Бүгін 1 қазан – Халықаралық қарттар күні аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері Ақтау қаласындағы №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының қызмет алушы қарияларын құттықтады.
Аумақтық департамент басшысы Нұргүл Жанназарова өз сөзінде жылы лебіздерін білдіріп, №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Қалиева Күләш Күмісбекқызына Халықаралық қарттар күні мен әлеуметтік қорғау саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғыс хатын табыс етті.
Мерекелік құттықтаулар Мұрат Өскінбаев атындағы облыстық филармониясы шығармашылық ұжымының концертіне жалғасты.
Атап айтқанда, симфониялық ансамбльмен бірге әншілер Екпін Толқынханұлы, Серіжан Масжанов, Камшат Ізтілеуова, Айгерім Құлжарасова, Ақмарал Қосымқызы өз өнерлерін көрермендерге паш етті.
Өз кезегінде орталықтың қариялары атынан Нұржан Досов пен Таисия Богородская мерекелік шарадан алған әсерлерімен бөлісіп, Агенттіктің аумақтық департаменті мен М.Өскінбаев атындағы облыстық филармониясының шығармашылық ұжымына алғыстарын білдірді.
Айта кету керек, Агенттіктің аумақтық департаменті 1 қазан – Халықаралық қарттар күні аясында осындай шараларды 2017 жылдан бері дәстүрлі түрде ұймдастырып келеді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Маңғыстау облысы бойынша департаментінің
баспасөз қызметі