Жыл басынан бері Маңғыстау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің 120 қызметкерінің 111 тәртіптік жауапкершілікке, қалған 9 әкімшілік жазаға тартылған. Былтыр түрлі жауапкершілікке тартылғандар саны – 148 болатын, нәтижесінде департаменттің әрбір төртінші қызметкері жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 105-сі немесе 70% астамы басшылық құрамның лауазымды тұлғалары. Бұл туралы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша өткен басқосуда айтылды.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен шараға қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары, «Нұр Отан» партиясы, үкіметтік емес ұйымдар, арнайы мониторингтік топ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік топ мүшелері және мемлекеттік кірістер департаментінің жеке құрамы қатысты.
Отырыста сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына жолдауында азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат жөніндегі мәселелерге тоқталғанын айтты.
Жолдауда мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыруға бағытталғанын айтып, «Сапа» – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуға және жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс деді.
Бұл арқылы тұрақты кері байланыс орнығып, мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелері қызу талқыланып, жұртшылыққа түсіндірілетіндігі атап өтілді. Сондай-ақ, жолдауда сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатындығы назарға берілді.
Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарова өз баяндамасында кірістер департаменті қызметкерлері тарапынан Әдеп нормаларының сақталмауы жиі орын алып отырғандығын және тәртіптік жауапқа тартылғандар санының артқанын алға тартты. Әсіресе ұсақ бұзақылық жасау, үш қызметкердің көлiк құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйінде басқару немесе құжатсыз көлікке отыру, жол-көлік оқиғасын жасап өз міндеттерін заң алдында орындамау сияқты қылықтармен көзге түскен. Сондай-ақ, кірістер департаментінің басшылығы өз міндетін адал орындаған қызметкеріне заңды түрде сыйақы бермей, керісінше бұрын жазаға тартылған қызметкерге сыйақы берген деректер анықталған.
Мәселен, мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу бойынша «Темір-баба» кеден бекетінің жетекші маманы Д.Абдрамановтың өзіне қатысты сыйақы берілмегені жөнінде шағымы расталды. Аумақтық департаменттің ұсынысына сәйкес, мемлекеттік қызметшіге 102 000 теңге көлемінде сыйақы өндіріліп, өтініш берушінің құқығы қорғалды.
Ал, керісінше облыстық кірістер департаментінде жүргізілген ішінара тексеру кезінде қызметші Ж.Тобылбаевқа тәртіптік жаза қолданылғанына қарамастан, 50 000 теңге заңсыз сыйақы берілгені анықталды. Агенттіктің аумақтық департаменті тарапынан ұсыныс енгізіліп, заңсыз сыйақы мемлекет бюджетіне кері қайтарылды.
«Жалпы алғанда кірістер департаментінің қызметкерлері 56 — ескерту, 27 — сөгіс, 5 — қатаң сөгіс, 12 — қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту, 2 — қызметінен төмендету, 2 — қызметінен босатылған. Сонымен қатар 5 мемлекеттік қызметші, атап айтқанда Т.Касенов, К.Олжабаев, К.Шамуратов, А.Сидалиев, Н.Өмірсерік «теріс» себептермен қызметтен босатылған. Мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімдерін немесе тәртібін бұзғаны үшін кірістер департаментінің кедендік бақылау басқармасының 2 қызметкеріне 72150 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған», — деді департамент басшысы Н.Жанназарова.
Әдеп кодексінің нормаларын сақтау бойынша да талаптар ақсап тұр. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан өздерінің әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында ойын-сауық орындарда, атап айтқанда кафелерде, демалыс орындарында спирттік ішімдікпен түскен суреттерін орналастыру арқылы департаменттің 5 қызметкері мемлекеттік қызметшілердің оң имиджіне кері әсерін тигізген.
Бұл өз кезегінде аталмыш ұжымда моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйі дұрыс қалыптаспағаны, мемлекеттік қызметшілер тарапынан моральдық-әдептілік нормаларының сақталу деңгейінің және әр мемлекеттік қызметшінің жауапкершілікті сезінуінің төмендігін байқатады.
Аталған мәселелер облыстық кірістер департаменті басшылығы тарапынан Қазақстан Республикасы заңнамалары талаптарының мемлекеттік қызметшілерінің орындауына бақылау жасамауынан туындайды.
Сөз соңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша депратаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова, облыстық кірістер департаментінің персоналды басқару және заң басқармасының жауапты қызметкерлерін қайта даярлау немесе біліктілігін арттыру курстарынан, өзіндік оқу тағылымдамаларынан өткізу сияқты кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтіп, мемлекеттік орган басшыларын сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарды үлкен жауапкершілкпен атқаруға шақырды.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы Елдос Сағиевтың айтуынша, өткен 2017 жылмен үстіміздегі жылдың 9 айында 266 қылмыс тіркелген, оның 211 немесе 80% сыбайлас жемқорлықпен тікелей байланысты. Мемлекетке келтірілген 960 млн. теңге шығын қайта өндірілген. Есептік кезеңде 92 тұлға жауапкершілікке тартылған. Айыптау қорытындысымен сотқа 183 қылмыстық істер жолданған. Ең көп қылмыстар саны жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу, әлеуметтік қорғау және қорғау, тұрғын-үй шаруашылық, білім және құрылыс салаларында орын алған.
Отырысты қорытындылаған өңір басшысы Ералы Тоғжанов Елбасының жолдауында айтылған бірқатар нақты тапсырмалардың өңірде орындалуы тікелей өзінің бақылауында болатындығын ескертті. Ал сыбайлас жемқорлықпен күрес бір сәтке де тоқтамайтынын және профилактикалық шараларды әлі де күшейту қажет деген әкім, аталған мәселелер барлық мемлекеттік органдарға қатысты екендігін айтып, ведомства басшыларына тапсырмалар жүктеді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша
департаментінің баспасөз қызметі
8 (7292) 30-30-48.
Е-mail: dadgsipkrk@bk.ru