Жақсы қартайса, жазып қойған хатпен тең.
Халық даналығы
Қаңтар айының 18-ші жұлдызында Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік метебінің жатақханасында тұратын оқушыларына арналған тәлімі терең, ғибраты мол тағылыми кеш өтті. Кештің атауы «Қазақтың Қанышын әлімге танытқан …» деген айдармен айшықталды. Әрине, Қаныш Сәтпаевты танымайтын қазақ жоқ, бірақ әлем мойындаған академикті зерделеп, ғалымның нақ бейнесін күллі әлемге мәшһүр еткен Семейлік ұлы жазушыны біреу білсе, біреудің білмесі хақ. Олай болса, жасы сексеннің сеңгірінен асқанына қарамастан, өскелең ұрпаққа бір ауыз болса да ақыл-аманатын, өмірден түйген сабақтарын айту үшін келген, қазіргі күннің данышпан жазушыларының бірі Медеу Сапаұлы Сәрсекемен болған кездесуден түйген ойымды ортаға салмақпын.
«Дос» театр үйірмесінің қойылымынан көрініс
Кездесу кеші мектебіміздің оқушыларынан құралған «Дос» театр үйірмесінің «Жас жазушы мен ғалымның жары Таисия Алексеевнаның танысуы» атты қойылымымен басталды. Қойылымның өзінен-ақ, Таисия Алексеевнаның жас Медеуге айтқан ақылы жаныңды шымырлатып жібереді: «Сен Қанекемді зерттеп қайтесің? Сен жассың, барлық өмірің алда. Қанекемнің жүріп өткен жолын, өмірін жазу өте ауыр болады. Менің сөзіме құлақ асар болсаң, ойыңнан қайт. Басқа тақырып тап, кейіпкеріңді өзгерт» — дейді. Осындай тұлғалардың өмірлерінен үзік сәтті көрсеткен оқушыларға алғыс, ал театр үйірмесінің жетекшісі Дастан Советұлына тек осындай рухани құнды дүниелерді көбірек қоюына тілектестік білдіреміз.
Мені ең бірінші таң қалдырған дүние – Медеу Сапаұлының инженер-металлург мамандығын өте жақсы бағамен тәмамдап, еңбек жолын сол саламен бастап, бірақ жазушылықты өмірлік серік еткендігі. Өз сөзінде Медеу Сәрсеке: «Мен қиялшыл болдым. Ең биік қиялым – қазақтың екінші Сәтпаевы болғым келді. Бірақ бұл қиялымның орындалмайтынына көзім жеткенде, мен Өзімді табуға бел будым. Себебі, Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Ермековтер секілді Қ.Сәтпаев та – қайталанбайтын Тау тұлға. Ол – біреу ғана. «Бір ғасырда бір рет қана туады» дейді, мен айтамын тумайды» — деп кесіп айтты. Сондықтан, ешкімге ұқсамайтын өзінің тұлғасын жасауды қолға алған. Сөйтіп, жазушы өзінің фантазиясынан туындаған «Ғажайып сәуле», «От және атом», «Көрінбестің көлеңкесі», «Жарылыс» секілді жаңа ғылыми-фантастикалық жанрдағы шығармаларға ден қояды. Туған жері Абыралының топырағынан дарыған қасиет, бәлкім, қазақ баласының ойын жаулап, бойын баурап алатын шығармаларының жатық тілі болар, әйтеуір, Медеу Сәрсекенің тағдыр жолы оны қазақтың талай марғасқаларымен табыстырған екен.
Екіншіден, Медеу Сәрсекенің тағы бір ерекше қасиеті – әңгіме арқылы қазақтың тарихын, тарихи тұлғаларын сенің көз алдыңа саф қалпында алып келуінде деп түйдім. Аңыз адамдармен болған кездесулерін, сұхбаттарын әңгімелегенде қазақ тарихын оқығаның былай тұрсын, дәл сол дәуірді сол сәтте өзің сүріп жатқандай күй кешесің. Жазушы: «Жазушылықтағы өмірлік қағидам мынау: менің шығармаларым өз оқырманын танауын тескен тайлақтай сүйретіп отыру керек. Яғни, оқырман менің кітабымнан басын көтере алмай қалу керек деген мақсат қоямын» — дейді. Мен де сондай сезімде болдым. Нақтылық үшін бір мысал келтірейін. Сұхбат барысында жазушы Қаныш Сәтпаевты зерттеуге ұсыныстық тілегін білдіріп, зор сеніммен аманат жүктеген Қазақстан ҒА-ның академигі, этнограф, ғалым – Әлкей Марғұлан екенін айтты.
