Home » Бастауыш » Маңғыстау: Жоғары сынып оқушыларының 70% үшінші тоқсанды мектепте оқиды

Маңғыстау: Жоғары сынып оқушыларының 70% үшінші тоқсанды мектепте оқиды

Маңғыстау облысындағы 9-11-ші сынып оқушыларының 70 пайызы үшінші тоқсанда мектепке барып білім алады. Яғни, дәстүрлі оқуға оралады. Қалған 30 проценті қашықтан оқуды жалғастырады. Бұл жайлы арнайы брифингте осы өңірдің Санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті. Оның айтуынша, барлық мектепте санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталып, медициналық пункттер күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады. Білім ордалары санитайзер, тепловизор, бактероцидтік лампалармен және өзге де қажетті құрылғылармен қамтамасыз етілген.

Бұдан бөлек, ата-аналардың өтінішімен 1-5-ші сыныпқа дейін кезекші сыныптар ашылады. Олардағы балалар саны 15-тен аспауы тиіс. Осылайша,  78 мыңғы жуық оқушы дәстүрлі оқыту форматына көшіріледі. Білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат беріледі. Бірақ, мектептерде балаларға және қызметкерлерге арналған бұқаралық мәдени-спорттық шаралар, жиналыстар мен педкеңестер өткізілмейді.

Маңғыстау облыстық Білім басқармасының басшысы Гүлмира Мамаева жоғарыдағы шешімдерді қабылдауға бірнеше себеп түрткі болғанын жеткізді. Мәселен, оқу жылының соңында мектеп бітіруші түлектер үшін қорытынды аттестаттау болады. Олар Жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ-ға тыңғылықты дайындалулары керек. Ал бастауыш сынып оқушылары оқу бағдарламаларын сапалы меңгерулері тиіс.

«Ал техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында 1-курс студенттері II семестрден бастап аралас форматқа көшіріледі.  Атап айтқанда, дәрістер мен семинарлар – онлайн, ал зертханалық және практикалық сабақтар санитарлық режимді сақтай отырып күндізгі форматта ұйымдастырылады. Сабақтар  сыйымдылығы 50 пайыздан аспайтын аудиторияларда өткізіледі. Ұзақтығы — 45 минут»,- деді Гүлмира Мамаева.

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.