Мақсаты:
1. Мамандық таңдау кезеңінде тұрған оқушыларға бағыт-бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешу.
2. Оларды өз пікірін еркін айтуға, басқаның пікірін сыйлай білуге, жүйелі ойлауға баулу.
3. Оқушылардың қоғамға деген азаматтық позициясын қалыптастырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Кіріспе сөз:
Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға, – деп толымды талант, сөз шебері Мұхтар ағамыз жырлағандай, адамға үміт отын жандыратын ол – арман.
Біз күн сайын «Нағыз өмір» туралы армандаймыз. Егер терең ойлайтын болсақ, шындығында адамға арман керек-ақ, ол бізге бағыт, күш-қуат береді, үмітімізді жалғап отырады. Сол айтпақшы, бүгінгі біздің ашық тәрбие сағатымыз жарқын болашақтың бейнесі – біз армандаған мамандық туралы болмақ. Ендеше, тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
Мына өмірде жүрегіңде, бойыңда ыстық қан барда,
Болмысты да, болмасты да болады деп арманда, – деп, ақын Мұқағали да арман жайлы жырлаған.
— Арман деген не? – деп жігіт қарияға сауал қойған екен. Сол кезде қария:
— Арман дегеніміз ақыл-ойдың шындығы. Құс – ұшсам дейді, бала – өссем дейді, қыз – көрікті болсам дейді, жігіт – жүректі болсам дейді, қарт – жүзге жетсем дейді, ұстаз – шәкіртіме үлгі болсам дейді. Арманға адаспаған жетеді, адасқан жете алмайды. Арманына ақылды жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді, – деп қарт жауап беріпті.
Өнерге өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған сан қырлы талантты ақын Исрайыл ағамыз арманды аққанатты құсқа, мәрмәр мүсінге теңейді. Ал, біздің оқушыларымыздың арман туралы ойлары қандай екен? Осы жерден оқушыларымыздың арман туралы пікірлерін білсек қайтеді?!
Әңгімелесу.
1. Сен болашақ мамандығыңды таңдадың ба?
2. Қандай мамандық таңдайсың?
3. Таңдаған мамандығың жөнінде не білесің?
4. Мамандығыңның өзіндік ерекшелігі?
5. Бұл заман талабына сай ма?
6. Бұл мамандығының еңбек нарығында қажеттілігі.
7. Мамандықты қай оқу орнынан аласың?
«Мен басқаның көзімен – болашақта» тренингі.
Достар, жүрек тұсымызда отырған адаммен жұптасайық. Ол адамның алақанына өз алақаныңды қойып, жанарына тура қара. Алдыңда отырған жанның жақсы қасиеттерін есіңе түсір. Енді көзіңді жұмып, досыңның болашақтағы бейнесін көз алдыңа елестет. Досыңның болашақтағы өмірі қандай, қызметі, мінезі, жеткен жетістіктерін бағала. Енді көзімізді ашып, елестеткен қиялымызды ақ парақ бетіне түсіреміз немесе айтамыз.
Арман деген көп белес –
Біріне шықсаң, бірі бар.
Сергіту сәті: «Жүректен – жүрекке». Шаттық шеңбері
Таңдап алған қағаздардан бүгінгі сабақты белгілі бейне арқылы түйіндеу.
Мысалы:
- Қызыл, сары түсті таңдап алған оқушылар қызғалдақ гүлін жасайды. Гүлді жасап болған соң, өздерінің асқақ арманын жеткізеді: «Ұстаздардан алған біліміміз бен тәрбиеміздің арқасында көздің жауын алатын, жерге, ерге көрік беретін, жұпар иісімен бойыңды сергітетін, жұпар иісі мен бойыңды сергітетін ал қызыл гүл секілді «Отанымызды сүйетін патриот ұлы мен қызы болу.»
- Көк, сары түсті таңдаған оқушылар: Тудың бейнесін жасау. Бұл түсті таңдаған себебіміз көк, сары түс өздеріңіз білетіндей Қазақстан туын бейнелейді. Біздің асқақ арманымыз: «Ұстаздардың еңбектерін ақтап, егемен еліміздің дамыған 50 елдің қатарында болуы үшін тілімізді, дінімізді құрметтей отырып, жақсы білім алып, еліміздің туын биікке көтеруге атсалысу»
- Көк, сары түсті таңдаған оқушылар суда жүзіп бара жатқан желкенді қайықтың суретін жасайды. Біздің асқақ арманымыз: «Мектеп – кеме, білім – теңіз», біз – балалардың білім алуына бағыт беруші желкенбіз. Яғни, болашақта шығармашылықпен жұмыс істей алатын, педагогикалық қызметтің барлық келеңді, келеңсіз жақтарын зерттеп меңгеруге ынталы, өзінің пәнін жетік меңгерген, кез келген педагогикалық жағдаяттарды өзінің білімділігі, парасаттылығы, ақылдылығы, мәдениеті, іскерлігі, шеберлігі арқасында шеше алатын, педагогикалық үрдістің нәтижесін жақсартуға ұмтылатын жаңа формациядағы мұғалім болу.
Тәрбиеші: Абай атамыз: «Ұстазсыз шәкірт – тұл, шәкіртсіз ұстаз – тұл» деп, адам баласының кісі болып қалыптасуы көбінесе ұстазға байланысты екенін ерекше атап айтады. Ұстаз ата-анаға қарағанда балаға қамқорлықты анағұрлым арттыра түсіп, білім беру, тәрбиелеу ісіне арнайы күш-жігерін, уақытын бөліп, шәкіртіне бар білгенін, өнерін үйретіп, тәрбиелейді.
Ғылым иесі ғалым да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуіріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көккүмбезінен әрі өткен ғарышкер де – бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздар, Сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді!
Топпен ән айту. Сөзі: А.Дүйсенбінікі, әні: Ұ.Жолдасовтікі.
Ән «Арман жолдар».
Тәрбиеші: Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Тәрбиеші: Талмасын қанат, сөнбесін үміт,
Армандар алға жалғансын.
Соқса да дауыл, өрт болып өмір,
Қанаттар балғын талмасын.
Ән «Ұстазым», орындайтын Н.Тасанов.
Қорытынды:
«Адам болып қалу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға» деп заманымыздың заңғар ақыны Мұхтар Шаханов айтпақшы, артына үлгілі із қалдыру үшін адамға алдымен ойлы мақсат пен үлкен арман керек. Көзімізді жұмып, тыныштықта бүгінгі тәрбие сағатымызды есімізге түсірейік. Бүгінгі тәрбие сағатымыздан алған әсерімізді жүрегімізге орнатайық. Әрдайым жақсыны көруге, жақсыны естуге, жақсыны айтуға үйренейік. Айналамыздағы адамдарға, жан-жануарларға, құстарға риясыз жақсылық жасайық, ешкімге, еш уақытта қиянат жасамайық!
Мейрамгүл Жеңісқызы,
М.Өтемісұлы атындағы облыстық сауықтыру
мектеп-интернатының тәрбиешісі,
БҚО, Орал қаласы