«Бұл 1963 жыл болатын. Әлекең мені Семейден қызметте жүрген жерімнен ғылым академиясына шақыртып алып, тапсырма берді. Мен жаспын, әлі алды-артымды танып үлгермеген кезім. Әлекеңнің алдына барғанымда менің «Ғажайып сәулем» мен «Көрінбестің көлеңкесін» қолына ұстап тұрып, айырықша алғысы мен ағалық тілегін білдірді. Сөйтті де, «сен қарғаш, Қаныш Имантайұлын зерттеп жазсаңшы» — деді. Ол кез жазушылығыма деген сенімімнен күдігім көп кез-тұғын. Мен: «Менің қолымнан бұл іс келмейді. Мен қияли жанрда ғана жазамын. Тарихи-биографиялық туынды менің тақырыбым емес» — деп, ат тонымды ала қаштым. Сол сәтте Әлекең: «Міне, қазақ деген осы. Бір нәрсені сеніп тапсырайын десең, кертартпалықтары ұстап, кекжиіп қалады. Қолдарыңнан келетін шаруаны істегілерің келмейді. Еріншексіңдер. Сенің жазушылық қарым-қабілетіңді көргеннен кейін, сен жайында Ебіней Бөкетовтың өзі жақсы пікірде болғасын, осынау бір зор тұлғаны аманаттап тұрған жайым бар». Мен басымды түсіріп, маған ойлануға мұрсат беруін сұрадым. Әлекең, «жарайды бір-екі күн ойлан, бірақ маған жоқ деген жауабыңмен келме» — деп бірақ қайырды. Мен: «Олай болса, мені Қаныш Сәтпаевқа алып барыңыз, мен ол кісінің жүзін көруім керек, сұрақтар қоюым керек» дедім. Сонда Әлекең: «Қайдағы сұрақ? Сен ол кісіні білмейсің де. Ал танымайтын адамға қандай сұрақ қоясың? Сондықтан, саған ең алғашқы тапсырмам Қ.Сәтпаев туралы іздестіріп кел. Баянауыл жаққа барсаң, біраз ақпарат табарың анық» — деп, маған батасын беріп шығарып салды. Жарты жылдың айналасында 150 беттей мағлұмат жинап, енді ғалыммен кездесемін деп жүргенде, бір күні радиодан Қ.Сәтпаев қайтыс болыпты деген суық хабар естідім. Жарты жылдай зерттеген, қазақтың маңдайына біткен ғұлама ғалымы, басты кейіпкерімнің дүние салуы мені қатты толғандырды. Мен, Қанышты зерттеген сайын, оның түбі жоқ терең теңіз екеніне көзім жете түсті. Жанұясын зерттеп, туыстарының адам айтқысыз азапты өмір сүргеніне куә болдым. Қанышты жарыққа шығару – өте соқпақты жұмыс болды. Оған себеп – сол кездегі саяси көзқарастың солақайлығы және адам баласының іштарлығы, көреалмаушылығы. Алашқа, қазаққа қызмет қылған жандар әрқашан қысымшылықта болды. Осылайша, Әлкей Марғұланның «Сәтпаев турасындағы» аманаты – менің өмірлік зерттеу тақырыбыма айналды. Мұны мен өзімше бүкіл қазақтың маған артқан аманаты деп түйдім. Әлекеңнің не себепті тез арада Сәтпаевты зертте дегенін түсіндім. Қазақтың нар тұлғасының аты өзімен бірге өлмесе екен деген ниет, шын жанашырлық сезім екен. Ұлы адамдардың бір-біріне деген кіршіксіз пейілі маған өмірлік сабақ болды».
Қадірменді қонақпен естелік сурет
Жазушының тағы бір ерекшелігі, қазақтың нағыз біртуар, аптал азаматтарын қалың көпшілікке айырықша етіп паш етуінде. Нақты айтар болсақ, Ебіней Бүкетов, Ермұхан Бекмаханов («Ноқталанған тарихшы») туралы романдары жоғарыдағы ойымның айқын мысалдары. Оқушылардың: «Өкінішіңіз бар ма?» деген сауалына Медеу Сапаұлы «бар» деп жауап берді. «Менің өкінішім – Әлімхан Ермеков жайлы барлық материалдар қолымда бола тұра, ол жайында қалам тартпағаным. Қолымдағы бар жиғанымды басқа бір адамға жазуға бергенім үшін қатты өкінем…
Сондықтан, айналайын шырақтарым, өздерің жақсы көретін істі, өз қолдарыңнан жасай алатын дүниені өзгеге тапсырмай, өздерің істеңдер» — деп, кейін өкінбеу үшін уақытында дұрыс шешім қабылдау керектігін көкірегі ояу жанның санасы дәл жеткізіп берді.
