ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен облыстық Қоғамдық кеңестер мүшелерінің бірінші съезі болып өтті. Жиынға Қоғамдық кеңестердің төрағалары мен мүшелері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызмет ардагерлері, қоғамдық және этномәдени бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кең көлемде қатысты.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің төрайымы Нұргүл Алмасқызы Жанназарованың айтуынша, съезд мақсаты – мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы «нөлдік төзімділікті» қалыптастыруда қоғамдық кеңестердің әлеуетін кең көлемде пайдалану мәселелерін талқылау.
Агенттіктің аумақтық департаменті тарапынан түрлі еңбек ұжымдарында, оқу орындарында, әлеуметтік қорғау саласында, құқық қорғау органдарында, қызмет көрсету орталықтарында, кәсіпкерлер, басқа да мақсатты топтар арасында заманауи сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын түсіндіру бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қоғам өкілдерінің белсенді атсалысуымен аумақтық департамент жанынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік және арнайы мониторинг топтары құрылып, жылдың басынан бері денсаулық сақтау, арнайы орта білім және темір жол көлігі саласында қоғамдық мониторинг жүргізілді. Тұрғындарға арыз-шағым түсіруді қолжетімді ету мақсатында арнайы 8707 170 1424 шұғыл желісі ашылып, әлеуметтік желілердегі аккаунттар ашылды.
Аумақтық департамент басшысының айтуынша, Қоғамдық кеңестердің құрамында беделді, мемлекеттік қызмет, қоғамдық жұмыс, өндіріс саласында тәжірибелері бар қоғам қайраткерлері бар. Сол себептен, тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын көтеру және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мақсатында, Қоғамдық кеңес мүшелері және ардагерлермен бірлесіп жұмыс жасау қажеттігін баса айтты.
Бұдан басқа, жуырда «Қазақстан Темір Жолы» АҚ облыстық бөлімшесінде арнайы мониторинг тобымен жүргізілген қоғамдық бақылау жұмыстары темір жол көлігі саласында біршама мәселелердің бетін ашып берді. Әсіресе жолсеріктердің билетсіз жолаушыларды 25.000 теңгеге дейін көлемдегі ақыға пойызға отырғызуы, техникалық қызметкерлердің жолаушылар мен жолсеріктер арасында байланыстырушы делдал қызметін атқарып жүргендігін, вагондардың элементарлық санитарлық-гигиеналық жағдайының төмендігі қоғам өкілдерінің назарына ілікті. Жалпы мониторинг тобының мақсаты тек қана кемшіліктерді анықтау ғана емес, сонымен бірге қоғамдық сананы қозғау арқылы ең өзекті әрі өткір деген мәселелерге биліктің назарын аудару.
Жиын барысында қозғалған тақырыптың бірі — әлеуметтік желілерде қоғам белсенділері немесе блогерлер тарапынан мемлекеттік органдарға, әсіресе аудан, ауыл әкімдіктеріне қатысты сыни пікірлердің көп жазылуы. Әсіресе, аталмыш Түпқараған ауданына қатысты жұртшылықты дүрліктірген сыни көзқарастағы материалдар желіні толтыруда. Демек, жергілікті әкімдіктер резонанс тудыруға жол бермей, тұрғындардың арыз-шағымдарына дер кезінде әрі сапалы жауабын беріп, мәселелерін шешуге бар күшін салулары қажеттігі айтылды. Бұл ретте, сөз алған Түпқараған аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Демеген Садықовтың сыбайлас жемқорлық деректерін алдын-алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстары төңірегінде жасаған баяндамасына көпшіліктің көңілі толмады.
Қоғамдық кеңестегі сұхбат алаңында факторлы балдық шкала негізіндегі мемлекеттік қызметшілерге еңбек ақы төлеудің жаңа жүйесі де сөз болды. Аумақтық департамент басшысының айтуынша, пилоттық жүйе енгізілгелі жылдың басынан бері мемлекеттік қызметке деген тұрғындардың көзқарасы анағұрлым өзгерді.
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Табылды Әміров өзінің баяндамасында, Мұнайлы ауданы бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Атап айтқанда «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» акциясы, «Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу шаралары» тақырыбында дөңгелек үстел, «Жемқорлықпен күрес – отбасы тәрбиесінен басталса игі» атты кеңес, «Жемқорлық індет – онымен күресу міндет» атты стендттер жасақталып, «Қоғамдық тәртіп негіздері» атты тақырыпта 9-11 сынып оқушылары арасында пікірталас, «Әдептілік-адамгершілік белгісі», «Ар-ұят, абырой, жауапкершілік қасиет», «Жемқорлықсыз әлем», «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» тақырыбында флешмобтар өткізілген.
Сонымен қатар «Парақорлық — балалар арманын ұрлау» және «Жемқорлықты ауыр нокаутқа жібер» атты буклеттер, «Парасыз қоғам-ұлт болашағы» атты Асанәлі Әшімов, «Еліміздің өркендеуі адал және сатылмайтын азаматтардың қолында» атты Роза Рымбаева, «Адалдық пен сатылмайтындық Атамекенге деген сүйіспеншіліктің белгісі» атты Ескендір Хасанғалиев бейнеленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы үндейтін плакаттар ілініп, ақпараттық парақшаларды таратылған. Сондай-ақ, «Құқықтық сауаттылық — заман талабы» тақырыбында тренинг өткізілген.
Ал Қоғамдық және Әдеп жөніндегі кеңестердің мүшесі Қайролла Ережепов болса, Әдеп жөніндегі кеңесте қаралатын мәселелердің Қоғамдық кеңестің қызметімен бірге ұштасатынын атап өтті. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының қорғалуына үлкен мән берілгендігін атап өтті.
Әдеп кеңесі жазалаушы орган емес, керісінше мемлекеттік қызметшілердің тәртібіне бақылау жүргізеді, соның ішінде жас мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғауға бағытталған ұйым екендігін еске салды.
Жиынды қорытындылай келе, департамент басшысы Нұргүл Жанназарова Қоғамдық кеңес мүшелері, ардагер ағалар, ақ жаулықты аналармен тұрақты түрде бейресми форматта кездесулер өткізіп, қоғамда болып жатқан түрлі жайттар, әсіресе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру, мемлекеттік қызметшілердің әдеп ережелерін сақтауына қатысты мәселелерді талқылап, бірлесіп ортақ пікірге келу қажет деген ұсыныс тастап, қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қолдауға ие болды.
«Отан отбасынан басталады» демекші, әрбір үйде сыбайлас жемқорлық дертінің зияны туралы әңгіме жиі айтылуы керек, тек сонда ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша
департаментінің баспасөз қызметі