышына ортақ болғаннан асқан бақыт жоқ шығар….
Әлия Ғалымбекқызы,
Нұр-Сұлтан қаласы, «Білім айнасы»