Кездесу кеші барысында мектебіміздің оқушылары даярлаған концерттік номерлері қойылмай қалды. Себебі, қазыналы қарияның аузынан шыққан әрбір жақұт сөзінің құны өсемін, өнемін деген әрбір жас өрен үшін алтыннан да қымбат еді. Сөз соңында, кешіміздің қадірлі қонағы келесі өсиетті сөздерін отырған көпшілікке арнады.
«Құрметті Зияткерлік мектептің шәкірттері, ертеңгі қазақтың бақытты болашағы сіздердің қолдарыңызда, сондықтан менің ақ-тілегім әрі сіздерге берген батам, әрі аманатым деп біліңіздер:
- Ең алдымен, ата-аналарыңның үмітін ақтаңдар. Одан кейін мұғалімдеріңнің сенімін ақтаңдар. Ата-анасының, ұстазының үмітін ақтаған адам ғана елдің үмітін ақтайды.
- Менің жаным Абайды, Әуезовты оқып рахат табады. Көңілсіз, шаршаған сәттерім болса, төсегімнің басында осы данышпандардың кітаптары тұрады. Оқимын да, рахаттанамын. Кітап оқып жандарыңа рахат сыйлаңдар. Ерінбеңдер. Кітап оқу – табандылыққа үйретеді, ол – зор интеллектуалдық еңбек.
- Е. Бекмахановтың түбіне қызғаншақтық жетті. Іші тар адамдардан сақтаныңдар. Оларға сырларыңды ашпаңдар. Кең болыңдар.
- Әлімхан Ермековпен 1962 жылы Көкшетаудың Оқжетпесінде кездескенде, маған мынаны айтты: «Қарғаш, Қаныш өте ақылды адам. Ол өзінің таңдаған жолына, ғылымына адал болды. Менің өкінішім сол, мен ғылымға икемім бола тұра, саясатты таңдадым. Алаштың көксеген арманына жете алмадық және өз бостандығымның да 19 жылын жоғалттым. Егер ғылым жолына түскенде, қазақтың математика ғылымына үлес қосқан болар едім» — деді. Сондықтан, құрметті жас толқын, жаныңыз сүйген іске адал, табанды, әрі берік болыңыздар».
Ойымды жинақтай келе, осындай мағыналы кездесулер көп болса деп түйдім. Себебі, кездесуден оқушылардың алған әсері соншалық, бір жарым сағат ғибратты дүниелерімен бөліскен Медеу Сапаұлына «тағы айтыңызшы, әлі тыңдай түсуге дайынбыз» деген пиғылдағы ықылас-ниеттер білдіріліп жатты. Мен де Алашымыздың ордасында тұратын, Алаштың арыстарын ардақтай білген ақтаңгер жазушымызбен кездесуден ғаламат әсер алдым. Алып тұлғаның қанатты сөздері бойыма жаңа күш пен шабыт берді. Осы орайда, тағылымы зор кездесуді ұйымдастырған мектебіміздің жатақхана ұжымына алғыс айта отырып, осындай салиқалы кештердің көп болуын және өзіндік сара жолы бар дара тұлғалармен болар сұхбаттарыңыз арта берсін деген тілек білдіремін.
Жазушы ғалымнан өзімнің зерттеп жүрген кейіпкерім жайлы да бір-екі сұраққа жауап алдым. Медеу Сапаұлы — тұнып тұрған «Тірі шежіре» екеніне көзіміз жетіп, көңіліміз тәнті болды. Өскелең ұрпақтың аға ұрпаққа қояр сұрақтары мен сауалдары әлі көп. Жаратушы ием Сіздердей қазақтың бағына біткен дара тұлғаларына ұзақ ғұмыр, зор денсаулық нәсіп етсін.
Нартай Советханұлы Шолтық,
Семей қаласындағы ФМБ НЗМ математика пәні мұғалімі.